Аңшылықтан асыл тұқымға дейін: қазақ тазысын қалай танимыз

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — қазақ тазысының күні. Ғасырлардан жеткен тұқымның төл болмысын сақтап, дамыту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тақырыпты Kazinform тілшісі талдады.

 

Тәжірибелі тазы 4 миллион тұрады

Тазыны сырт келбетіне қарап бірден тануға болады. Оның ұзын аяғы, сымбатты денесі, өзіне тән бітімі мен жүрісі көзге бірден түседі. Алайда оның шынайы қасиеті даладағы қабілетінен танылады.

Ақмола облысы Арайлы ауылының аңшысы Аян Досыманов 15 жылдан бері тазы ұстап келеді. Қазір алты иті бар, басым бөлігін аңшылыққа пайдаланады. Оның айтуынша, тазының қасиетін бағалауда тәжірибе маңызды.

— Тазыны таңдағанда, ең алдымен оның шапшаңдығына қараймыз. Кеуде қуысына, құлағына мән береміз. Күшікті үш-төрт айлығынан бастап жүгіруге үйретеді. Кейін ол тәжірибелі тазылармен бірге аңшылыққа шығып, машықтанады, — деді ол.

Аян Досыманов
Фото: видеодан кадр

Аңшының сөзінше, тазының әлеуеті кең далада анық көрінеді. Жүйріктігі, төзімділігі мен аңшылыққа бейімділігі оның құнын да айқындайды. Мәселен, тұқымдық қасиеті жоғары, жақсы үйретілген тазының бағасы 4 миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Нағыз тазының басты белгісі қандай?

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқали кәсіби кинологияда иттің тұқымын анықтаудың басты өлшемі — оның шығу тегі екенін айтады.

— Сырт келбетіне қарап иттің тұқым стандартына қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға болады. Бірақ текті екенін тек экстерьеріне қарап анықтау мүмкін емес. Кәсіби кинологияда негізгі өлшем — иттің шығу тегі, ата-тегі туралы мәліметтер. Ол асылдандыру есебі мен тұқымдық кітапқа тіркелуі арқылы расталады, — деді Бауыржан Серікқали.

Бауыржан Серікқали
Фото: видеодан кадр

Алайда ата-тегінің құжатпен расталуының өзі жеткіліксіз. Тазы дене бітімі, қозғалысы, өзіне тән белгілері мен мінез-құлқы бойынша тұқым стандартына сай болуы керек. Бұған қоса оның жұмыс қабілеті ескеріледі. Өйткені тазының табиғи болмысы аңшылықпен тікелей байланысты.

Осы талаптарға сай келетінін анықтау үшін ит арнайы сараптамадан өтеді. Мамандар оның сыртқы бітімімен қатар, қозғалысын, мінез-құлқын және жұмыс қасиетін бағалап, нәтижесін ресми есепке енгізеді.

Тіркеу қалай жүргізіледі?

Бұл жұмыс ең алдымен итті сәйкестендіруден басталады. Мамандар микрочип немесе таңбасы арқылы оның иесі туралы мәліметтерді тексереді. Егер мұндай белгі болмаса, итке микрочип салынып, тіркеуге алынады.

Келесі кезеңде тазы асылдандыру талаптарына сәйкестігі бойынша бағаланады. Арнайы байқау барысында мамандар оның жалпы түріне, бас бітіміне, дене құрылысына, аяқтарына, жүніне, қозғалысына, тістесуіне және басқа да ерекшеліктеріне назар аударады.

Казахский тазы: как сохранить уникальную породу, известную на весь мир
Фото: Kazinform/Александр Павский

Сараптама нәтижесінде итке жазбаша сипаттама жасалып, асылдандыру бағасы беріледі. Бұл әсіресе шығу тегі құжатпен расталмаған тазылар үшін маңызды. Себебі осы бағалау арқылы оның тұқым стандартына қаншалықты сай келетіні және асылдандыру есебіне енгізілу мүмкіндігі анықталады.

Талаптарға сай келген итті ресми тіркеу үшін сараптамалық бағалау, микрочип, екі жазбаша сараптамалық сипаттама, тік тұрған кездегі фотосуреттері мен қажетті құжаттар топтамасы рәсімделеді. Осы мәліметтер ит пен оның иесі туралы есепке алу құжаттарына енгізіледі.

Бұдан соң талапқа сай тазылар Қазақстан кинологтар одағының Бірыңғай асыл тұқымды кітабына тіркеледі. Бұл иттің тұқымдық мәртебесін ресми бекітіп қана қоймай, оны жоспарлы асылдандыру жұмысына пайдалануға жол ашады.

Мұндай жұмыстың маңызы әсіресе ауылдық жерлерде бұрын ресми есепке алынбаған тазылардың көптігімен байланысты. Олардың бірқатарының шығу тегі туралы мәліметтер жүйелі түрде сақталмаған. Сондықтан қазір мұндай иттер анықталып, сәйкестендіріліп, сараптамадан өткізіледі.

Тазыны сақтаудың жаңа кезеңі

Тазыны есепке алу жүйесі бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның тұқымдық белгілерін жүйелеу тарихы өткен ғасырдың басынан басталатынын айту қажет. Алғашқы стандарт 1925 жылы қабылданып, 1932 жылы баспасөзде жарияланды. Алайда кейінгі Кеңес кезеңінде тазының саны азайып, бақылаусыз будандастыру тұқымның негізгі қасиеттеріне кері әсер етті. Ғалым А. Слудский тазыны сақтап қалу мәселесін көтергенімен, сол кезде жүйелі селекциялық жұмыс жолға қойылмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін тазыны сақтау және дамыту жұмыстары қайта жанданды. 2007 жылы Қазақстан кинологтар одағы тұқымның қазіргі заманғы стандартын бекітіп, кейін оған бірқатар толықтырулар енгізді. Бұл тазының сыртқы және тұқымдық ерекшеліктерін нақтылап, асылдандыру жұмысын жүйелеуге мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыс қарқын ала түсті. Өткен жылдың қазан айынан 2026 жылдың шілдесіне дейін Қазақстан кинологтар одағы Алматы, Ақтөбе, Ұзынағаш, Жаркент, Меркі, Боза, Аягөз, Семей және Көкшетау қалаларында 10 көшпелі асылдандыру байқауын өткізді. Сол кезеңде, яғни 2025 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусымына дейін 384 тек берілді.

Ресми тіркеудегі тазылардың саны да артып келеді. 2023 жылғы қаңтарда есепте 1 865 ит болса, 2026 жылғы 14 тамыздағы жағдай бойынша бұл көрсеткіш 4 034-ке жетті. Осылайша тіркелген тазылардың саны 2 169-ға көбейіп, 2,16 есе артқан.

Тіркеу көлемінің ұлғаюы тұқымның асылдандыру жүйесін де біртіндеп қалыптастыруға жол ашты. Бірыңғай асыл тұқымды кітапта иттердің шығу тегі тіркеліп, халықаралық кинологиялық жүйеде мойындалатын шығу тегі рәсімделеді. Бұл әр иттің тұқымдық дерегін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Қазақ тазысының танылу аясы да шекара асып келеді. Тұқым Халықаралық кинологиялық федерацияның (FCI) World Dog Show көрмесінде, сондай-ақ FCI төрешілерінің Дүниежүзілік конгресінде таныстырылды. Бүгінде қазақ тазыларының арасында әлемдік және ұлттық чемпиондық атақтарға ие иттер бар.

тазы
Фото: Арнұр Рахымбеков/ Kazinform

Ендігі жоспар — осы жұмысты жүйелі түрде жалғастырып, өңірлердегі сараптамалық және асылдандыру инфрақұрылымын күшейту. Бұл ретте қазақ төбетін зерттеу және сақтау бойынша да практикалық жұмыстар басталды.

Өйткені тұқымды сақтаудың мәні оның санын көбейтумен шектелмейді. Негізгі мақсат — тазыға тән шапшаңдық, төзімділік, аңшылық қабілет, дене бітімі мен денсаулық секілді қасиеттерді жоғалтпау.

Сондықтан тазының болашағы бірнеше талаптың қатар орындалуымен байланысты. Сыртқы бітімі оның стандартқа сәйкестігін көрсетсе, жұмыс қабілеті табиғи мүмкіндігін танытады. Ал шығу тегі мен сараптамалық бағалау тұқымдық мәртебесін нақтылайды. Осы өлшемдер бір жүйеге түскенде ғана тазының төл болмысын сақтау жүйелене түспек.




Таза Қазақстан

AQPARATPRINT