СЕРЖАНТ СЫДИЫҚ

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ ТАУСЫЛМАЙТЫН ТАҚЫРЫП ЕКЕНІ СӨЗСІЗ. ҚАНШАМА БОЗДАҚТАР ҚАН МАЙДАНДА ОПАТ БОЛЫП, БЕЛГІСІЗ КҮЙДЕ ҚАЛДЫ. БҰЛ СОҒЫСТЫҢ АЯҚТАЛҒАНЫНА 80 ЖЫЛ ӨТСЕ ДЕ ҰРПАҚТАРЫ МАЙДАНҒА АТТАНҒАН ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ШЕЙІТ БОЛҒАН ЖЕРІН ІЗДЕП ТАУЫП, ЗИРАТЫНА ТУҒАН ЖЕРДІҢ БІР УЫС ТОПЫРАҒЫН СЕУІП ПАРЫЗЫН ӨТЕУДЕ. ЖАҚЫНДА МАЙДАН ДАЛАСЫНДА ҚАЛҒАН ТАҒЫ БІР ЖАУЫНГЕРДІҢ ЕСІМІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ. ОЛ – СЫДИЫҚ ІЗТАЙҰЛЫ ДЕГЕН БОЗДАҚ.

Нарынның күнгей бетіндегі, Шолан өңіріне Беріштің Жайық бөлімі қоныстанған. Одан әрі Мәмбетті Қаратоқайлар, Қаңбақтыны Құлкештер, Ту­маны Себектер жайлаған. Осы күні далалық десе біреулердің ойына жабайылық түсе ме деп ойлайсың. Керісінше қазіргі ілім-білімнің қазығы сол жерде қағылып, шағылдан шыққан сұңғылалар шуақ болып шашы­лып шартарапқа тарады емес пе? Өйткені осы Толыбайдың өзінде мешіт бой түзеп, қыр балалары діни сауатын ашса, кейін ауыл советі құрылып, алғашқы оқу орны мектептер ашылғанын та­рих жоққа шығармайды.

Мне осы аймақта «Ізтай қара қызылы» деген жер бар. Сол Ізтай мен Ымсындықтың шаңырағында 1902 жылы шекесі торсықтай ұл дүниеге келіп, атын Сыдиық қойыпты. Содан әрі заманның небір қиындығынан өтіп, ел қатарлы өмір сүреді. Ізтай темірден түйін түйетін, қазан жамайтын шебер, әрі терең молда болған деседі.

Еңбек ардагері Ғабдысамат Әйіп:

– Ізтай біздің әке-шешеміз Толыбайдан Қараойға  жүргенде Жүрдібек аталатын моланың батыс бетіне қарай Қонақбай деген жерде көрші болды. Көрікті сақалды, денелі, ашық сөйлейтін шешен кісі ретінде есімде қалды. Ортасы пешпен бөлінген үй ғой. Бір жағында әкем екеуі әңгіме айтып отыратын. Оның адамгершілік қасиетін айтып, шешеміз үнемі мақтайтынын естіп өстім. Жақсы болған соң сол әңгіме бүгінге жетіп отыр, – деп еді.

Ер жеткен соң Сыдиық Бәкиза Андақұлқызы атты Масқардың қызымен отау құрып, отбасылық ғұмырдың отын маздатады. Ала­сапыран кезде алдымен ТОЗ (Товарищество по совместной обработке земли), одан кейін колхоздар құрылғанда Горыдан (қазіргі Аққала) Степан Разин атындағы ұжымдық шаруашылық құрылады. Ал соғыс жылда ­ рында колхозды Ленин орденді Қабдол Жұмалиев басқарып, 6 қой, 3 сиыр, жылқы, түйе фер­малары болған. Колхоз шығыста Тайсойғанды, батыста Толыбай, Қаройды жайлаған. Сиырды 4 мезгіл сауып, егісті күндіз-түні суаратын болған. Міне, Сыдиық та осы колхоздың бір мүшесі ретінде отбасымен мал бағады. Алайда соғыс өрті қатты шарпып, күн сайын жасы толғандарды майдан даласына алып кетіп жатты. Неміс басқыншылары шабуылды үдетіп, шайқастың алғашқы кезеңінде жауынгерлер қынаша қырылған. Сондықтан адам көп қажет болып, алаңсыз мал бағып жүрген 40 жастағы Сыдиықты да 1942 жылы 20 қазанда Есбол аудандық воен­камат арқылы әскер қатарына шақырып, майданға алып кетеді. Бар ауыртпалық Бәкиза анамызға түсіп, ата-енесі, Сыдиықтың інісі Ізім және ұл-қызы Серік пен кішкентай Қапизаны құшақтап қала барады. Марқұм Қапиза анамыз:

Сол соғыс жылы ғой . Әкем ұйықтап жатқан менің маңдайымнан бір иіскеп, соғысқа аттанып кетіпті. Кейін анам колхоздың жұмысында жүрді. Тамақ табу оңай болмады. Қыста жалаңаш етіне жүн шекпен киіп, қой бағады. Одан келген соң маңдағы үйлерге барып көжеге қататын ет, ұн сұрауға кетеді. Құдайына қараған адамдар тауын қайтармайтын. Біреулер сойған малдың терісін беретін. Түн ор­тасында келіп, шағыр жағып бір уыс ұннан быламық пісіреді. Қиын сәтте Толыбайдың бас­шысы Сәйпеден мен Бөпеш ата- әжелер көмектесті. Ал әкеміз сол кеткеннен оралмады, – деп отыратын. Сөйтіп маңдайдағы иіс қана әкенің мәңгілік мөр таңбасы ретінде қала беріпті.

Ал қызыл әскер кіші сер­жант Сыдиық 128-ші Псковтық Қызылжұлдызды атқыштар ди­визиясы әскери бөлімшесіне түсіп, Ленинградты қорғауға қатысады. Тарихи деректер бой­ынша Ленинградқа жау 1941 жылы 8 қыркүйекте шабуыл жасап, 1944 жылы 27 қаңтарда ғана қала қоршаудан толық азат етілген. Яғни 900 күнге созылған қанды қырғында Кеңес одағы әскері көзсіз ерлік көрсеткен. Міне, осы шайқастардың бірінде Сыдиыққа оқ тиіп, жан тапсы­рады.

Кейінгі ақтаулық Ақмарал Шолақованың іздестіруімен боздақтың Ленин­град облысы, Мгин ауданы, На­зия ауыл советі маңындағы Бау­ырластар зиратына жерленгені белгілі болды. Бұл кісі көптеген соғыс даласында қалған сарбаз­дар туралы мәліметті тауып, қан кешкен аталарымыз алдындағы борышын өтеп жүр.

Осылайша тағы бір соғыс жауынгерінің шейіт болған жері белгілі болды. Айта кетейік, соғыс жесірі Бәкиза әжеміз Ел­тай ауылында тұрып, 1984 жылы өмірден өтті. Оның ұрпақтары, жиендері осы ауыл, аудан орталығында тұрып жатыр. Енді туған жердің бір уыс топырағын апарып себу – парыз. Ол енді уақыт еншісінде.

 

Ж.АМАНТУРЛИН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT