ТЕҢДЕССІЗ ЖОБА: СӘТІНІ ИГЕРУДІҢ СӘТІ ТҮСТІ

Президенттің еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартудағы басты тапсырмасы инвестиция тарту болатын.Осыған орай Батыс Қазақстан облысы «Ақжайық» ауданына қарасты Сәтімолада калий тұзын өндіретін зауыт құрылысы басталғаны белгілі. Ол іске қосылған кезде Қазақстан әлемдегі калий тыңайтқышын өндіретін озық он елдің қатарына енеді. Жобаның жалпы құны – 1,5 триллион теңге. Өңірдің инвестициясын әрі әлеуетін арттыратын кен байыту комбинаты.Орал қаласынан «Ақжайық» телеарнасы таратқан мәлімет бойынша бүгінде шахтаның орны дайындалып, жер астымен жалғайтын тереңдігі 650-700 метр болатын оқпан қазылып жатыр. Бұл кеніш орны 1960 жылдары барланып, 3 млрд тонна калий қоры табылған. Алып құрылысты Германияның қос кәсіпорны қолға алып, жұмыс барысы неміс технологиясына негізделген.

 Тау-кен құрылыс компаниясының техникалық директоры Олег Калединнің айтуынша, кен орнының геологиялық жағдайы өте күрделі, тіпті 4 метрден су шығып, шахтаны басып, бірнеше рет күтпеген жағдайға тап болған. Дегенмен мамандар инженерлік шешімін тауып, құрылысты жалғастыруда. Негізгі техникалар Германия, Қытайдан әкелінген. Бүгінде шет елмен қатар еліміздің басқа аймақтарынан келген 140 жұмысшы еңбек етіп жатыр.

 Жұмыс барысындағы энергетика бөлімінің басшысы Нұрлан Дәулетқалиев калий тұзынан тыңайтқыш өндіріліп, ол негізінен өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатынын, халықаралық нарықта сұранысқа ие, әсіресе Африкаға дейін әлемнің бірнеше елінен сұраныс көп екендігін айтады.

 Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Ниетқалиеваның айтуы бойынша 4 кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны – 1,5 триллион теңге, 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылмақ. Ал зауыт қуаттылығын 1,5 млн тоннадан 2034 жылға дейін 12 млн-ға жеткізу көзделіп отыр. Жобаға «Қазақстан даму банкі» қаржы құйып отырса, бастапқы кезде 450 млн доллар құпталған. Кен байыту комбинатының құрылысы 2 жылдан кейін аяқталмақ.

 Ж. АМАНТУРЛИН

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT