Денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру және емдеу мекемелерін білікті мамандармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Ағымдағы 2026 жылы Атырау жоғары медициналық колледжін 540 жас маман сәтті тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Биылғы түлектер денсаулық сақтау жүйесінің ең қажетті әрі сұранысқа ие бағыттары бойынша даярланды.
Атап айтқанда, мейіргер ісі мамандығын 226 түлек, емдеу ісін 165 түлек, стоматология бағытын 70 түлек, акушерлік істі 41 түлек және фармация саласын 38 жас маман аяқтады. Олардың ішінде өзінің ерекше ынтасымен, терең білімімен көзге түскен 11 түлек оқу орнын «Үздік дипломмен» бітіріп, мақтанышымызға айналды.
Білім ордасын аяқтаған жас мамандарды қолдау және оларды жұмыс орындарымен қамту мәселесі басты назарда тұр. Осы ретте, биылғы түлектердің 90 пайызы қазірдің өзінде тұрақты жұмыспен қамтылып, емдеу-алдын алу мекемелерінде халыққа қызмет етуді бастап кетті. Бұл көрсеткіш өңірдегі кадр тапшылығын жоюға және медициналық көмек көрсету сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізері сөзсіз.
Халық саулығы жолында аянбай еңбек ететін білікті мамандарды даярлаған ұстаздар қауымына алғыс айта отырып, барша жас мамандарға еңбек жолында сәттілік, қажымас қайрат пен кәсіби табыстар тілейміз.
Амандық АБДОЛ


