Оқушылар үшін жазғы демалыс уақытын қызықты әрі пайдалы өткізудің ең тиімді жолдарының бірі – мектеп жанындағы жазғы лагерь. Сондай білім ордаларының бірі Мұхтар Әуезов атындағы орта мектептің жазғы лагеріне барып, оның тыныс-тіршілігімен танысып, лагерь жұмысына жауапты ұстаз Меруерт Ерғалиевамен сұхбаттастым.
Оның айтуынша, лагерьдегі әр күн балалардың денсаулығы мен жан-жақты дамуына бағытталған. Таңертең бүлдіршіндер сергіту жаттығуларын жасап, көтеріңкі көңіл күймен күндерін бастайды. Кейін дәмді әрі құнарлы таңғы ас ішеді. Ас мәзірінде түрлі ботқалар, жеміс-жидектер мен дәруменге бай тағамдар ұсынылады.
Таңғы астан кейін балалар таза ауада серуендеп, спорттық ойындар ойнайды. Сонымен қатар олар шығармашылық және танымдық шараларға белсене қатысады. Лагерьде сурет салу, ән айту, би билеу, спорттық жарыстар, түрлі байқаулар өткізіледі. Түскі астан соң балалар тынығып, тыныш сағатта демалады. Одан кейін түрлі ойындар мен тәрбиелік бағдарламалар жалғасады. Осындай жүйелі күн тәртібі балалардың уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Лагерь тәрбиеленушілері өнер мектебіне барып музыкалық аспаптармен танысады, сондай-ақ экскурсияларға шығып, туған өлкенің тарихы мен мәдениетін тереңірек біледі. Бүгін балалар Индер аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, көптеген құнды экспонаттарды тамашалап, аудан тарихына қатысты қызықты мәліметтермен танысты.
Лагерьде демалып жүрген ендігі оқу жылында 4-сыныпқа баратын Смайл Санжар өз әсерімен былайша бөлісті:
«Маған бұл лагерь өте ұнайды. Мұғалімдеріміз бен тәлімгерлеріміз өте мейірімді. Күн сайын қызықты ойындар ойнап, ән айтып, көңіл көтереміз, түрлі жарыстарға қатысамыз. Мен мұнда жаңа достар таптым. Осында келгеніме өте қуаныштымын»,
Иә, бұл лагерь де – әр балаға жарқын естеліктер мен ұмытылмас әсер сыйлайтын ерекше демалыс орны.
Карина Бауыржанқызы,
Индербор кенті



