АДАМ ТОПЫРАҒЫНА ТАРТЫП ТУЫП, СОЛ ӨСКЕН ОРТАСЫНАН НӘР АЛАДЫ. ЯҒНИ САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ БОЙЫНА ДАРЫТАДЫ. СӘБИ ШЫР ЕТІП ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕННЕН БАСТАП АНАСЫ БАУЫРЫНА БАСЫП, ОНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛҒАШ ӘЛДИ ҮНІ ЖЕТЕДІ. МІНЕ, АНАНЫҢ ТІЛІ ДЕГЕНІМІЗ ОСЫ.
Айтайын дегеніміз, сейсенбі күні зауал ауған шақта аудандық мәдениет үйінде өзгешелеу бір кездесудің куәсі болдық. Ол – “Тамыр” рухани stand-up деп аталады. Бүгінгі оқырман талабына сай заманауи нұсқа. Көркем іс-шараны ұйымдастырушы “Жарқын Жан Ұя” қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Омарханқызының айтуынша, Атырау облысы ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Тамыр» рухани stand-up жобасы қала мен 7 ауданда қолға алынған. Мұның бір ерекшелігі – әзіл емес, ата-баба тамырынан тартатын рухани әңгімелер мен жаназық беру, ой салу. Өйткені соңғы кездері жеңіл әзіл, мағынасыз әңгіме, вайн, хит дегендерге көрерменнің көңілі қала бастады. Сондықтан сөз басын тектен теріп, жастардың назарын осы арнаға қарай бұруды мақсат тұтыпты. Бұл кездесуге көрермен жастар да көп келіп, ұйып тыңдады.
Сонымен алғашқы болып сөз алған дәстүрлі әнші Әділет Сүйінғалиұлы өз өмірімен байланыстыра отырып, өмірден алған өнегесін әңгімеледі. Сонау Исатай ауданы Тұщықұдықтың суынан қанып ішкен ол – әже тәрбиесі, қой бағып, бұзау қайырып жүргендегі алаңсыз балалық шақ, сөйтіп есею жылдары, жоғары оқуға түсіп, ортаға кіріп бой түзеуі, кітап оқып үйренуі, бәрі-бәрін жалықтырмай ұғынықты әңгімелеп берді. Яғни алға мақсат қойып, өзіңді жеңіп, талпына беру қажеттігіне меңзейді. Содан соң тыңдармандарға тамаша ән тарту етті.
Одан кейін мазмұнды әңгіме өрбіткен аудандық санэпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Ақмарал Досымбетқызы ұлттық болмыстың тұғыры – тіл мен дәстүр, әдебиет. Ауыз әдебиеті, батырлар жыры, терме, ұлттық ән-күй, би, поэзия төңірегінде ой қозғап:
-Ұлттық болмыс деген не? Бұл туралы ғылыми анықтамаларды тізбей, қарапайым ұғыммен айтып көрейікші. Өзгені емес, өз ұлтымыз туралы айтсақ. Бұл қазаққа тән мінез, қазақы дүниетаным, қазақы мәдениет пен рухани ерекшелік. Қазаққа тән деген кезде көпшіліктің көз алдына кең дала, далиған дастархан, қонақжайлылық, ұлттық киім киген ұл мен қыз, домбыра және сауыт киіп, найза ұстап, хан ордасына қаймықпай кіретін, жауының жағасынан қолы кетпеген батыр келетіні бар. Міне, бұл қазақы рух. Ал қазір біз бұл ерекшеліктердің көбін кемшілік деп санағымыз келеді. Далиған дала қаладан қалаға жетуде қиындық туғызады, мол дастархан шығын, қонақжайлылық біреуге ұнау, ұлттық киім ескілік, батырлық емес елшілік керек деген секілді ұғымдарды алға тартамыз. Осылайша ұлттық құндылықтарды құнсыздандыру арқылы ұлттық рухты жоғалтамыз, – деп, мысалдармен өрбітті.
Үшінші спикер Нұрбол Маратұлы халық ауыз әдебиеті мен ұлттық мұраны жаңғырту, әке рухы мен ұрпақ сабақтастығы туралы айтып, аудиториямен көзге көрінбейтін жібек жіппен әдемі әрі әсерлі байланыс орнатты.
Ал Махамбет атындағы қазақ академиялық драма театрының өнерпаздары музыкалық өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, “Қасымның үйі” әнін орындаған актер Нұрбек Омардың қоңыр даусы жүректің қылын шертіп, ғажап бір күйге бөледі.
-Бүгінгі стендап өте жақсы, жаңаша бір дүние болды деп ойлаймын. Қазақтың салт-дәстүрінің мән-мағынасын қазіргі заманауи, жастардың тілімен түсіндірді. Қазақтың тектілігін, аналарымыздың ұлт тәрбиесі үшін өздерін құрбан еткендері жүректі тебірентті. Залдағы тыныштық пен көрерменнің ұйып тыңдауы осы кештің мағыналы, жақсы деңгейде өткенін көрсетті,- дейді қатысушы Жансая Қаржаубайқызы. Мұндай пікірдің көп екені де белгілі.
Ж.ІСІМ



