Дендер газетіндегі тұз көлі жөніндегі мақалаларды оқи жүріп, өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.
«Тұссыз ас, доссыз өмірмен тең деген».Тұз көлінің экологиялық жағадайы әркез көткеріліп жүрген мәселе. Соның ішінде көлдің ластануына ең үлкен қауіп төндіретін «Ақсайдың сайы», ол кенттің шетінен басталып, көлге барып тіреледі және жолшыбай көптеген саймен тоғысады. Кезінде «Рудник» сол сайдың көлге құяр тамағына бөгет тұрғызып, оны «қоңыр бөгет» деп атаған болатын. Сол себепті «Индер Тұз» құрылғаннан кейін өз қамқорлығына алып, жылына көктемде және күзде қалпына келтіріп отыратын. «Индер Тұз» банкрот болғаннан кейін ол бөгет қараусыз қалып, отыз жыл бойына саймен аққан лас сулар көлді бүлдіруде. Сол бөгет кезінде жиналған қардың, жаңбырдың суларынан үлкен тоған болды. Көктемде бөгеттің түбіндегі судың тереңдігі 3-4 м дейін жетіп, сосын сиыр құйымшақтанып «Кәріз суын тазалау» қондырғысына дейін жететін. Екі жағалауға тобылғы, жыңғыл, изен т.б шөптер қаптап, керемет өріс, ал көктемде, күзде ауыл адамдары құс ататын тамаша жер болатын. Қазір оның біріде жоқ. Есесіне сай көлді бүлдіретін үлкен нысанға айналды. Осы мәселені қоғамдық кеңесте көтеріп, талқыласа нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар көлде жұмыс жасайтын мекемеге сол бөгетті жөндеп, күтіп ұстауды міндеттеу керек.
«Дендер» газетінің №1ші 8-қаңтар 2026 жылғы санында «Тұзға талас көп, талап ше?»-деген мақаладан түсінгенім «Аралтұз» АҚ-ы көлден экскаватормен жылына 37 мың тонна тұз өндіріп, өзінің шикізат базасына айналдырғысы келетін сияқты. Түсінген кісіге мекеме ашып, айтып отырған азғантай көлемге шығынданғанша істеп тұрған мекемелермен шартқа отырған әлде қайда тиімді емес па? Экскаватормен қазып, әр жерден шұңқыр көбейтіп, кен орнына нұқсан келтіргенше!
Мен Астрахань облысындағы «Басқұншақ» тұз кенішінде бірнеше рет болдым. Бұл көл біздің көл сияқты көл, алайда көлемі жөнінен көп үлкен. Тұз қабаттары өте қатты, тұз өндіру патшалық ресей кезінде басталған, тарихы үлкен. Тұз қабатының қатты болуына байланысты олар тұздың бетіне рельс төсеп, комбайнмен 6-7 м тереңдікке дейін қазып өндіреді. Тұз өндіретін котловандарды үзбей жалғастыра беру мүмкіндігі болмағандықтан, көлдің беті толған қазан шұңқыр. Сол себепті кен орнын игеру қиынға соғып тұр, неге десеңіз котловандардың арасымен тартқан рельстердің табаны опырылып, комбайндардың құлау қауіпі жоғары. Экскаваторлық технологияда осыған ұқсас, кен орны толық игерілмей ерте тозуына әсер етеді.
Ал «ИндерТұз» мекемесіне келсек, алғашқыда «АралТұз»-дың тәжірибелік учаскесі болып ашылғанмен кешікпей бөлек отау құрды. Оның негізгі мақсаты қалқымалы пантонда орнатылған фрезерлі комбайнмен өндірілген тұзды бір мезетте жуып, әрі сорықтырып шығару болды. Жобалық қазу тереңдігі 10 метр. Тәжірибелік қондырғының мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, ол қондырғымен 7-8 м дейін тұз қазылып, сапасы жоғары 99 пайыздың үстіндегі тиындарымен тұз алынды. Оның үстіне өзін-өзі қаржыландыру принциптерімен жұмыс істегендіктен жыл сайын үкіметтен экскаватормен қазуға рұқсат алып отырдық. Гидровикалық экскаватордың қазу тереңдігі шектеулі болғандықтан, оның артынан драглайнмен жүріп тұз алу тереңдігін 5-6 метрге дейін жеткіздік және тұздың сапасын көтеру үшін қосымша қондырғылар пайдалануға тура келді. Сонымен қатар Украинаның Оралдағы «Зенит» зауыттарымен үлкен, қуатты земснаряд жасауға келісім шарт жасастық. Алайда одақтың күйреуі, Республикалардың бытырауы, мекеменің экономикалдық жағдайына үлкен әсерін тигізіп, ақыры банкрот болып тынды. Тұзды земснарядпен өндіру технологиясы біздің көл үшін өте пайдалы және көлдің табиғи режиміне ешқандай зияны тимейді. Біздің көліміз жер бетіндегі ерекше көл, себебі ол жер асты суларымен байланысып, өзін толықтырып отырады және біздің көлдің тұзы ел айтып жүргендей ауаға ұшпайды. Ал басқа мемлекетте өндірілетін тұздар теңіздің, мұхиттың суларындағы тұнба тұздар. Мысалы Аралдың, Қарабұға көлінің Америкаға дейінгі барған тұздары .
Сондықтан менің пікірім азғантай көлемдегі тұзды өндіреміз деп көлдің режимін бұзбай , осындағы мекемемен келісіп шартқа отырғаны дұрыс деп ойлаймын. Жеріміздегі әрбір төбенің, ойпаттың топографиялық картаға белгіленгенін білемін. Сол картаға «Оңдасын жалы» деп енгенінде білемін. Сол жалдың баурайында жазда он шақты үй, ауыл болып шаруашылықтарымен отырғанын көзім көрді. Мал іздегенде жалдың астында немесе қырлығында, тұздың жағасында деп көшеде жүргендей айтатынбыз. Қазақ ұғымында жал деген сөз асқақ деген мағына бермей ме? Санамызға сіңіп қалған «Оңдасын жалы» деген ұғымды, асқақ деген мағынаны төмендетіп жәй төбе деп атағанда не ұтамыз?
Жалпы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған, мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев атаққа да, естелікке де мұқтаж емес екенін білеміз, ал сол жалды Оңдасын жалындағы «Аспан асты Дінмұхамет Қонаев атындағы мұражай» -деп атаса, аспандамаса жерге түсіп кетпейді ғой деген ойымды ортаға салып отырмын. Мүмкін оқырмандардың ішінде келіспейтіндері де болар, әркімнің өз еркі ғой.
Жолдас ДОШҚАЕВ
«Тұз» кәсіпшілігінің бұрынғы қызметкері,
зейнеткер.
Индербор кенті



