СҰРАУСЫЗ НӘРСЕ ЖОҚ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ ӨТКЕН АПТАДА АТЫ­РАУ ОБЛЫСЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН КЕЛГЕН БОЛАТЫН. САПАР БАРЫСЫНДА ИНДЕР АУДАНЫНДА БОЛЫП, ЖАРСУАТ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕГІ «ҚУРАЙЛЫ САЙ» КАНАЛЫНЫҢ РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ. 

Ұзындығы 53,3 шақырымды құрайтын каналдың қазіргі жай-күйі мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жөнінде министрге жауапты ма­мандар баяндады. Кездесуге Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, ҚР Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі «Жайық-Каспий» бассейндік су инспекциясының басшысы Ғалидолла Азидуллин, облыстық салалық басқарма өкілдері, аудан басшылығы мен мердігер мекеме мамандары қатысты.

Жиын барысында «Табиғат» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры Асланбек Рысжанов облыстағы каналдардың жай-күйі мен оларды жөндеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баян­дады. Оның айтуынша, «Қурайлы сай» каналының су өткізу қабілетін жақсартуға бағытталған реконструкция жұмыстары 2023 жылдың желтоқсан айынан бері жүргізіліп келеді.

Жоба аясында каналды механикалық тазарту, көпірлерді жөндеу, құбырлар тарту жұмыстары жүргізіліп, мал суаратын алаңдар, шлюз-регуляторлар мен гидробекет салынуда. Бұдан бөлек сорғы станциясындағы электр желілері мен жабдықтары жаңартылуда.

Мамандардың мәліметінше, жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін каналдың су өткізу тиімділігі айтарлықтай артады. Жобаны облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен «Гидроқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып, құрылысын толық аяқтауда.

Аудан әкімі Серік Нысанбаев өз сөзінде аталған каналдың аудан шаруашылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айту­ынша, бүгінде канал бойында екі егін шаруашылығы мен он екі мал шаруашылығы жұмыс істеп, судың игілігін көріп отыр.

Жұмыс сапары барысында министр Нұржан Нұржігітов су ресурста­рын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше тоқталды. Ол мемлекет тара­пынан каналдарды күтіп ұстау мен жөндеуге қажетті қолдау көрсетіліп отырғанын айтып, қолда бар мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануқажеттігін жеткізді.

– Еліміздің оңтүстік өңірлерінде каналдар арқылы су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Канал суын тиімді пайдаланып отырғандар егін және мал шаруашылығын табысты дамытып келеді. Ал Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейту қажет. Өңірдегі каналдарда күрделі гидротехникалық құрылыстар жоқ. Негізі тиісті қаржысы, қажетті техниканың бәрі бөлініп отыр. Сондықтан қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, каналдардың әлеуетін арттыруға және су пайдаланудың тиімділігін көтеруге баса на­зар аудару керек, – деді министр Нұржан Молдиярұлы.

Кездесу қорытындысында министр жауапты мекемелерге каналдардың жөндеу жұмыстарын уақытылы аяқтау, олардың техникалық жағдайын жақсарту және су үнемдеу технологияларын енгізу және су нысанда­рын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

 

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ,

суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT