Бұл туралы Атырау облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры Байтолла Ғазизов брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орталық басшысының айтуынша, өткен жылы облыста туберкулезбен жаңадан ауырған 262 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 17,5%-ға төмен. Сонымен қатар соңғы 10 жылда өңірде туберкулезбен сырқаттанушылық 1,8 есеге азайған.
- Соңғы жылдары туберкулезді ерте анықтау мен тиімді емдеу жұмыстары күшейтілді. Заманауи диагностикалық технологиялардың арқасында ауруды дер кезінде анықтап, ем жүргізуге мүмкіндік бар. Уақтылы анықталған жағдайда туберкулез толық емделеді, - деді Б.Ғазизов.
Бүгінде облыста туберкулезді анықтау үшін халықаралық стандарттарға сай заманауи зертханалық әдістер қолданылады. Туберкулез микобактерияларын бөлмейтін және қоршаған ортаға қауіп тудырмайтын науқастар емді амбулаториялық жағдайда, яғни тұрғылықты жеріндегі емханаларда қабылдайды.
Сонымен қатар өңірде амбулаториялық ем алып жүрген науқастарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Былтыр облыста 702 адамға жергілікті бюджеттен 214 млн теңгеден астам қаржы төленген.

