Жаз мезгілі – жастар үшін тек демалыс емес, еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізетін уақыт. Осындай игі бастамалардың бірі - «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы. Бұл ұйым табиғатты қорғауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және жастарды еңбекке баулуға үлкен үлес қосып келеді.
«Жасыл ел» жасағының мүшелері күн сайын түрлі аумақтарды тазалау жұмыстарына қатысады. Олар саябақтар мен көшелерді, демалыс орындарын, карьер аумақтарын қоқыстан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызады.

Жастар табиғатты қорғауға өз үлестерін қосып қана қоймай, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және еңбекқорлыққа тәрбиеленеді. Бір-біріне қолдау көрсетіп, қоғам игілігі үшін аянбай еңбек етеді.

Осы еңбек жасағының мүшесі, М.Әуезов атындағы мектептің 8-сыныбын аяқтаған оқушы Айша Сисенбаева:
«Маған «Жасыл елде» жұмыс істеген өте ұнайды. Бұл жерде өз еңбегіммен табыс тауып қана қоймай, табиғатты қорғауға үлес қосып жүргенімді сезінемін. Ұжымымыз өте ұйымшыл, барлығы бір-біріне көмектеседі. Қоғамға пайда әкелетін істің бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын», - деді.
Әрине, табиғатты қорғау – баршамыздың парызымыз. Десек те осы жолда еңбек етіп жүрген еңбекқор, белсенді және жанашыр жастар еңбекгі көпке үлгі.
Карина Бауыржанқызы,
Индербор кенті



