Астанадағы AI кинофестиваліне 2000-ға жуық фильм ұсынылды

Астанада өтетін халықаралық жасанды интеллект кинофестиваліне дайындық «Astana AI Film Festival» қорының кеңес отырысында талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Astana AI Film Festival осы бастаманы қолдап, Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы жаһандық күн тәртібін қалыптастырудағы белсенді рөлін нығайтуды көздейді.

Кеңес мүшелері Қуанышбек Есекеев пен Раушан Қажыбаева, Премьер-Министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, UNI-Q Group медиа-холдингінің төрағасы Мұхамедқали Тауан, сондай-ақ фестиваль ұйымдастырушылары Алмас Жали мен Айзатулла Хусейн қатысты.

Жиында байқау бағдарламасы, Digital Bridge форумы аясында өтетін фестивальге дайындық, сондай-ақ қатысушылар мен қонақтарды қабылдау мәселелері қаралды.

Халықаралық кинофестивальге 90-нан астам елден жасанды интеллект көмегімен түсірілген 2000-ға жуық фильм ұсынылған. Өтінімдердің басым бөлігі АҚШ-тан (17%), Үндістаннан (10%) және Қазақстаннан (8%) түскен. Сонымен қатар Оңтүстік Корея мен Қытайдан – әрқайсысынан 5%, Ұлыбританиядан – 4%, ал Ресей мен Гонконгтан – әрқайсысынан 3% өтінім қабылданған.

Фестивальдің халықаралық қазылар алқасына ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры Одри Азулей, China Film Group өкілі Ма Пинг пен Бейжің киноакадемиясының өкілі Ван Хао кірді. Фестивальдің бас серіктесі – Freedom Holding Corp.

Кездесу барысында Бейжіңде өткен жасанды интеллект киносындағы инновациялар жөніндегі Қазақстан – Қытай форумының қорытындысы бойынша Astana AI Film Festival қоры мен Beijing Zhongguancun Tongli Technology Service Co., Ltd. арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны айтылды. Құжат аясында қытайлық компания фестивальдің Қытайдағы ресми өкілі мәртебесін иеленді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, өтінімдердің кең географиясы кәсіби қауымдастықтың жасанды интеллект негізінде түсірілетін фильмдерге қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады. Бүгінде жасанды интеллект фильм түсіру тәсілін ғана емес, кино өндірісінің моделін де түбегейлі өзгертіп келеді.

Astana AI Film Festival 2026 жылғы 1–3 қазан аралығында Astana AI Week аясында өтеді. Фестиваль бағдарламасына жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын халықаралық AI кино байқауы, конференциялар, жобалардың таныстырылымы, фильм көрсетілімдері, сондай-ақ жасанды интеллект, кино және цифрлық шығармашылық салаларындағы жетекші әлемдік сарапшылармен кездесулер енген.

Байқаудың тақырыбы – «Өмір сүруге тұрарлық болашақ». Сонымен қатар бес номинация бойынша ашық байқау ұйымдастырылады. Оған өтінімдер 2026 жылдың тамыз айының соңына дейін қабылданады.

Ресми бағдарламаға енген фильмдер Астанадағы Chaplin кинотеатрында алғаш рет үлкен экранда көрсетіледі. Ал іскерлік бағдарлама Digital Bridge форумы аясында ұйымдастырылып, пленарлық және панельдік сессияларды, шеберлік сабақтарын, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін кездесулерді қамтиды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT