3 қыркүйекте Қазақстанда Қазақы тазы күні алғаш рет аталып өтеді

Қазақстанда 3 қыркүйек — Қазақы тазы күні ретінде алғаш рет атап өтіледі. Жаңа мерекелік дата 2026 жылы Үкімет қаулысымен еліміздің мерекелік күндер тізбесіне енгізілді.

Бұл күннің таңдалуы кездейсоқ емес. 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) қазақы тазыны алдын ала ресми танып, тұқымға №372 стандартын бекітті. Сонымен қатар Қазақстан қазақы тазының шыққан елі ретінде белгіленді.

Қазақы тазы — ғасырлар бойы Ұлы дала халқының тұрмыс-тіршілігімен бірге қалыптасқан ұлттық ит тұқымы. Ол дәстүрлі аңшылықта, соның ішінде қыран құстармен бірге аң аулауда пайдаланылып, адамның сенімді серігіне айналған.

Тазының қазақ мәдениетіндегі орны халықаралық деңгейде де мойындалды. FCI стандарты бойынша қазақы тазы қазақ халқының «Жеті қазынасының» бірі саналады және ер жігіттің сенімді серігінің символы ретінде сипатталады.

Ұлттық ит тұқымдарын сақтау бағытындағы жүйелі жұмыс 2023 жылғы қаңтарда қазақы ит тұқымдарын сақтау және өсімін молайту мәселелеріне қатысты арнайы заң қабылданғаннан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Құжатта қазақы ит тұқымдары, асыл тұқымды ит, тұқым стандарты, бірыңғай асыл тұқым кітабы секілді негізгі ұғымдар мен оларды сақтау тетіктері айқындалған.

Қазақы тазының халықаралық деңгейде алдын ала танылуы — осы жұмыстардың маңызды нәтижелерінің бірі. Ендігі міндет — FCI талаптарына сәйкес тұқымды алдын ала танудан түпкілікті тануға дейін жеткізу.

Бұл үшін тазының халықаралық стандартқа сәйкестігін сақтау ғана жеткіліксіз. Асыл тұқымдық жұмысты жүйелі жүргізу, иттердің шығу тегін нақты есепке алу, бірнеше ұрпақ бойындағы өсімін бақылау, денсаулығы мен мінез-құлқын қадағалау және тұқымды халықаралық кинологиялық іс-шараларда тұрақты таныстыру қажет.

Қазіргі таңда Қазақстан кинологтар Одағының асыл тұқымдық жүйесінде 4 мыңға жуық қазақы тазы тіркелген. Сонымен қатар ауылдық жерлерде орталықтандырылған есепке бұрын алынбаған сапалы иттер де бар. Оларды анықтау, сұрыптау және құжаттандыру жұмыстары өңірлік асыл тұқымдық байқаулар аясында жалғасып келеді.

Қазақы тазы халықаралық көрмелерде де таныстырылуда. 2026 жылғы маусымда тұқым өкілдері Италияның Болонья қаласында өткен World Dog Show дүниежүзілік иттер көрмесіне қатысып, жоғары нәтижелер көрсетіп, әлем чемпиондары атақтарын иеленді.

Қазақстан кинологтар Одағының Президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша, ұлттық тұқымды сақтау тек оның атауы мен сыртқы келбетін сақтаумен шектелмеуі керек.

«Негізгі міндет — оның табиғи қасиеттері мен функционалдық ерекшеліктерін сақтай отырып, өміршең тұқым ретінде келешек ұрпаққа жеткізу», — деді Бауыржан Серікқали.

Қазақы тазы күнінің белгіленуі — ұлттық тұқымды сақтау жолындағы маңызды қадам. Жаңа мереке қазақы тазының тарихи-мәдени құндылығын дәріптеп қана қоймай, оның гендік қорын сақтау, сауатты асылдандыру жұмыстарын жүргізу, жұмыс қасиеттерін дамыту және ұлттық тұқымды әлемге танытуға бағытталған ортақ жауапкершілікті айқындайды.

Айта кетейік, Қазақы тазы күні жыл сайын 3 қыркүйекте аталып өтеді. Қазақы тазы 2024 жылғы 3 қыркүйекте Халықаралық кинологиялық федерация тарапынан алдын ала танылды.

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT