ҚАЙДА ЖҮРСЕ ДЕ ТУҒАН ЖЕРІНІҢ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТТАРДЫҢ БІРІ, БАПКЕР ЖЕРЛЕСІМІЗ – ДАРХАН ІЗМҰХАНОВ. ОЛ ЕЛГЕ ТАНЫМАЛ АТАҚТЫ СПОРТШЫЛАРМЕН ҚАТАР ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫН СӨЗГЕ ТАРТЫП, ИНДЕРГЕ «СӘЛЕМ» ЖОЛДАУЫНА СЕБЕПКЕР БОЛЫП ЖҮРГЕНІНЕ КУӘСІЗДЕР.
Айталық, Сеул және Барселона Олимпиадасының жүлдегері, Әлем чемпионы, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы Дәулет Тұрлыхановты спортсүйер қауым жақсы біледі. Қазір ол грек-рим, еркін күрес және әйелдер күрес федерациясының президенті, Қазақстан және әлем күресінің дамуына өзіндік үлесін қосқан тұлға. Кейіпкеріміз Дар хан Ерсайынұлы атақты палуанмен Алматы қаласында өткен «Ауыл спорты» ойындарында кездестіріп, туған жеріне сәлем жолдауына себепкер болды. Индерге сәлем жолдаушылардың арасында осы грек-рим күресінен Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Нұрбақыт Теңізбаев, Демеу Жадыраев, Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан сынды аты шулы палуандармен жалғаса береді. Палуандармен қатар Қазақ елін әлемге танытқан атақты боксшылар да сәлем жолдаушылардың сапында. Олардың қатарында Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов, Афины Олимпиадасының чемпионы, Вел Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев, әйгілі былғары қолғап шеберлерінің әйгілі білікті бапкерлері Тұрсынғали Еділов, Мырзағали Айтжанов, тағы басқаларына туған жерін танытып, сәлем жолдауына себепкер болды. Елгезек жерлесіміз спортшылармен бірге танымал әншілерге де туған жерін танытып жүр. Олардың арасында Қайрат Түнтеков, Нұрболат Абдуллин, Нағима Есқалиева, Адам лақап атымен танылған әнші Фарух Тоқтамұратов, Әбдіжаппар Әлқожа бар. Одақ кезінде «Знай наших» атты кинода атақты палуан Қажымұқанның рөлін сомдаған Әлеухан Бекболатұлы, актер Бек жан Тұрыс, айтыскер ақын Ди дар Хами сынды басқа да өнер жұлдыздары да сәлем жолдаушы лар қатарынан табылды.
– Байқағаным, спортшылардың арасында қаншама Олимпиадалық ойындарды бағындырған атақтылары болса да көбі қарапайым да кішіпейіл келеді екен. Ал танымал әншілерге деген халықтың қошеметі шексіздіктен бе бірқатарының көкіректігі байқалып қалады. Әйтсе де өнер жұлдыздарына қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовтың ауылынан келгенімді алға салсам, бірден жылышырай танытады, дейді ол. Жұлдыздардан сұхбат алуда талай күтпеген жағдайлар да орын алыпты. Бірінде әйгілі әнші, сахнаның кербезі Мәдина Сәдуақасовамен ұшырасып қалып, ауылға сәлем жолдауға әупірімдеп жүріп келістіріпті. Әйгілі әншінің жанына тұрып енді суретке түскені сол-ақ екен, ұялы телефоны өшіп қалып, қапы қалыпты... Қазіргі бапкер, кезінде шебер спортшы болған Дархан Ерсайынұлы елімізде ғана емес, талай шет жердегі жарыстарға да жолы түскен. Әсіресе Ресейдің Татарстан, Башқұртстан, Дағыстан, Чешенстан, Осе тия, Чувашия, Мордовия сынды іргелі елдердің талай түкпірлеріне барған. Украина мен Белару с т е ж ә н е Лит в а , Л а т в и я , Г р у з и я , Армения, Өзбекстан, Қырғызстан сынды бұрынғы Одақ елдерінде болған. Кейіпкеріміз бірінде Дағыстанның Хасавюрт қаласында күрес әлемінің жұлдыздарымен кездесіп, сөзге тартыпты. Оның ішінде еркін күрестен Олимпиада ойындарының үш мәрте, Әлем чемпионаты мен Еуропа чемпи онатын 6 рет ұтқан марқұм чешен жігіті Бувайсар Сайтиев пен кездесіп, Қазақ еліне сәлемін жеткізуге мұрындық болған екен. Сонымен қатар атақты спортшылардың қатарында Афина және Бейжің Олимпиадаларының чемпионы, авар ұлтының өкілі, ресейлік Мәулет Батыров, жеңіл атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы, табасаран ұлтының өкілі Елена Исенбаева да бұл қатардан табылады. Кейіпкеріміздің өзіне кел сек, ол Индербор кентінде дүниеге келіп, қаршадайынан-ақ аудандық спорт мектебінде еркін күреспен шұғылданып өскен. Ауданда еркін күрес спортының кәсіби негізін қалаған Сәттіғұл Әзербаевтан бастап, Арман Аязғалиев, Абай Төлегенов сынды аудан бапкерлерінен тәлім алған. Кенттегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің 8-ші сыныбын аяқтаған соң еркін күрес әлемінің жолына түскен ол Орал қаласында спорт лицейін тәмамдаған. Ауылда жүргенінде Атырау облысы чем пионы атанған еді. Оралда тәлім алып жүргенінде Батыс Қазақстан облысының бірнеше мәрте чемпионы болды. Осы көрші облыстың сапында Қазақстан кубогінің күміс жүлдегері атанды. Күрес әлеміндегі әйгілі мықтылар шыңдалып жүрген Дағыстанда талай рет оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Ресейдің Тольятти, Орынбор, Украинаның Львов қалаларында және еліміздің бірқатар ірі қаласында өткен халықаралық жарыстарда жүлдеге қол жеткізген. Әйтсе де бабы келіскенімен, бағы жанбады ма, Қазақстан чемпионатының жүлдесі бұйырмай қойыпты. Бірнеше мәрте қола жүлде үшін белдесуде жолы болмапты. Сонымен қатар Отан алдындағы борышын өтеген кезде әскерилер арасында жеңіл атлетиканың 5 шақырымдық қашықтықта жүгіруде қола жүлдегер атанған екен.
– Өзім Қазақстан чемпионатының жүлдесіне қолым жетпесе де бұл асуды шәкірттерімнің бағындырғанына ризамын, дейді ол. Айтқандайын, шәкірттері арасынан Қойшыбай Бекнұр жастар арасында Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды. АҚШ елінде өткен жастар арасындағы кіші әлем чемпионатында белдесіп, 6 орынға дейін жетті. Жарсуат ауылынан шыңдаған шәкірті Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Олимпиадалық ізбасарлар мектебінде оқыды. Қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің спорт факультетінің 2-курс студенті. Келесі шәкірті Ибрахим Абзалұлы республикалық «Ауыл спорты» ойындарында күміс жүлдеге қол жеткізді. Қазір ол облыс орталығындағы олимпиадалық ізбасарлар мектебінде шеберлігін шыңдауда. Бұл шәкірттерін алғашқы әзірде аудандық балалар спорт бөлімінің Жарсуат ауылындағы бөлімінде жертөледе дайындап жүріп жеткізді. Ал қазіргі шәкірттері ауылдағы жаңадан бой көтерген заманауи спорттық кешенде жаттығуда. Бұйырса, елгезек жерлесіміздің шәкірттері әлі талай белесті бағындырып, әрі талай «жұлдыздардың» туған жеріне сәлем жолдауына себепкер болады деген сенімдеміз.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ



