ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ

Аудан әкімі Серік Нысанбаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасары, бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілі қатысты. Күн тәртібінде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен аудан әкімінің жеке қабылдауында берілген тапсырмалардың орындалысы қаралды.

Алдымен аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Ерболатов  2025-2026 жылдары есепті кездесуде тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлердің орындалысына тоқталды. Баяндамашының айтуынша, бүгінде бірқатар жұмыстар орындалу үстінде. Мәселен, Индербор кентіндегі Тайсойған №9 көппәтерлі тұрғын үйдің шатырын және тоқ желісін қалыпқа келтіру мәселесі бойынша тұрғын үй шатыры, тоқ жүйесі мен қасбетін жөндеу үшін жоба жасақталуда, сондай-ақ  Т.Мұсабаев көшесіндегі балалар ойын алаңындағы бүлінген ойын құрылғыларын қалыпқа келтіру немесе ауыстыру, «Алғабас» каналы бойындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылуына зерделеу және аудан аумағындағы иесіз және қараусыз қалған ғимараттарға түгендеу жұмыстарын жүргізіп, тізімін шығарып, меншік иелерін анықтау тапсырмалары орындалу үстінде. Ал Қонаев көшесі №17, №19 және Майдыров көшесі №1, №1А тұрғын үйлердің аулаларындағы балалар ойын алаңынан жоғалған әткеншек қалпына келтіріліпті.

– Аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында Индербор кентіндегі салынып жатқан ангар типтес күрес залынан арнайы жаттығу алаңын орналастыру бойынша мүмкіндігі жоқ, сол себепті орындалмады.

Жасыл белдеуді қалыптастыру бойынша кентте 4 жасыл белдеу қалыптасқан. Қосымша 2 жерге (Болашақ мөлтек ауданы мен Индер-Атырау кіре берісі) жасақталатын болады.

Жарсуат ауылдық округі бойынша Қызылжар, Ақтан ауылдарына балалар ойын алаңын салу, Кетебай елді мекеніндегі малқұдықтың (ауыз су ретінде пайдаланып отырған) ішіндегі шпалды алып тастап, дөңгелек бетонды құралды орнату, Қызылжар елді мекеніндегі ұялы байланыс желісінің тұрақты жұмыс істемеуіне байланысты тиісті жұмыстар ұйымдастыру мәселесі орындалған жоқ.  «Құрайлы-Сай» каналы бойындағы «Жиделі», «Көбей» жер атаулары маңынан, каналдан шығарылған ескі темір-бетон сақиналарды көпір салу жұмыстарына пайдалану бойынша орындалмады, өйткені аталған темір-бетон сақиналар өзге жерлерге пайдаланылуына байланысты  мүмкіндік жоқ. Аудандық ауруханада орналасқан көзді диагностикалауға арналған медициналық аппаратты жөндеу жөнінде ұсыныс түскен еді. Қазіргі таңда құрылғы тексеріліп, жарамсыз деген қорытынды берілді. Қорытынды негізінде облысқа сұраныс берілетін болады, - деген бөлім басшысы өзге де округтар бойынша берілген тапсырмалардың орындалысына тоқталды.

Махамбет мазарындағы киіз үйді жаңарту мәселесі бойынша жоба жасақталуда,

Көктоғай ауылдық округінде ардагерлер аллеясын салу мәселесі бойынша сметалық құжаттамалары дайын, қаржы бөлінуіне қарай жұмыстар жүргізіледі екен.

Бөдене ауылындағы  Қазақстан көшесіне жол салу мәселесі ауылішілік жол төсеу жұмыстары жүргізілген кезде жүзеге асырылады деп жоспарланып отырса, 1 көшедегі жаңа үйлердің салқын болуы және көшеге жол салу мәселесі бойынша мердігерге тапсырма берілген. Ауыл маңындағы егістік алқаптарына ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізетін шаруашылықтардың егін егу барысында пайдаланатын полиэтилен жабындарын және өзге де қалдықтарды жинау жұмыстары бойынша түсінік жұмыстары жүргізілсе, асфальт төселмеген көшелерге қосымша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу 2027 жылға жоспарлануда. Ал ауданда бұқаралық спортты кеңінен насихаттау мақсатында жеңіл атлетика спорт түрін дамытуға бағытталған іс-шара жоспарын әзірлеу жұмыстары орындалу үстінде.

Есбол ауылындағы тұрғындармен кездесу кезінде көтерілетін мәселенің бірі – округте банкоматты іске қосу. Бұл бойынша округте қызмет пайдаланушылар саны  аз болуына байланысты жаңа банкомат қоя тиімсіздігіне байланысты тапсырма орындалмаған.  Және ауыл маңындағы зиратты қоршау үшін есебін шығарып, зиратқа дейін ескі асфальт қалдығын төсеу жұмысы да орындалмапты. Ал ауыл тұсындағы «Бағырлай» каналы бойындағы бұзылған ескі көпірді қалыпқа келтіру мәселесі жөндеу жұмыстары кезіндегі орындалатын болады, бұдан бөлек ақылы қоғамдық қызметкерлердің санын көбейт мәселесі шешімін тауып, орындалыпты.

Елтай ауылына қарасты Аққала ауылының кіреберісін жарықтандыру мәселесі бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда екен. Бүгінде ауыл тұрғындарының ауданға, қалаға көшу фактілері жиілегендігі белгілі. Осы мәселенің алдын алу үшін округте қоспәтерлік 6 үй салынуда.

Өрлік ауылдық округінде түрғындармен өткен кездесу жиындарында көтерілген мәселелерге келер болсақ, жаңадан салынатын қоқыс полигонының қоршауын биіктету жұмысы орындалмаған. Ал кейбір көшелерге заманауи жарық шамдарын орнату  бойынша жұмыстар басталып жатса, ауылға кіре беріс жолды жарықтандыру бойынща жоба жасақталып жатқандығын жеткізді.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауына келген тұрғындардың өтініштері негізінде берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалысын аудан әкімі аппаратының жалпы бөлім басшысы Гүлфия Алдабергенова баяндады.

Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, берілген 50 тапсырманың бүгінде 16-сы орындалса, 7-і орындалу үстінде, 15 тапсырма бойынша түсінік берілген, ал  12-сі орындалмапты.

Орындалмаған тапсырмаларға тоқталар болсақ, олардың қатарында Қонаев №21 үйдің мұржасын қалыпқа келтіру, антендік мачта орнату үшін жер телімін сұрау, “Көктем” қазақ орта мектебіндегі салынып жатқан спорт алаңына жүгіру жолын салу, Бөдене ауылындағы жаңадан берілген үйдің коммуналдық  жұмыстары тапсырмасы бар. 

 – Жеке қабылдауға келген тұрғындардың басым көпшілігі жұмысқа орналасу, мал, егін шаруашылығына жер телімін алу, апаттық тұрғын үй мәселелерін көтерген.

Соның ішінде тұрғындар «Индер-Атырау» бағытында жүретін жолаушылар тасымалының Бөдене ауылының аялдамасына тоқтау мәселесін айтқан еді. Аталған мәселе бойынша «Лава-Транс» ЖШС-на ұсыныс берілгенімен, қанағаттандырылған жоқ, - деді.

Осы жағдай бойынша аудан басшысы мәселені аяқсыз қалдырмай тиісті басқармамен бірлесе отырып, шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Мәжіліс соңында аудан әкімі Серік Нысанбаев күн тәртібінде көтерілген барлық  мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, жауапты бөлім, мекеме басшыларына жұмыстарды жүйелі әрі сапалы  ұйымдастыруды және бақылауда ұстауды тапсырып, қорытындылады. 

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,

суреттер автордікі

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT