Жалт ойнаса, жарық сөнеді, оның себебі неде?

Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның энергетикалық саласын дамыту бойынша инфрақұрылым тозуын азайту, жаңа қуат көздерін қосу және атом энергетикасын дамыту міндеттерін қойса, Мемлекет басшысы Атырау облысының әкімі Б.Ақшолақовқа да осыны тапсырған болатын.

Шын мәнісінде кейбір аймақта жалын ойнаса, жарық сөніп, халықтың жанайқайын туғызып отыр. Неге? Тозған жүйе қашан жөнге келтіріледі?

 

Жақында Президент тапсырмасына сәйкес Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақовтың төрағалығымен кеңейтілген жиын өтіп, онда тұрғындарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері қаралған болатын. Аймақ басшысы бұған дейін жарықтың жиі сөнуіне қатысты түскен арыз-шағымдарды жан-жақты зерделеп, негізгі себептерді анықтау жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

 

Жиында облыс әкімі аппаратының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің бас инспекторы Инамат Хайдаров баяндама жасады. Оның сөзінше, 2026 жылғы 7 айда «109» орталығына 40 мыңнан астам өтініш түскен. Олардың басым бөлігі Тасқала, Нұрсая, Балықшы, Жұлдыз және Атырау ықшамауданы тұрғындарынан тіркелген.

 

    - Шағымның көбеюіне негізгі себептің бірі – жеке инвестициялар есебінен салынған тұрғын үй кешендерінің электр желілеріне өз бетімен қосылуы. Бұл көбіне апатты жағдайларға әкеп соғады. Тағы бір мәселе «Атырау Жарық» ЖШС диспетчерлік қызметі мен кері байланыс жүйесі жұмысының тиімсіздігінде болып тұр. Тұрғындар жарық өшкен кезде диспетчерлік қызметке хабарласу мүмкін емесін және өтініштердің дер кезінде қарастырылмайтынын айтып жиі шағымданады, -дейді И. Хайдаров.

Дегенмен бұл мәселе біздің ауданда да өткір тұр.

Ауылнайдың амалы қайсы?

Соңғы кездері тұрғындардың «Соқыртеке ойнаймыз ба?» деген жанайқайы жиілеп кетті. Мысалы, аққалалық Есболат Омаров:

-Жел соқса болғаны желіні шайқай ма, әйтеуір жарық сөніп мазамыз кетеді. Әңгіме бір-екі сағаттық қараңғылықта емес. Үйдегі электр тоғына қосулы тұрған тоңазытқыш, телевизор сынды тұрмысқа қажет заттарымыз істен шығады. Өз басымнан өтті осы жай. Сондықтан тоқты кідіріссіз беруді сұраймыз,-дейді. Мұнан басқа ауылдар мен Индербор кентінде де осы жай жиі қайталанатынды шығарды.      

Оның үстіне ауылда электрик маман және жоқ. Соның кесірінен өз еркімен тоқ көзін жалғаймын деп тұрғындар жазым болуы әбден мүмкін. Жалпы бұл салада түйткілді мәселелер көп-ақ. Осы орайда Елтай ауылдық округінің әкімі Д.Сариев:

- Кеңес үкіметі кезінен келе жатқан электр желілері бар. Қатты дауылдарда істен шығады. Біз мұның бәрін анықтап «Атырау-Жарық» ЖШС-не бердік. Ал өз тарапымыздан барлық атқаруға тиісті жұмыстарды жасап отырмыз,-дейді.

Ал Көктоғайдағы жағдай тіптен ауыр. Оны округ әкімі Қайрат Табылдиевтің өзі де жасырмай айтып отыр. Дауыл тұрса, ауылда дабыл қағылатын көрінеді. Өйткені әсіресе жаңа қоныстанған үй иелерінің телевизор, мұздатқыш сынды өзге де мүліктері істен шыққан. Оның кейбірі несиеге алынса қайтеміз? Амал жоқ, жарамсыз мүліктің ақысын төлеп отыр. Оған кім жауапты? «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші, ауылбасы да өзіне сенім білдірген халқының мұқтажын айтып, торғайдай шырылдағанмен амалының құрығанына налиды. Яғни электрдің жетпей тұрғаны Көктоғай ауылы токты Өрліктен алып отыр. Енді ауылға дербес инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы соның ішінде ток жүйесі құрылысын жүргізу үшін техникалық шартқа сәйкес ток көзіне қосылу өзгеруіне байланысты, жобалау-сметалық құжаттамасы әлі күнге белгісіз болып отыр.

 

Қарекет қане?

Жалпы аудан бойынша «Атырау-Жарық» ЖШС теңгеріміндегі 1074 км электр желісінің 68% тозса, барлығы 194 трансформатор бар. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ теңгерімінде 220 КВт 473 км электр желісі болса, оның 40,81 % әбден ескірген. Ал округ әкімдері теңгерімінде аудан бойынша 58 трансформатор істеп тұр. Оларды да жаңарту жұмыстары жалғаса береді.

Айталық, Индербор кентіндегі электр желісін жаңғырту мақсатында 12,8 км желіні ауыстыру үшін 317 млн.теңге бөлініп, «Асыл-Тау» мекемесі, 640 темір-бетонды бағананы орнатқан. Сонымен қатар Елтай ауылынан – 316 және Аққала ауылынан 251 жаңадан берілетін жер учаскелерді электр желісімен қамту үшін 300 495,00 мың теңгеге ток желісі жүргізілген. Аққала ауылының оң жағалауынан 903 жаңадан берілетін жер учаскелерді электр желісімен қамту үшін ток желісі жүргізіліп, бағана және трансформаторлары орнатылып, ток қөзімен қамту үшін жұмыстары жүргізілген.

Су тасқыны кезінде электр желісінде ақау болып, мердігерге мекеме электр желісінің үзілген жерін анықтап және қалпына келтірді. Басқа да зақым келген жерлерін анықтап, қалпына келтіру үшін материалдарына сұраныс беріліпті.

Бұған қоса Жарсуат, Бөдене, Өрлік ауылдарына ток жүйесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы тартылып, толық іске қосылған.

Ал Көктоғай ауылына дербес ток жүйесі үшін облыстық энергетика басқармасы техникалық шартқа сәйкес жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтап жатқан көрінеді. Сондықтан биыл да көктоғайлықтардың кейбірі майшамдарын сайлап отырулары қажет-ақ.

«Атырау-Жарық» не дейді?

«Атырау-Жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Индер аудандық электр желісі бөлімшесінің басшысы Ерлан Мусағалиевтің айтуынша, аудан халқын, кәсіпорындар мен мекемелерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін 97 электрик қызмет етеді. Серіктестіктің биылғы жоспары бойынша 0,4кВ төменгі кернеулі тозығы жеткен 4,64 шақырым болатын әуе желісі мен ағаш бағаналарын заманауи СИП кабелі мен темір-бетон электр бағаналарына ауыстыру сынды күрделі жөндеу жүруде. Сонымен қатар тозығы жеткен және трансформаторлардың қуатын күшейту мақсатында 3 дана ҚТС-10/0,4кВ электр қондырғылары жаңа заманауи ЖҚТС-10/0,4кВ қондырғысына ауыстыру қолға алыныпты. Ал 2024-2029 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламалардың бекітілген кестесіне сәйкес жоспарланған жұмыстар жүріп жатыр. Соның ішінде 2025-2026 жылдар аралығында 1 дана ЖҚТС 160/10/0,4 кВ қондырғысы мен 2 дана реклоузер қондырылыған. Сондай-ақ 2026-2027 жылдары Елтай ауылдық округіне қарасты 0,4 кВ төменгі кернеулі тозығы жеткен 3 шақырым болатын әуе желісі мен ағаш бағаналары заманауи СИП кабелі мен темір-бетон электр бағаналарына ауыстырылмақшы. Сонымен қатар қуатын күшейту мақсатында 1 дана ҚТС-10/0,4 кВ 250 кВа трансформаторы жаңа заманауи ЖҚТС-10/0,4кВ 400 кВа трансформаторына ауыстырылуы қажет. Индербор кентіне қарасты 10 кВ әуе желісінің бойына апат бола қалған жағдайда тез арада ретке келтіру мақсатында 1 дана реклоузер қондырғысы орнатылмақ. Кешенді жұмыстар барысында қосалқы станцияларды жаңарту және қуатын күшейту мақсатында 2027-2029 жылдар аралығында Бөдене, Рудник подстанцияларында жоспарға сәйкес жұмыс жасалмақ.      

Сондай-ақ 2024 жылы аудандық бюджет арқылы 1 АГП арнайы техникасы мен 1 КамАЗ манипулятор жүк көлігі алынып, «Атырау-Жарық» мекемесіне сенімді басқаруға берілген. Яғни серіктестікке әкімшілік көмектесіп отыр. Сондықтан жарық берушілер жағдайды тез қолға алып, электрмен үздіксіз қамтамасыз етуі қажет.

Сонымен...

Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов кеңесті қорытындылай келе, қала мен облысты электрмен жабдықтау мәселесі өзінің жеке бақылауында екенін баса айтты.

    -Қаланы электрмен қамтамасыз ету мәселесіне қала әкімі, ал облыс деңгейінде облыс әкімінің осы бағытқа жетекшілік ететін орынбасары тікелей жауапты болады. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда және қабылданған шешімдердің орындалуына нақты лауазымды тұлғалар жауапты болады, -деді облыс әкімі.

Өңір басшысы орта мерзімді міндеттерді де айқындай келе эектрмен қамтамасыз етудің сенімділігі алдағы жылыту маусымына дайындықтың негізгі бағытының бірі ретінде қарастырылуы тиіс екендігін, өңір энергожүйесінің тұрақтылығын арттыру бойынша нақты ұсыныстар әзірленуі қажет дегенді баса айтты. Бұдан бөлек, облыс әкімі әуе электр желілерін жерасты кабельдерге ауыстырудың техникалық мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Қайткенде де Президент жүктеген міндет аяқсыз қалмай нақты шешімін тауып, жалын ойнаса жарық сөнбейді деген ойдамыз. Халықтың ұсыныс-пікірі де сол.

Ж.Исламғалиев

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT