Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерінің Атырау облысына сапары облыстық Махамбет атындағы қазақ драма театрында жұртшылық өкілдерімен ашық диалогтан басталды. Атыраулықтардың пікірінше, конституциялық өзгерістер әлеуметтік кепілдіктерді күшейтіп, адам құқықтарын қорғауды нығайтуы және мұнай-газ өңірінің тұрақты дамуына берік негіз қалыптастыруы тиіс.
Бүгінде Қазақстанда өндірілетін әрбір 10 баррель мұнайдың 6 баррелі дәл осы өңірде өндіріледі. Мұнда күн сайын ондаған мың маман талмай еңбек етіп, ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосуда. Сонымен қатар Атырау – тек индустриялық орталық қана емес, бай мәдениеті әрі өзіндік терең тарихы бар киелі мекен. Бұл өлке елге көптеген көрнекті тұлғаларды сыйлады. Бұл қатарда Махамбет Өтемісұлы мен Құрманғазы Сағырбайұлы, Фариза Оңғарсынова мен Хиуаз Доспанова, Жұмекен Нәжімеденов және Сафи Өтебаев бар. Олардың есімдері ұлттық мәдени бірегейліктің ажырамас бөлігіне айналды.
Мәжіліс төрағасы, Коалиция жетекшісі Ерлан Қошанов атап өткендей, жаңа Конституция өткен мен бүгінді сабақтастырып, болашаққа бастар бағытымызды айқындайды. Преамбуланың өзінде-ақ байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайту туралы ереже – тарихи сабақтастықты айқын көрсетеді. Сондай-ақ Ерлан Қошанов жаңа Ата заң елдің ұзақ мерзімді әрі түсінікті даму қағидаларын қалыптастыратынын, онда адами капиталға, инновацияларға, білім мен ғылымға басымдық берілетініне назар аударды.
Коалиция өкілдері жаңа Ата заңның жобасы соңғы жылдары қоғам тарапынан арта түскен әділдік, заңның үстемдігі және тең мүмкіндіктер сынды сұраныстарға жауап ретінде әзірленгенін атап өтті. Бұл қағидаттар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған саяси реформалардың негізіне айналып, жаңа конституциялық нормаларда нақты көрініс тапты. Осылайша, Әділетті әрі Өркендеген Қазақстанды қалыптастыру бағыты жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Талқылау барысында өңір тұрғындары адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға ерекше назар аударды. Өйткені, Конституция жобасында олар мемлекеттің ең жоғары басымдығы ретінде қарастырылған. Мұнайлы өңір халқы үшін еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерді қорғаудың құқықтық механизмдерін нығайту ерекше маңызды.
Экология тақырыбында да салмақты әңгіме өрбіді. Жергілікті жұртшылық Конституцияда қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мен тұрақты даму қағидаттарын бекітудің маңызды екеніне тоқталды. Бұл ереже мұнай-газ саласы дамыған өңір – Атырау облысы үшін өте өзекті, мұнда соның ішінде Каспий теңізінің тартылуына байланысты сын-қатерлер ерекше сезіледі. Экологиялық қауіпсіздік, табиғи ресурстарды қорғау және адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты жасырудың жауапкершілігі мәселелері бұл жерде тек декларация ғана емес, келер ұрпаққа арналған нақты кепілдік саналады.
Кездесу қорытындысы бойынша Атырау облысының тұрғындары жаңа Конституцияның түсінікті әрі қарапайым тілде жазылғанын, қоғам үшін айқын бағдар беретінін атап өтті. Олар ұсынылған конституциялық өзгерістерге қолдау білдіріп, алдағы референдумға белсене қатысуға ниетті екендіктерін айтты



