«Ата-ана рөлі: Саналы әрі табысты ұрпақ тәрбиелеудің сырлары»

Бала тәрбиесі – отбасы мен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілік. Оның бойындағы мінез-құлық, өзіне деген сенім, білімге қызығушылық пен ортаға бейімделу ең алдымен үйдегі қарым-қатынастан қалыптасады. 

Осы бағытта Атырау облысы Іскер әйелдер қауымдастығы Отбасы күніне орай «Ата-ана рөлі: Саналы әрі табысты ұрпақ тәрбиелеудің сырлары» атты практикалық шеберлік сабағын өткізді.

img 5063

Кездесуде ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны, отбасы мен білім беру ұйымдарының өзара байланысы, баланың қабілетін ерте жастан дамыту және болашақ оқуына дұрыс бағыт беру мәселелері қозғалды. 

Ал кездесудің негізгі бөлігінде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, мектеп пен отбасының өзара байланысы, баланың қабілетін ерте жастан дамыту және білім алуға бағыттау мәселелері кеңінен талқыланды.

img 5059

Осы орайда Атырау қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ерали Бижанов отбасы мен мектеп арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, баланың оқу үлгерімімен қатар, жаңа ортаға бейімделуі, өз ойын еркін жеткізуі және қоғамдық белсенділігі де назардан тыс қалмауы керек. Бұл ретте ата-ананың міндеті баланың әр қадамын бақылау емес, қажет кезінде қолдау көрсетіп, өздігінен шешім қабылдауына мүмкіндік беру.

Осы ойды жалғастырған «Алтын сақа», «Tolagai KIDS» балабақшалар желісінің басшысы Лаура Сұлтанова баланың тұлғалық қалыптасуы мектепке дейінгі кезеңнен басталатынын атап өтті. Баланың өзіне сенімді болуы, қарапайым дағдыларды өздігінен меңгеруі, жаңа ортаға еркін бейімделуі үшін отбасы мен балабақша арасындағы байланыс берік болғаны маңызды.

img 5041

Ал баланың білімге деген қызығушылығын арттыру мен қабілетін шыңдауда жүйелі дайындықтың орны бөлек. Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Білім инновация лицейі бойынша сарапшы, математик-тренер Анар Мұханова өз сөзінде баланы емтиханға дайындауды ерте жастан бастаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, дайындық барысында ата-ана тек білімге қойылатын талапқа емес, баланың күнделікті тәртібіне де көңіл бөлуі керек.

«Баланы емтиханға дайындауды 3-4 сыныптан бастап жүйелі түрде қолға алған дұрыс. Бұл тек білімін жетілдірумен шектелмеуі керек. Баланың ұйқы режимі, дұрыс тамақтануы, күн тәртібі және демалысы да маңызды факторлар. Осындай қарапайым дүниелерге ерте жастан мән беру – баланың алдағы уақытта емтиханға психологиялық әрі физикалық тұрғыдан дайын болуына үлкен әсер етеді», – деді Анар Мұханова.

Осылайша кездесуде бала тәрбиесіне қатысты бірнеше мәселе бір арнаға тоғысты. Мектепке дейінгі тәрбие, мектептегі білім және ата-ананың күнделікті қолдауы бір-бірінен бөлек қаралмай, баланың тұтас дамуына қызмет етуі керек.

img 5055

Өйткені баланың болашағына жол ашатын ең алғашқы орта – отбасы. Балаға сенім білдіру, оны тыңдау, пікірін құрметтеу, қателескен сәтінде жазғырудан бұрын түсінуге тырысу – оның өз күшіне сенуіне ықпал ететін қарапайым құндылықтар. Ал отбасы мен білім беру ұйымдары осы бағытта бір-бірін толықтырғанда, тәрбиенің нәтижесі де берік болмақ.

Ботагөз ИСАТАЙ

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT