Атырау тарихын зерттеген академик

Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінде көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик, Атырау облысының Құрметті азаматы Хисмет Бозанұлы Табылдиевтің туғанына 90 жыл толуына арналған «Академик Х.Б. Табылдиев және отандық тарих ғылымы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мерейтойлық жиын аясында ғалымның ғылыми мұрасына арналған екі жаңа кітаптың тұсауы кесілді.

image 7

Хисмет Бозанұлының есімі Атырау университетінің тарихымен де, өңірдің тарихи шежіресімен де тығыз байланысты. 1936 жылы 8 қыркүйекте қазіргі Атырау облысының Бесікті ауылында дүниеге келген ғалым еңбек жолын ұстаздықтан бастады. Гурьев педагогикалық институтында оқытушы, аға оқытушы, доцент, факультет деканы, проректор қызметтерін атқарып, 1991 жылы оқу орнының басшылығына келді. Кейін Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тұңғыш ректор-координаторы болды.

image 8

Конференцияда академиктің осы еңбегінің мәні кеңінен сөз болды. Жиынды университеттің Басқарма төрағасы – ректор Саламат Идрисов ашып, ғалымның оқу орнының қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесін атап өтті. Мерейтой аясында Хисмет Бозанұлының отандық тарих ғылымына, жоғары білім саласына және туған өлке тарихын зерттеуге сіңірген еңбегі ерекше құрметпен аталды. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері ізгі тілектерін жолдады.

Ғылыми жиын барысында Қазақстан мен шетелдік зерттеушілер академиктің ғылыми мұрасы мен отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Болат Жұмағұлов, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамиға Таңатарова, Сумгаит мемлекеттік университетінің доценті Юсифали Хасанов, университеттің Құрметті профессоры Альберт Бурханов, профессорлар Лесқали Бердіғожин мен Аққали Ахмет және өзге де зерттеушілер баяндама жасады.

image 9

Академиктің әріптестері мен шәкірттері де оның адамдық болмысы мен ұстаздық еңбегін еске алды. Профессор Аманкелді Шамғонов Хисмет Табылдиевті Атырау өлкетанушыларының ұстазы ретінде атап өтсе, профессор, тарих ғылымдарының докторы Алдар Сарсенов ғалымның университетті басқарған кезеңіне тоқталды.

Конференцияның мазмұнын толықтырған маңызды оқиғаның бірі – академиктің ғылыми мұрасына арналған екі кітаптың жарық көруі.

image 10

Алғашқысы – тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Л.Бердіғожин, Қазақстан және дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі, магистр, аға оқытушы Д. Алипова және тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Жамбылов авторлық еткен «Хисмет Бозанұлы Табылдиев: тарихшы ғалым тұлғасы» атты монография. Ал  екінші еңбек – «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Атырау облысы. Деректер жинағы».

Деректер жинағының ерекшелігі – оның академик Хисмет Табылдиевтің жеке мұрағатында сақталған құжаттар негізінде әзірленуі. Құжаттар соғыс жылдарындағы Атырау облысының қоғамдық өмірі мен тарихи ахуалын нақты деректер арқылы зерделеуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, басылым өңір тарихын дерек негізінде зерттеу үшін құнды еңбек болмақ.

Екі кітаптың жарық көруі академиктің ғылыми мұрасын жинақтап, жүйелеумен қатар, бұрын жеке мұрағатта сақталған тарихи материалдарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік берді. Бұл – ғалым еңбегінің бүгінгі зерттеулермен сабақтасып, кейінгі буынға жетуінің бір жолы.

image 11

Конференция соңында Хисмет Бозанұлының ұлы Бейбіт Хисметұлы әкесінің өмірі мен ғылыми жолына қатысты естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ академик атындағы атаулы шәкіртақы университеттің «Тарих» фокультетінің студентіне табысталды.

Хисмет Табылдиевтің ғалымдық ғұмыры Атырау тарихын зерттеумен ғана шектелмей, осы бағытта еңбек ететін тұтас буынның қалыптасуына ықпал етті. Бүгінде оның еңбектері, шәкірттері және жеке мұрағатынан ғылыми айналымға енген деректер сол ғылыми дәстүрдің жалғасын көрсетіп отыр.

Ботагөз ИСАТАЙ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT