Атырау облысы әкімдігінің білім грантына құжат қабылдау басталады

Атырау облысы әкімдігінің 2026–2027 оқу жылына арналған білім грантына құжат қабылдау 10–14 тамыз аралығында өтеді. Құжаттар eatyrau.kz порталы арқылы онлайн қабылданады, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін гранттар өңірдегі кадр тапшылығын азайтып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бағытталған.

Конкурсқа ҰБТ нәтижесі бойынша жоғары оқу орындарына түсу талаптарына сәйкес келетін талапкерлер қатыса алады. Ал шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламаларын таңдағандар шығармашылық емтихандарды өзі таңдаған жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында тапсырады.

Биыл облыс әкімінің гранты 30-ға жуық білім беру бағыты бойынша ұсынылады. Олардың қатарында медицина, ақпараттық технологиялар, психология, арнайы педагогика, математика, физика, химия, биология, тарих және қоғамтану, сәулет және құрылыс, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, қала құрылысы, су ресурстары, экология, орман шаруашылығы, бейімделетін дене шынықтыру және спорт, актерлік өнер, сценография, исламтану, теология және дінтану бағыттары бар.

Сонымен қатар медико-профилактикалық іс, гигиена және эпидемиология, өндірісті автоматтандыру және басқару, қалдықтарды басқару, сумен жабдықтау және су бұру, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы сияқты мамандықтар да қамтылған.

Конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін Атырау облысы Білім беру басқармасының ресми интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланады.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT