Аққыстаудан шыққан тұңғыш дипломат

Әскери дипломатия – темірдей тәртіп пен зор жауапкершілікті талап ететін ерекше сала. Осындай күрделі жолды таңдаған еліміздегі нәзік жандылар арасынан шыққан тұңғыш әскери дипломат – Атырау өңірінің тумасы Гүлбану Тастанбекова. Бүгінде ол Қазақстанның халықаралық аренадағы әскери ынтымақтастығын нығайтуға үлес қосып, мемлекет мүддесін қорғау жолында қызмет етіп жүр. Дипломатиялық қызмет күні қарсаңында әскери салада ширек ғасырдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан полковник Гүлбану Ғатиетқызымен әңгімелесудің сәті түсті.

Осы жылдар ішінде ол қатардағы қызметтен полковник шеніне дейін көтеріліп, республика Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінде бөлім офицерінен басқарма бастығына дейінгі жауапты қызметтерді атқарған. Қытай тілін жетік меңгерген ол 2023 жылдан бері Қазақстанның Қытайдағы әскери атташесі аппаратында қызмет етеді. Әскери дипломатияның қыр-сыры, бұл мамандықтың жауапкершілігі мен әйел адамның осы саладағы орны туралы оның өзінен білген едік.

Отбасы – жетістіктің бастауы

– Аққыстаудан басталған даңғыл жол бүгінде Бейжіңдегі Қазақстанның әскери дипломатиясына алып келді. Сол жолға бүгін қайта көз жүгіртсеңіз, тағдырыңызды өзгерткен ең шешуші таңдауды айта аласыз ба?

– Балалық және жастық шағыма көз жүгіртсем, ешқашан әскери қызметші боламын деп ойламаппын. Орта сыныптарда оқып жүргенде Шерлок Холмс пен комиссар Каттани туралы фильмдердің әсерімен тергеуші болуды армандадым. Ал жоғары сыныпқа келгенде дипломат болсам деген мақсат пайда болды. Осы арманның жетегімен ауылдан Алматыға келіп, сол кездегі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің шығыстану факультетіне оқуға түстім. Бастапқыда араб тарихы бөліміне құжат тапсырған едім. Алайда бұл мамандыққа талапкерлер өте көп болғандықтан, деканат бізге парсы немесе қытай тарихы бөлімдерінің бірін таңдауды ұсынды. Сол кезде марқұм анам: «Қытай – тарихы терең, ұлы мемлекет. Дүние жүзіндегі әрбір алтыншы адам қытай тілінде сөйлейді. Болашақ осы елмен тығыз байланысты болады. Сондықтан қытай тілі мен тарихын таңдағаның дұрыс», — деп ақылын айтты. Анамның сол кеңесі өмірімдегі ең дұрыс шешімдердің біріне айналды.

Университетті шығыстанушы-тарихшы, қытай тілінің аудармашысы мамандығы бойынша тәмамдап, кейін Қытайдағы Ланьчжоу университетінде білім алып, оны үздік дипломмен аяқтадым. Дегенмен тағдырымды түбегейлі өзгерткен шешім – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына келуім болды. Мен университет бітірген жылы Сыртқы істер министрлігінде бос орын болмағандықтан, Қазақстандағы Қытай банкінде аудармашы болып еңбек жолымды бастадым. Сол кезде жездем: «Қорғаныс министрлігіне де шет тілін білетін мамандар қажет. Бағыңды сол жақтан сынап көр», — деп кеңес берді.

Әуелі Қорғаныс министрлігінде азаматтық қызметші болып жұмыс істедім. Арада жарты жыл өткен соң Қарулы Күштер қатарына қабылданып, алғашқы әскери шенім – лейтенант атағын алдым. Сол сәттен бастап өмірімнің бағыты түбегейлі өзгерді. Кейін әскери дипломатия саласына келіп, бүгінде елімнің мүддесін халықаралық деңгейде қорғауға мүмкіндік алғаныма тағдырыма ризамын.

– Сіздің өміріңізде шығыстанушы, әскери қызметкер және дипломат деген үш түрлі жауапкершілік тоғысқан. Осы үш қырдың қайсысы сізді бүгінгі қалпыңызды қалыптастырды?

– Менің жеке тұлға болып қалыптасуыма ең алдымен өмірін саналы ұрпақ тәрбиесіне арнаған ата-анам мен ұстаздарымның ықпалы зор болды. Әкем Ғатиет Тастанбеков орыс тілі мен әдебиеті пәнінің, анам Дариға Дауылбаева алгебра мен геометрия пәндерінің мұғалімі болды. Екеуі де бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған жандар. Әдебиетке деген қызығушылығымды оятып, шығарма жазуға баулыған ағам Талғатбектің де орны ерекше. Ал ауылдан шыққан қыздың үлкен қала мәдениетіне бейімделуіне, театр мен өнерге деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына әпкем Гүлнафис көп ықпал етті. Білімге деген құштарлық пен еңбекқорлық біздің отбасымызда бала кезден қалыптасқан құндылық еді. Сондықтан бүгінгі жетістіктерімнің негізі туған үйімде қаланды деп сеніммен айта аламын.

whatsapp image 2026 07 16 at 10.27.38 1

Мектеп пен университеттегі ұстаздарымның да өмір жолымдағы орны айрықша. Әсіресе алғашқы ұстазым марқұм Марзуға апай, сынып жетекшісі болған Күлән Әженова білімге құштарлығымды арттырса, Қорлан Дүсіпова мен Бағдагүл Ғұбайдуллина апайларым – қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық олимпиаданың жеңімпазы атануыма зор үлестерін қосқан жандар. Қазіргі жетістіктерімнің кірпішін қалап, ұлы Қытай мемлекетінің тарихымен таныстырған профессор Нұржамал Алдабек апайыма шәкірттік алғысым шексіз.

Аққыстау орта мектебін алтын медальмен, ҚазМҰУ-ды қызыл дипломмен бітіріп шығуым осы ұстаздарымның еселі еңбегінің жемісі деп есептеймін. Ал сіз айтып отырған шығыстанушы, әскери қызметкер және әскери дипломат деген үш қырдың барлығы мені бүгінгі Гүлбану Тастанбекова ретінде қалыптастырды. Шығыстану маған өзге халықтардың тарихы мен мәдениетін терең түсінуді, тіл меңгеруді үйретті. Әскери қызмет тәртіпке, табандылыққа, жауапкершілікке баулыды. Ал әскери дипломатия осының бәрін ұштастырып, халықаралық деңгейде елімнің мүддесін қорғауға мүмкіндік берді. Сондықтан осы үш бағыттың әрқайсысы менің кәсіби әрі тұлғалық қалыптасуымда маңызды роль атқарды деп есептеймін.

Табандылық – ең басты қасиет

– Полковник шеніне дейін өсу – кез- келген әскери қызметкердің маңдайына бұйыра бермейтін жол. Сол ұзақ жолда сізді ілгері жетелеген басты қасиет не болды? Тәртіп пе, табандылық па, әлде елге деген жауапкершілік пе?

– Менің полковник шеніне дейін өсуіме әуелі алға қойған мақсатым және сол мақсатқа жетуге деген ұмтылысым себеп болды. Әскери ортада жүрген соң тәртіп өміріңнің ажырамас бөлігіне айналады. Әр тапсырманы тиянақты орындау, бастаған істі соңына дейін жеткізу, жауапкершілікті мойныңа ала білу – күнделікті қызмет барысында бойыңа біртіндеп сіңетін қасиеттер.

Мені жігерлендірген тағы бір нәрсе – туған өлкемнің рухы. Мен Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды батыр қыздарды дүниеге әкелген батыс өңірінің қызымын. Сол аяулы апаларымыздың ерлігі әрдайым маған үлгі болды. Сондықтан әйел адам да ерлермен қатар еңбек етіп, зор жетістіктерге жете алатынын өз ісіммен дәлелдеуге тырыстым.

Сондықтан бұл жолдағы жетістігім алға қойған мақсаттың, әскери тәртіптің, табандылықтың және Отан алдындағы жауапкершіліктің нәтижесі деп ойлаймын.

– Қытай – әлемдегі ең ірі державалардың бірі. Осындай мемлекетте Қазақстанның атынан қызмет атқарған сайын өз еліңіздің атын лайықты таныстыру үшін әуелі қандай қасиет қажет екенін түсіндіңіз?

– Ең алдымен Отанға деген шынайы сүйіспеншілік пен еліңе деген құрмет қажет. Себебі шетелде жүргенде тұтас Қазақстанды таныстырасың. Сондықтан еліңнің атынан қызмет ету – биік сенім әрі зор жауапкершілік. Осындай мүмкіндікті мақтанышпен қабылдап, қазақ халқының бай тарихын, мәдениеті мен әдебиетін, тілін және өнерін өзгелерге танытуға ұмтылуың керек. Ал, өз еліңнің тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін терең білу өте маңызды. Өзің жақсы білетін дүниені ғана өзгеге дұрыс жеткізе аласың. Ал қызмет атқарып жүрген мемлекеттің тілін жетік меңгерсең, екі елдің арасындағы байланысты нығайтуға да, қазақ елін жан-жақты таныстыруға да мол мүмкіндік туады.

Мен Қытайға қызметке барғанда өзіммен бірге домбырамды да ала бардым. Әрбір мүмкіндік туған сайын шетелдік әріптестеріме қазақтың күй өнерін таныстыруға тырыстым. Өйткені кейде халқымыздың болмысын ұзақ әңгімеден гөрі бір күйдің өзі-ақ тереңірек жеткізе алады. Мен үшін әскери дипломатия – қазақтың рухани құндылықтарын да әлемге таныту деп есептеймін.

Туған жердей жер болмас…

– Сіз төрт баланың анасысыз. Қызмет бабымен алыста жүргенде ана ретінде жүректі ең көп толқытатын сәттер бола ма? Балаларыңыз сіздің мамандығыңызды қалай қабылдайды?

– «Баласы бәйгеге шапса, анасы үйде отырып тақымын қысады» деген сөз бар ғой. Қай елде жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, ана жүрегі әрдайым баласымен бірге. Балаларыңның амандығын тілеп, олардың әрбір жетістігіне қуанып, әрбір қиындығына алаңдап жүресің.

Қытайға қызметке келген кезімде екі қызым шетелде біліп алып жүрген. Ал үлкен ұлым Астанада қалып, Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдағалы жүрді. Балам мектептен келгенде ыстық тамағын дайындап қарсы ала алмадым, емтихан кезінде қасында болып жігер бере алмадым. Соңғы қоңырау салтанатында құшағыма қысып құттықтай алмадым. Оның мектеп вальсін телефоннан көріп отырып, көзіме еріксіз жас алғаным рас.

Соған қарамастан балаларым әрдайым мені қолдап келеді. Олар менің қызметімді түсінеді, жетістіктерімді мақтан тұтады. Кіші ұлым Бейжіңге менімен бірге келді. Ол кезде бірінші сыныпты енді ғана аяқтаған болатын. Қытайша да, ағылшынша да білмейтін бала үшін бөтен елге бейімделу оңай болған жоқ. Алғашында қиналды, кейде: «Анашым, Қазақстанда-ақ жұмыс істесең болмай ма?» деп жылап та алатын. Бірақ уақыт өте келе жаңа ортаға үйреніп, достар тапты, қытай және ағылшын тілдерін меңгере бастады. Қазір дипломатиялық қызметтің жақсы жақтарын өзі де көріп жүр. Тіпті кейде әзілдеп: «Анашым, ағылшын тілін де білесің ғой, Қытайдан кейін ағылшын тілінде сөйлейтін елге барасың ба?» деп сұрайды. Ондайда екеуміз күліп аламыз.

Әрине, ана болу мен елге қызмет етуді қатар алып жүру оңай емес. Бірақ отбасының қолдауы кез-келген қиындықты жеңуге күш береді.

– Қызмет барысында әртүрлі мемлекетті, түрлі мәдениетті көрдіңіз. Бірақ туған жерге деген сағынышты сіз қалай ұғындыңыз? Сіз үшін Атырауды өзгелерден даралап тұратын ең қымбат қасиет қандай?

– «Қанша жерді араласаң да, туған жердің орны бөлек» деген сөздің мәнін шетелде жүргенде ерекше сезінеді екенсің. Қай елде жүрсем де, жүрегімнің түбінде кіндік қаным тамған жерге деген сағыныш әрдайым бірге жүреді. Ақын Табылды Досымовтың «Қыр баласы тауға қарап өспейді, қыр баласы қол созады аспанға» деген өлең жолдары да маған ерекше жақын. Сол себепті қайда жүрсем де жусан иісі аңқыған кең даламды, жұлдызы жарқыраған аспанын, туған жердің топырағын сағынамын.

Мен үшін Атырауды өзгелерден даралап тұратын ең басты қасиет – оның адамдары. Аптап ыстығына да, қара балшығына да, масасы мен сонасына, қатал табиғатына қарамастан, бұл өңірдің халқы ешқашан кеңпейілдігі мен ақжарқын мінезінен айныған емес. Барын бөлісуге дайын, қонақжай, дархан көңілді жандардың ортасында өскенімді әрдайым мақтан тұтамын. Сондықтан мен үшін Атырау – мінезімнің, болмысымның, өмірлік ұстанымдарымның қалыптасқан мекені. Қайда жүрсем де туған жерімнің атын абыроймен танытуға ұмтыламын.

Жауапкершіліктің жүгі ауыр

– Егер бүгін өзіңіз секілді арманы үлкен, бірақ ауылда өсіп жатқан қыз балаға бір ғана өмірлік кеңес айту мүмкіндігі берілсе, оған не айтар едіңіз?

– Мен де ауылдың қарапайым қызымын. Сондықтан бүгін сондай арманшыл қызға бір ғана кеңес айту мүмкіндігі туса, ең алдымен: «Өзіңе үлкен мақсат қой және сол мақсатыңнан ешқашан бас тартпа» дер едім. Мақсатқа жету жолында табандылық таныту өте маңызды. Кейде қиындық кездеседі, кейде жолың болмайды. Бірақ өзіңе деген сеніміңді жоғалтпау керек. Адамды биікке жетелейтін ең үлкен күш – оның білімі, еңбегі және өзіне деген сенімі.

Сондықтан әрдайым білімге ұмтылып, еңбек етуден жалықпау қажет. «Талпынған адамға алынбайтын қамал жоқ» деген сөз бекер айтылмаған. Егер мақсатың айқын болса, оған жету үшін бар күш-жігеріңді жұмса. Сонда ауылдан шыққан қарапайым қыздың да халықаралық деңгейде елінің намысын қорғайтын маман болуына толық мүмкіндік бар. Менің өмір жолым – соның бір дәлелі.

– Әскери дипломат, полковник, жар, ана… Осынша жауапкершілікті қатар алып жүру оңай емес. Осындай сенім сізге қандай міндет жүктейді?

– Әрине, жауапкершілік өте үлкен. Ана ретінде де, жар ретінде де, мемлекеттік қызметкер ретінде де саған зор сенім артылады. Сол сенімді ақтау үшін бар күш-жігеріңді жұмсауға тырысасың. Сондықтан әр адам алдына биік мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етуі тиіс деп ойлаймын.

Өзіме жүктелген жауапкершілікті жақсы түсінемін. Қазақта «Алдыңғы түйенің жүгі ауыр» деген сөз бар. Негізінен ер азаматтар қызмет атқаратын консервативті әскери ортадан шығып, қазақ тарихындағы тұңғыш әскери дипломат әйел атану – үлкен жауапкершілік. Мұндай жолда сынаушылар да болады. Сондықтан маған артылған сенімге әрдайым лайық болуға тырысамын.

Екіншіден, мен – отбасының бір мүшесімін. Бірақ қай қызметте жүрсең де, отбасын ешқашан ұмытпау керек. Сондықтан жарымның жағдайын да, отбасының қажеттіліктерін де ешқашан естен шығармаймын. Осы ретте өзімді жолы болған жанмын деп есептеймін. Ұзақ мерзімді шетелдік іссапарға шығуыма түсіністікпен қарап, өзінің жұмысын, бизнесін кейінге ысырып қойып, маған әрдайым қолдау көрсетіп жүрген өмірлік серігіме шексіз алғысымды білдіремін. Отбасының берекесі мен беріктігі де дәл осындай өзара түсіністік пен қолдауға байланысты деп ойлаймын.

Аналық парызымды да адал атқаруға тырысып келемін. Балаларымның әр жетістігі – мен үшін зор мақтаныш. Екі қызым мектепті «Алтын белгімен» тәмамдады. Үлкені Оңтүстік Кореяның Донгук университетінің режиссура факультетін бітіріп, кино саласында еңбек жолын бастап жатыр. Екінші қызым Францияның Страсбург университетін бітіріп, қазір Сорбонна университетінде магистратурада білімін жалғастыруда. Үлкен ұлым Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік аяқтап, қазір Гонконг политехникалық университетінде білім алып жүр. Ал кіші ұлым Бейжің қаласындағы «Фансаоди» халықаралық мектебінде оқиды. Балаларымның жетістіктері мені әрдайым жігерлендіріп, жаңа белестерге ұмтылдырады.

Әскери дипломат ретіндегі қызметім де аса зор жауапкершілікті талап етеді. Жаһандық тұрақсыздық пен аймақтық шиеленістер күшейген қазіргі кезеңде екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бар білімім мен тәжірибемді, күш-жігерімді жұмсауға тырысамын. Әріптестерім мен басшылықтың маған артқан сенімі – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе.

Бүгінде еліміздің Қарулы Күштері қатарында он мыңға жуық нәзік жанды әскери қызметші еңбек етеді. Ал Қытай Халық Республикасында аккредиттелген әскери атташелер корпусында 190-нан астам әскери дипломат болса, олардың небәрі сегізі ғана – әйел. Солардың қатарында Қазақстанның өкілі ретінде қызмет атқару – мен үшін үлкен абырой. Болашақта осындай жауапты жолды таңдайтын қазақ қыздарының қатары көбейсе екен деген тілегім бар.

– Гүлбану Ғатиетқызы, салиқалы сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңізге табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан Алмас ҚАБДОЛ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT