Индер ауданы әкімі Серік Нысанбаевтың төрағалығымен ауданда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелері жөнінде жиналыс өтті. Оған Атырау облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының міндетін атқарушы Назаров Рамазан, мекеме басшылары, Индербор кенті мен ауылдық округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алдымен Индер аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, подполковник Батырхан Назаров баяндама жасап, 2026 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындысы мен күзгі шақыру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді. Баяндамада азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарының орындалуы, әскер қатарына жіберілген жастардың саны және алдағы міндеттер сөз болды.
2026 жылдың көктемгі шақыру науқаны бойынша 75 азамат әскерге аттанған. Нәтижесінде жоспардың орындалу көрсеткіші 131,5 пайызды құраған. Атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне – 6 азамат, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне – 34, Мемлекеттік күзет қызметіне – 1, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына 34 азамат жіберілген. Сонымен қатар күзгі әскери қызметке аттанғандар Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне -14 азамат, Мемлекеттік күзет қызметіне - 1 азамат және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланына 35 азамат жіберілген, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріне 40 азаматқа әскери қызметке шақыру жұмыстары жалғасуда. Әскерге жөнелту науқаны 16 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Жиналыс соңында аудан әкімі Серік Нысанбаев мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстарын сапалы ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар тиісті мекеме басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне шақыру науқанының жоспарға сәйкес орындалуын қамтамасыз ету, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту және әскери қызметке шақырылатын азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді.
Гүлбану Насиполла



