Арман жетелеген атыраулықтар

Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығы – елін сүйетін, оның дамуына адал қызмет ететін азаматтар. Әр өңірден түлеп ұшып, қай салада жүрсе де Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген жандардың еңбегі орасан зор. Солардың қатарында Атырау топырағында туып-өсіп, бүгінде елордада табысты еңбек етіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Олар отандастарымыз арасында патриоттық сезімді арттырып, бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауаптылық құндылықтарын жас толқынның санасына сіңіруде көп тер төгіп келеді. Осы арқылы елдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген бірнеше атыраулықтың тағылымды еңбек жолын оқырман назарына ұсынамыз.

Редакция

Кәсібіне адал видеограф

Видеография мен видео-монтаж саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған жас маманның бірі – Қызылқоға ауданының Миялы ауылында дүниеге келген Қайнар Рахымжан. Жеті жылдан бері осы салада еңбек етіп жүрген ол бүгінде елордада кәсіби жолын жалғастырып, республикалық деңгейдегі ірі жобаларға атсалысып келеді.

whatsapp image 2026 07 16 at 10.30.05

Еңбек жолын Атырау қаласында бастаған Қайнар алғашқы тәжірибесін облыс әкімдігінде жинақтады. Облыс әкімінің видеографы ретінде түрлі ресми шараларды таспаға түсіріп, бейнематериалдарды монтаждап, оларды бұқаралық ақпарат құралдары мен республикалық ақпараттық платформаларға ұсыну жұмысына қатысты. Кейін еңбек жолын «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде жалғастырып, видеограф әрі видео-монтаж маманы ретінде ақпарат саласының ерекшелігін тереңірек меңгерді. Бұл кезең оның кәсіби шеберлігін шыңдап, шығармашылық ізденісін жаңа деңгейге көтерді.

Сосын корпоративтік секторға бет бұрып, Атыраудағы Madcaps Bureau компаниясында жұмыс істеді. Мұнда өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін көрсететін корпоративтік фильмдер мен түрлі жобаларды әзірлеуге қатысты. Біраз жылдан соң жеке кәсіпкер ретінде шағын продакшн ашып, шығармашылық қызметін дербес жалғастырды.

Алайда кәсіби тұрғыдан жаңа белеске көтерілу үшін үлкен орта қажет екенін ерте түсінді. Сондықтан бұрыннан көкейінде жүрген арманын жүзеге асырып, елордаға қоныс аударуға бел буды.

– Астанаға көшу туралы ой бұрыннан бар еді. Бірнеше рет шақырту да алдым. Бірақ Атырауда біршама еңбек еткен соң бағытымды өзгертіп, өзімді жаңа ортада сынап көргім келді. Алдымда үлкен мақсат тұрды. Елордаға көшіп келгенімізге көп уақыт бола қойған жоқ. Қазір бәрі өз ретімен жалғасып жатыр. Бұл жаққа келудегі басты мақсатым – өз саламда өсіп, кәсіби тұрғыдан тамыр жайып, үлкен жетістіктерге жету, — дейді Қайнар Жоламанұлы.

Ол бүгінгі кәсібін де кездейсоқ таңдаған жоқ. Бәрі де қарапайым қызығушылықтан басталған. Әуелі қолындағы телефонмен табиғатты, күнделікті өмірдің сәттерін суретке түсіріп, естелік ретінде сақтайтын. Кейін фотосуреттің орнын бейнежазба басты. Түрлі түсті өңдеулер мен монтаж тәсілдерін қолданып жасаған алғашқы видеолары көпшіліктің ықыласына бөленді. «Қандай керемет видео жасапсың!» деген жылы пікірлер оның шығармашылыққа деген құлшынысын арттыра түсті. Осылайша кішкентай хобби уақыт өте келе өмірлік кәсібіне айналды.

Қайнар үшін кәсіби даму ешқашан тоқтаған емес. Ол түрлі шеберлік-кластарға қатысып, кәсіби курстардан өтіп, көптеген сертификат иеленді. Себебі видео-монтаж – күн сайын жаңарып отыратын сала. Бағдарламалар өзгереді, жаңа технологиялар енгізіледі, жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Сондықтан бұл кәсіп үздіксіз ізденуді, білімді тұрақты жаңартып отыруды талап етеді.

Бүгінде ол негізінен спорт саласындағы жобалармен жұмыс істейді. Қазақстанның дзюдо федерациясымен бірлескен жобаларға қатысып, гольф федерациясының жарыстарын түсіреді. Халықаралық және республикалық турнирлерде еңбек етіп, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов, Абиба Әбужақынова секілді танымал спортшылармен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды.

Өзінің айтуынша, жұмыстың ең үлкен құндылығы – одан ләззат ала білу.

– Кейбір адамдар жұмысты табыс табудың құралы деп қабылдайды. Ал мен әр жобамнан ерекше әсер аламын. Әр видео аяқталған сайын оның адамдардың жадында қалатынын, «мына жұмысты Қайнар жасаған» деп айтатынын ойлаймын. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі ерекше қуаныш. Сондықтан кез-келген маман үшін ең басты қасиет – жауапкершілік. Қанша талантты болсаң да, жауапкершілігің болмаса еңбегіңнің құны болмайды. Өзім үшін жауапкершілік деген – уақытынан бұрын келу, әр тапсырмаға байыппен қарау, түсірілімнің бүкіл процесіне үлкен жауапкершілікпен қарау. Клиенттерім де ең алдымен осы қасиетімді бағалайды. Өйткені адамдар әуелі жауапкершілігіңді көреді, содан кейін ғана жұмысыңды бағалайды, — дейді Қайнар.

Жас жігіттің кәсіби ұстанымының тағы бір ерекшелігі – табиғилыққа басымдық беруі. Оның пікірінше, техникалық мүмкіндіктер қаншалықты дамығанымен, көрерменге ең алдымен шынайылық әсер етеді.

Артық әсерлер мен жасанды көріністерге әуестенбейтін маман бейне арқылы табиғи эмоцияны, өмірдің өз қалпын жеткізуге ұмтылады. Өйткені қазіргі қоғамда жасандылық көбейіп бара жатқаны рас. Сондықтан көрерменді әсерлі кадрлармен емес, өмірдің табиғи бояуымен баурауды жөн көреді. Оның сөзінше, кәсіби маман үнемі ізденіп, жаңа трендтерді меңгеріп отырғанымен, өзінің шығармашылық қолтаңбасын жоғалтпауы керек.

Қайнардың адам ретінде қалыптасуына туған жерден алған тәрбиенің ықпалы ерекше. Ол бүгінгі жетістігінің негізінде бала күннен бойға сіңген тәлім жатқанын жасырмайды.

– Атырауда алған тәрбием – бүгінгі жетістігімнің берік іргетасы. Үйдің іргетасы қаншалықты мықты болса, өзі де соншалықты берік болады ғой. Сол сияқты мен де еңбек жолымды тәжірибелі, жауапкершілігі жоғары адамдардың жанында бастап, олардан көп нәрсе үйрендім. Бүгінде сол тәлімнің жемісін көріп жүрмін. Әкем, анам, әжем, ағам және қарындасым бар. Әкем бізге бала күнімізден екі нәрсені жиі айтатын. Біріншісі – әрқашан қарапайым болу. Екіншісі – ешкімнің ала жібін аттамау. Осы екі өсиет өмірімнің басты қағидасына айналды. Соның арқасында көптеген адамдармен жақсы қарым-қатынас орнаттым. Ал адалдықтың арқасында адамдардың сеніміне ие болдым. Меніңше, қарапайым әрі адал адам қай кезде де сұранысқа ие болады, — дейді ол.

Елордаға қоныс аудару ол үшін оңай шешім болған жоқ. Жаңа орта, жаңа нарық, жаңа өмір – бәрін қайтадан бастауға тура келді. Атырауда қалыптасқан тұрақты клиенттері мен жұмыс ортасы туған өлкеде қалды. Ал Астанада барлығын жаңадан құру қажет болды. Бастапқыда қаржылық қиындық та кездесті. Пәтер жалдау, тұрмыстық шығындар, жаңа ортаға бейімделу – мұның бәрі жас маман үшін үлкен сынақ еді. Дегенмен біртіндеп елорда өміріне бейімделіп, бүгінде ата-анасына жиі барып тұруға мүмкіндік тауып жүр.

Қайнардың айтуынша, Астана адамның кәсіби ғана емес, жеке тұлға ретінде де қалыптасуына ықпал етеді. Қаланың қарқынды дамуы, тазалығы, қоғамдық мәдениеті адамның өзіне де әсерін тигізеді.

– Мұнда құрылыс та, инфрақұрылым да көз алдыңда өсіп келеді. Бір аптадан кейін келсең, жаңа ғимарат бой көтеріп тұрады. Қала таза, мәдениеті жоғары. Көшеде қоқыс шашып жүрген адамдарды көрмейсің. Осындай ортада жүріп, өзің де тәртіпке, кәсібилікке, жауапкершілікке ұмтыла түсесің, — дейді ол.

Елордада жүрсе де туған жермен байланысын бір сәтке үзбеген оның ата-анасы, туған-туыстары, достары – бәрі Атырауда. Сондықтан мүмкіндігі болған сайын ауылға барып, балалық шағы өткен топырақты басып қайтуды әдетке айналдырған. Ол үшін туған жердің орны әрқашан бөлек.

– Кейде қарбалас жұмыстан шаршағанда туған жерге барып қайтқың келеді. Қанша жерден үлкен қалада жүрсек те, туған жердің орны бөлек. Біреу Атыраудың масасын айтады, біреу ауасын сынайды. Бірақ біз үшін ол – туған жер. Сондықтан оның әрбір тасы да, топырағы да қымбат, — дейді жас жігіт.

Әңгіме соңында Қайнар жастарға да жүрекжарды тілегін жеткізді. Оның пікірінше, әуелі білімге ұмтылу, тазалыққа мән беру және ата-ананың үмітін ақтау – әр жастың басты міндеті.

– Атырау жастарына айтарым – білімге деген құштарлықты арттыру керек. Тазалыққа да ерекше мән берген жөн. Қаланы таза ұстайтын да, ластайтын да – өзіміз. «Тазалық – иманның жартысы» деген сөз бекер айтылмаған. Ең бастысы, алға қойған мақсаттан ешқашан бас тартпаған жөн. Ата-ананың үмітін ақтап, адал еңбек еткеннен артық ештеңе жоқ. Ал Астанаға келу үшін тайсақтаудың жөні жоқ. Барлық мүмкіндікті таразылап, батыл қадам жасаудан қорықпау керек. Астана – өсуге, тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік беретін қала. Кейін осы жерде жинаған тәжірибені туған жерге апарып, ел игілігіне жаратуға болады. Қай қалада жүрсеңіз де, ең бастысы – жақсы адам болып қалу. Қарапайым болу, тәрбиені жоғалтпау, ата-ананың аманатына адал болу адамды биікке жеткізетін ең маңызды құндылықтар деп есептеймін, — дейді Қайнар.

Туған жердің тұғырлы перзенті

Еңбек жолын туған жерден бастап елорданың қалыптасу кезеңіне куә болып, оның дамуына мемлекеттік қызметші ретінде өзіндік үлесін қосқан азаматтардың бірі – Дамир Мединамов. Ол 1965 жылы Атырау облысының Мақат ауданындағы мұнайшы отбасында дүниеге келген. Балалық және жастық шағы Қызылқоға ауданының бұрынғы «Комсомол» кеңшарының орталығы – Қоныстану ауылында өткен. Жаңашаруа орта мектебінде оқып жүріп, қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. Орта мектепті үздік тәмамдағанша комсомол ұйымы белсенділерінің бірі болып, мектептегі қабырға газетінің редакторы қызметін атқарды.

whatsapp image 2026 07 16 at 10.30.05 1

Мектептен кейінгі еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастаған жас жігіт екі жыл бойы егіс пен мал шаруашылығында уақытпен санаспай еңбек етті. Сол кезеңде жоғары оқу орнына түсу үшін өндірістегі еңбек өтілі талап етілетін. Осылайша нағыз еңбек мектебінен өткен Дамир Байеділұлы жастайынан еңбекқорлығымен көзге түсіп, он сегіз жасында «XI бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ сол кездегі Кеңес Одағының үздік жұмысшыларын ынталандыруға арналған «Социалистік жарыстың үздігі» вымпеліне ие болды.

Сосын әскер қатарында танк әскері құрамында азаматтық борышын өтеп қайтты. Онда да көрсеткен ерен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл Жұлдыз», «Невский» ордендерімен марапатталды. Сол кездегі Мәскеуде шығатын әскери басылымдарда қазақстандық жауынгердің батылдығы туралы мақалалар жарияланды.

Әскерден оралған соң әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын үздік тәмамдады. Университет қабырғасында да оның қоғамдық-саяси жұмыстарға араласуы белсенді болатын. Бастауыш комсомол ұйымында инспектор, нұсқаушы болып еңбек етіп, академик Зейнолла Қабдоловтың көмекшісі ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысты. Сол кездің өзінде-ақ Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитетімен тығыз қарым-қатынаста болып, нұсқаушы әрі көркемдік жетекші, республикалық «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарды.

Жоғары оқу орнын аяқтаған соң еңбек жолын республика Баспасөз және ақпарат министрлігінде бастады. Әкімшілік-құқықтық, құжаттандыру және кадр саласындағы жауапты қызметтерді атқарып, басқарма басшысының орынбасары, бөлім басшысы, министрдің саяси жұмыстар жөніндегі кеңесшісі болып істеген. Кейін министрлік ұлттық агенттік болып қайта құрылған кезде әкімшілік-құқықтық бөлімнің бастығы, басқарма басшысының орынбасары, төрағаның кеңесшісі, қауіпсіздік басқармасының басшысы секілді жауапты лауазымдарға тағайындалды.

Осы жылдары Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы, Халел және Жанша Досмұхамедовтердің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеуге ден қойды. Сонымен қатар шетелдегі қазақ қауымдастықтарымен байланыс орнату орталығын басқарды. Қазақстан жазушыларының кітаптары мен отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін шетелге насихаттау бағытындағы жұмыстарды үйлестірді.

1995 жылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау кезінде мемлекеттік комиссия құрамында қызмет атқарып, елдің Ата заңын қабылдау үдерісіне қатысқандардың бірі болды.

1997 жыл Дамир Мединамовтың өміріндегі ерекше белеске айналды. Президент Жарлығымен Үкімет құрылымдары жаңа астана – Ақмола қаласына көшірілген кезде министрлік ұжымымен бірге елордаға қоныс аударды. Сол кезеңде министрліктің көші-қон жұмыстарын ұйымдастыру, құжаттарын, материалдық-техникалық базасын, қызметкерлерінің жұмыс орындарын жаңа астанаға көшіру ісіне тікелей жауапты болды.

– Біз министрлікпен бірге 1997 жылы Ақмола қаласына көшіп келдік. Алматыдан келген қызметкерлердің барлығына жұмыс орындары, тұрмыстық жағдай жасалды. Отбасымызды көшірдік. Балаларымыз балабақшаға орналасты. Содан бері осы қалада өмір сүріп келеміз. Қазір Астана – өмір сүруге барлық жағдай жасалған, қарқынды дамып келе жатқан қала. Ауа райы да ұнайды. Жыл сайын туған жеріміз – Атырауға барып, ағайын-туыспен қауышып, өңірдің өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанып қайтамыз, — дейді ол.

Ақмолаға қоныс аударған мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа астананы қалыптастыру тек қызметтік міндетпен шектелген жоқ. Қаланы көгалдандыру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру сияқты бастамаларға да белсене атсалысты. Солардың қатарында Дамир Мединамов та болды.

– Біз жаңа астанаға көшіп келген алғашқы жылдары мемлекеттік қызметшілер, министрлік ұжымы және журналистер бірігіп, қаланы көгалдандыру жұмыстарына қатыстық. Астананың әр тұсына алма, өрік, басқа да жеміс ағаштарын отырғызып, оларды өз қолымызбен суарып, күтіп-баптадық. Бүгінде сол көшеттер қалың жеміс бағына айналды. Қазір қала тұрғындары мен қонақтары шілде айынан бастап қара күзге дейін сол бақтардан жеміс теріп, демалады. Сол ағаштардың жайқалып тұрғанын көрген сайын еңбегіміздің зая кетпегеніне қуанамыз, — дейді Дамир Байеділұлы.

Оның айтуынша, сол жылдары министрлік бастамасымен елорданың қақ ортасында «Журналистер саябағы» ашылған. Бүгінде ол астаналықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған.

– Мемлекет бұқаралық ақпарат құралдарына әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Биыл Президенттің бастамасымен еліміздің әр өңірінен 300-ден астам журналистке пәтер кілті табысталды. Бұл – ақпарат саласында еңбек етіп жүрген азаматтарға көрсетілген зор құрмет әрі олардың еңбегіне берілген жоғары баға деп есептеймін, — дейді Дамир Мединамов.

Министрліктегі негізгі қызметі бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою, тіркеу, лицензиялау және есептен шығару жұмыстарымен байланысты. Қазір республика Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің бұқаралық ақпарат құралдарын есепке қою және лицензиялау бағыты бойынша жауапты қызмет атқарады. Оның айтуынша, бүгінде елде 5300-ден астам БАҚ тіркелген. Оның ішінде Атырау облысында 97 бұқаралық ақпарат құралы есепке қойылған. Соңғы жылдары интернет-басылымдардың қатары да айтарлықтай көбейіп, олардың саны 2 мыңға жуықтаған.

– Қазір тіркеу жүйесі толықтай автоматтандырылған. Бұқаралық ақпарат құралын тіркеу үшін заңды немесе жеке тұлға электронды түрде бір ғана өтініш береді. Қосымша құжаттардың қажеті жоқ. Өтініште атауы, шығу жиілігі, тақырыптық бағыты және байланыс деректері көрсетілсе жеткілікті. Он күн ішінде тіркеу ресімі аяқталып, жұмысын бастай алады. Біз бұл бағытта Германияның озық тәжірибесін қолдандық. Соның нәтижесінде Қазақстан бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеу жүйесі бойынша әлемдегі озық мемлекеттердің қатарына енді, — дейді ол.

Дамир Мединамовтың айтуынша, мемлекет өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарын жүйелі түрде қолдап келеді. Жыл сайын мемлекеттік грант бөлініп, саланың дамуына жағдай жасалады. Сондықтан бүгінде қазақстандық медианың даму қарқыны жоғары.

Министрлік жүйесінде ұзақ жыл еңбек еткен маманның айтуынша, бұл қызметтің ең қызықты тұсы – ақпарат ағынының дәл ортасында жүру.

– Біздің жұмыста Қазақстандағы ғана емес, әлемнің ақпараттық кеңістігіндегі өзгерістердің бәрін дер кезінде біліп отырасың. Журналистермен тұрақты жұмыс істегеннің өзі үлкен тәжірибе береді. Осы салада қырық жылға жуық еңбек етіп келемін, — дейді ол.

Еңбек жолында кәсіби білімін жетілдіруге де ерекше мән берді. Мемлекет жолдамасымен Германияның Ганновер қаласындағы Басқару университетінде білім алып, басқару саласының халықаралық тәжірибесін меңгерді. Сонымен қатар Бейжіңдегі тіл институтында оқып, шығыс тілдері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, «филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін қорғады. Қазақ, ағылшын, араб, неміс, түрік, корей және қытай тілдерін меңгерген.

Ұстаздық  қызметті  де  қатар  алып  жүрген Дамир мектептерде, жоғары оқу орындарында, қоғамдық даму орталықтарында дәріс оқып келеді. Республикалық телерадио құрылымдарының саяси кеңесшісі ретінде де қызмет атқарады.

Әдеби шығармашылықтан да қол үзген емес. «Қызылқоға – туған жерім» атты өлеңнің авторы. Қырық жылға жуық мемлекеттік қызметте еңбек еткен Дамир Мединамов бірнеше министрдің кеңесшісі болды. Министрліктің азаматтық қорғаныс штабының бастығы, қауіпсіздік бөлімінің басшысы, коммерциялық даму қызметі басқармасының жетекшісі секілді жауапты міндеттерді қатар атқарды. Сондай-ақ елдегі көптеген газет-журнал редакторлары мен телеарна басшыларының кеңесшісі ретінде де еңбек етіп келеді.

Ұзақ жылдық адал еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. «Мәдениет қайраткері», «Ұлт ұстазы», «Астана қаласына – 10 жыл», «Астана қаласына – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 30 жыл» мерейтойлық медальдарымен, көптеген Алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды. Жуырда ғана «Ерен еңбегі үшін» медалін Президенттің өз қолынан алды.

Отбасы туралы сөз қозғағанда да Дамир Байеділұлы туған өлкемен байланысын ерекше ілтипатпен еске алады. Жұбайы Гүлбаржанмен студенттік шақта танысып, шаңырақ көтерген. Бүгінде екі ұл тәрбиелеп өсіріп, төрт немеренің атасы атанып отыр.

– Атырауда туғаныма әрдайым мақтанамын. Туған жерге жыл сайын барып тұрамын. Әкемнің де, анамның да туған-туыстары Қызылқоға ауданында тұрады. Қайда жүрсем де туған өлкемен байланысымды үзген емеспін. Елдің өсіп-өркендеп келе жатқанын көріп қуанамын, — дейді ол.

Жаңа астанамен бірге өсіп, мемлекеттік ақпараттық саясат саласының дамуына ондаған жыл бойы үлес қосқан Дамир Мединамовтың өмір жолы – туған жерден түлеп ұшқан азаматтың кәсіби табандылығы мен елге қызмет етудің жарқын үлгісі.

«Астана әлсіздерді қабылдамайды»

Туған жерден түлеп ұшып, бүгінде елордада кәсіби білімін жетілдіріп, бала күнгі арманына бір табан жақындай түскен жандардың бірі – Гүлдәурен Тілегенова. Ол Атырауда дүниеге келіп, осында өсіп-жетілді. Алғашқы еңбек жолын да осы жерде бастап, небәрі он жеті жасынан сот жүйесінде хатшы қызметін атқарды. Бұл қызмет оған сот жүйесінің жұмысын ішінен көріп, жауапкершіліктің салмағын сезінуге және кәсіби тұрғыдан шыңдалуға үлкен мектеп болды.

whatsapp image 2026 07 16 at 10.30.05 2

Гүлдәуреннің айтуынша, оның бүгінгі болмысын қалыптастырған ең басты құндылықтардың бәрі туған жерден бастау алған.

– Атырау маған ең алдымен еңбекқорлықты, қарапайымдылықты және қандай жағдайда да мойымауды үйретті. Адамның мінезі мен өмірлік құндылықтары бала кезден қалыптасады ғой. Мен үшін сол іргетасты қалаған – туған жерім Атырау. Ал Астанаға келудегі басты мақсатым – кәсіби даму және судья болу арманыма бір қадам жақындау болды. Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында білім алу мен үшін үлкен мүмкіндік еді. Әрине, бастапқыда жаңа қалаға бейімделу оңай болған жоқ. Жақындарымнан алыстау, жаңа орта, өмірдің жоғары қарқыны – бәрі де өзіндік сынақ болды. Бірақ уақыт өте келе Астана маған мол тәжірибе мен жаңа мүмкіндіктер сыйлады. Меніңше, Астана әлсіздерді қабылдамайды. Бұл қала үнемі ізденіп, еңбектеніп, өзіңді дамытып отыруды талап етеді. Егер мақсатың айқын болып, еңбек етуден қорықпасаң, бұл қала еңбегіңнің жемісін міндетті түрде береді, — дейді ол.

Заң саласына Гүлдәурен кездейсоқ келген жоқ. Оның айтуынша, әділдікке деген ұмтылыс бала кезінен қалыптасқан. Кішкентай кезінен-ақ әлсіздерді қорғап, әділетсіздікке бейжай қарай алмайтын. Ал ойын кезінде қатар-құрбысы арасында дау туындаса, оны шешуге тырысатын. X-XI сыныптарда оқып жүргенде судья мамандығының қаншалықты зор жауапкершілік жүктейтінін саналы түрде түсініп, осы жолды өмірлік мақсатына айналдырған.

Осы мақсатқа жету үшін алдымен Атыраудағы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алып, кейін Мәскеуде магистратураны тәмамдады. Сосын Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясында білім алып, кәсіби дайындығын жаңа деңгейге көтерді.

– Судьяның бір ғана шешімі адамның бүкіл тағдырына әсер етеді. Сондықтан бұл қызметке терең біліммен қатар жоғары адамгершілік, адалдық пен әділдік қасиеттері қажет деп есептеймін. Академия құқықтық біліммен қатар судьяға тән ойлау мәдениетін де қалыптастырды. Заңды білу жеткіліксіз, оны әр істің ерекшелігін ескере отырып, әділ әрі дұрыс қолдана білу маңызды. Практикалық сабақтар, сот процестерін модельдеу және тәжірибелі судьялармен жұмыс істеу кәсіби көзқарасымды қалыптастырды. Ең сүйікті пәнім – қылмыстық құқық бойынша ұйымдастырылған модельдік сот процесінде судьяның ролін орындадым. Бұл – мен үшін ерекше әсер қалдырған тәжірибелердің бірі. Академияны үздік тәмамдап, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 98 магистранттың ішінде Жоғарғы Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малаховтың қолынан екі Алғыс хат алу – мен үшін үлкен мәртебе әрі алдағы кәсіби жолыма берілген зор мотивация болды, — дейді Гүлдәурен.

Әділ судья – заңға ғана сүйенетін, сыртқы ықпалға берілмейтін, әрбір істі ар-ожданымен қарап, адам тағдырына бейжай қарамайтын тұлға. Оның пікірінше, судьяның басты миссиясы – қоғамдағы әділеттілікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайту. Сондықтан әділ сот құқықтық мемлекеттің басты тіректерінің бірі болып қала береді.

Елордадағы өмір де оның дүниетанымына, кәсіби көзқарасына елеулі ықпал еткен. Мұнда ол тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алып, өзін үздіксіз жетілдірудің маңызын бұрынғыдан да терең түсінген.

– Астана мені әлдеқайда талапшыл, тәртіпті әрі мақсатқа берік адам етті. Мұнда әр күн өзіңмен жұмыс істеп, үздіксіз ізденуді талап етеді. Елордада кәсіби орта қалыптастырып, тәжірибелі мамандармен бірге жұмыс істеуге мүмкіндік алдым. Өзімді үнемі жетілдірудің қаншалықты маңызды екенін бұрынғыдан да терең түсіндім. Астана менің дүниетанымымды кеңейтіп, үлкен мақсаттарға ұмтылуға жігер берді. Тағы бір түсінгенім – бұл қалада уақыт өте құнды. Мұнда әр минуттың бағасы бар, сондықтан уақытты тиімді пайдалану – табысқа жетудің басты шарттарының бірі. Ең алдымен, армандаудан тыйылмау керек. Мақсатқа жетудің алғашқы қадамы – өзіңізге сену. Астана мүмкіндік береді, бірақ ешкімге дайын жетістік ұсынбайды. Бұл қала еңбекқор, табанды және жауапкершілігі жоғары адамдарды жақсы көреді. Сондықтан үнемі білім алып, өзіңізді дамытып, қиындықтарға мойымаңыздар. Туған жерді ешқашан ұмытпаңыздар. Қайда жүрсеңіздер де, еліңізге, туған өлкеге пайдаңызды тигізуге ұмтылыңыздар, — дейді Гүлдәурен.

Таңдауы табысқа бастаған

Атыраудан Сарыарқа төсіне қоныс аударып, жаңа ортада өз кәсібін дөңгелентіп жүрген азаматтардың бірі – Азамат Сағытжан. Бүгінде ол елордада сантехникалық жүйелерді орнату және инженерлік коммуникациялар саласында еңбек етіп, адал еңбегімен тұтынушы сеніміне ие болып келеді.

whatsapp image 2026 07 16 at 10.30.04 1 1

Жұбайы мен екі баласын көлігіне отырғызып, елордаға бет алған отбасы алғашқы кезде жалдамалы пәтерде тұрған. Кейін Атыраудағы үйлерін сатып, балаларын өздері қалаған мектеп пен балабақшаға орналастырып, сол маңнан баспана да сатып алыпты.

Оған дейін Азамат он үш жыл бойы мұнай-газ саласында еңбек етті. «Ембімұнайгаз» компаниясында кеңсе қызметкері болып, түрлі лауазымда жұмыс атқарған ол өзінің өмір жолын түбегейлі өзгерту туралы шешімді тез қабылдайды.

– Мұнай-газ саласында тұрақты жұмысым болды. Бірақ бір күні сантехника саласына бет бұрамын деген шешім қабылдадым. Жұмыстан шығатынымды айтқанда көп адам таңғалды. «Ембімұнайгаздан кім өз еркімен кетеді?» дегендер де болды. Бірақ мен бұл қадамға бұрыннан дайындалып едім. Жұмыстан бос уақытта сантехник болып жүрген жігіттердің қасына барып, ешқандай ақы алмай тәжірибе жинадым. Өзім кеңседе жұмыс істеген адаммын ғой, күні бойы физикалық еңбекке шыдай аламын ба деп өзімді сынап та көрдім. Арнайы еңбек демалысын алып, жиырма күн бойы таңнан кешке дейін құрылыс нысандарында жұмыс істедім. Сол жерде осы кәсіптің қыр-сырын үйрендім. Ақыры, ата-анамның батасын алып елордаға келдім. Мұнда да бәрі бірден бола қалған жоқ. Жайлап жұмыс тауып, алғашқы тапсырыстарымды орындап, бүгінгі деңгейге жеттік. Аллаға шүкір, адал еңбек етсең, ешкімнің ақысын жемей, жұмысыңды сапалы аяқтасаң, клиенттің өзі қайта хабарласады. Кейін туыстарына, таныстарына ұсынып жатады. Қазір солай ауызша ұсыныс арқылы жұмысымыз көбейіп келеді, — дейді Азамат.

Оның сантехника саласын таңдауының да өзіндік себебі бар. Бұл мамандық қай қалаға барсаң да сұранысқа ие. Сондықтан қай жерде өмір сүрсе де, еңбегімен күн көре алатынына сенімді болған. Бала күнінен қол еңбегінен қашпайтын ол үйдегі ұсақ-түйек жұмыстың бәрін әкесінің қасында жүріп үйреніпті. Сол тәжірибесі өмірлік кәсібін таңдауға ықпал етіп отыр.

Қазір Азамат қарапайым сантехникалық жұмыстармен ғана шектелмейді. Әрбір жаңа жобаны жаңа деңгейге көтеруге ұмтылады. Әр тапсырысқа жеке қарап, тапсырыс берушінің қажеттілігін, отбасының құрамын, тұрмыс салтын, қаржылық мүмкіндігін жан-жақты зерделеп барып шешім ұсынады. Клиенттің сапалы материалға не үшін көбірек қаражат жұмсауы керектігін де жан-жақты түсіндіреді.

– Әр жоба – жаңа жауапкершілік. Біз кеше жасаған жұмысымызды қайталағымыз келмейді, әрдайым жаңа деңгейге шығуға тырысамыз. Тапсырыс берушімен ұзақ сөйлесеміз. Оның өзі білмейтін дүниелерді түсіндіреміз. Кейде «неге қымбат?» деп сұрайды. Біз сапалы материалдың артықшылығын түсіндіргенде ойлары өзгереді. Әрине, адамның қалтасын да, талап-тілегін де ескереміз. Үйде қанша адам тұрады, жүйені қалай қолданады – бәрін есепке аламыз. Содан кейін ғана қандай материалмен жұмыс істейтінімізді, жобаны қалай жүзеге асыратынымызды ұсынамыз, — дейді ол.

Азаматтың пікірінше, кәсіби шеберліктің негізінде ең алдымен адамгершілік пен адалдық жатуы тиіс. Ол бұл қасиеттерді ата-анасы мен ата-әжесінен алған тәрбиемен байланыстырады. Тапсырыс берушінің үйіне өз үйіндей қарап, әрбір материалды ұқыпты пайдалануға тырысады. Сантехникалық жұмыс аяқталған соң, кейін келетін әрлеушілер бүлдіріп алмауы үшін барлық жабдықты арнайы қораптарға салып, белгі қойып қалдырады. Мұны да өз жұмысына деген жауапкершіліктің бір көрінісі деп есептейді.

– Әке-шешеміз бізді ешкімнің ала жібін аттамауға, адал еңбек етуге тәрбиеледі. Сол тәрбиені өмірлік қағида етіп келемін. Клиенттің дүниесіне өз мүлкімдей қараймын. Материалдарын шашпаймыз, бүлдірмейміз. Бізден кейін плиткашы, әрлеуші, сылақшы секілді басқа бригадалар келеді. Сондықтан өзіміз орнатқан жүйелерді арнайы қорғап, материалдарды жинап, қорапқа салып, «лақтырмаңыздар» деп нөмірімізді жазып кетеміз. Меніңше, нағыз жауапкершілік осындай ұсақ дүниелерден басталады, — дейді Азамат.

Оның достары мен туыстарының көпшілігі Атырауда қалғанымен, Астанада да жаңа орта қалыптасып келеді. Құрылыс саласында еңбек етіп жүрген атыраулықтардың көптігі де туған жерден жырақтағы азаматқа үлкен демеу болып отыр. Азаматтың айтуынша, Астана оған зор мүмкіндіктер қаласы ретінде ұнайды. Кейде тіпті «осында неге ертерек көшіп келмедім екен?» деген ойдың мазалайтынын да жасырмайды.

Жас кәсіпкер үлкен қалада өз кәсібін бастауға жүрексініп жүрген жастарға батыл қадам жасаудан қорықпауға кеңес берді.

– Егер адам іштей «өсуім керек» деп ойласа, сол ниетін кейінге қалдырмағаны дұрыс. Нәтиже туралы көп уайымдаудың қажеті жоқ. Адал ниетпен тәуекел етіп, нәтижесін Аллаға тапсыру керек. Себебі ертең не болатынын ешкім де білмейді. Біз тек бүгінгі қабылдаған шешімімізге ғана жауаптымыз. Сондықтан өсуге мүмкіндік барын сезінсең, қорықпай қадам жаса. Өз отбасыңды құрып, жекеменшік кәсіп бастауға жүрексінбе. Кейде адамдар қазіргі аз жалақылы жұмысына байланып, «осыны да жоғалтып аламын» деп қорқады. Бірақ адам өзіне сеніп, адал еңбек етуге ниет етсе, Алла оның еңбегін міндетті түрде береді. Бүгінде соған өз тәжірибеммен көз жеткізіп келемін, — дейді Азамат Сағытжанұлы.

Алмас ҚАБДОЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT