Астанада Атыраудың шығармашылық әлеуетін танытатын Atyrau Creative Days жәрмеңкесі өтеді

19–20 қыркүйек күндері Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Atyrau Creative Days – Атырау облысының креативті жәрмеңкесі өтеді. Екі күндік іс-шарада өңірден келген 20-ға жуық шебер мен креатор өз жұмыстарын Астана тұрғындары мен қонақтарына ұсынады.

Жәрмеңкеде зергерлік өнер, сән, дизайн, ұлттық қолөнер, авторлық бұйымдар және заманауи бағыттағы туындылар қойылады. Келушілер ұсынылған жұмыстарды тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған және қажетті бұйымдарды сатып ала алады.

Atyrau Creative Days бағдарламасы жәрмеңкемен шектелмейді. Екі күн ішінде көрме, сән көрсетілімі, театрландырылған қойылым, 3D технологияларға арналған жобалар және Creative Talks форматындағы кездесулер өтеді. Сондай-ақ Атырау облысынан арнайы барған өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар мәдени бағдарлама ұсынады. Олардың қатарында «Sarmad» этно-фольклорлық ансамблі, Атырау жастар театры, Jaiyq Corp және өңірдің өзге де шығармашылық өкілдері бар.

Creative Talks алаңында креативті индустрияның қазіргі бағыты, жаңа идеялар мен шығармашылық кәсіптің мүмкіндіктері талқыланады. Бұл кездесулер сала өкілдерінің тәжірибе алмасуына және жаңа байланыстар орнатуына мүмкіндік береді.

18 қыркүйек күні Atyrau Creative Days жәрмеңкесі аясында Атырау көпірінің сол жағалауында Open Air акустикалық кеші өтеді. Кеш барысында Атырау облысынан барған өнерпаздар мен креаторлар өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына музыкалық бағдарлама ұсынады.

 

Atyrau Creative Days арқылы Атыраудағы авторлар мен шағын брендтердің өнімдерін елорда аудиториясына таныстыру, олардың нарықтағы мүмкіндіктерін кеңейту көзделген.

18 қыркүйек, сағат 19:00 – Атырау көпірінің сол жағалауы       

19–20 қыркүйек – Астана қаласы, Qazaq Creative Hub, Жошы хан көшесі, 16/2

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT