Күзге салым заманында ит басына іркіт төгілген құт мекен – Нарынға жасаған жорығымызды Жайықтың Бұқар бетінен тәмамдап, әрісін енді топырақ қызғасын көрерміз дескенбіз. Сол уәделескен уақыттың сәті түсіп, Тайсойған, одан әрі «Біз көштік Сарыарқадан бермен асып, көлденең Сағыз бенен Жемді басып» деп Мұрат Мөңкеұлы жырлаған Сарыарқаға қарай сапар шектік. «Жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, ендеше көрген, білген олжамызды оқырманмен бөлісіп отырайық.
ЖЫРШЫЛАР ШЫҚТЫ КІЛ МЫҚТЫ
«Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеннен сапар жөнінде хабар жеткен соң солай қарай асыға жолға шықтық. Ол өңірдің таксилері Индербор арқылы жүретіндіктен солардың біріне жайғасып, Миялыдағы әріптесімнің құтханасына аялдадық. Ертесіне күн арқан бойы көтерілген сиыр сәскеде Сағызға жеттік. Мұндағы «Шұғыла» мәдениет үйінде халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының 150 жылдығына орай «Мен - өлеңнің шантағы» атты Атырау-Маңғыстау жыршыларының жыр кеші болып өтті. Рухани шара Құрбан айт мерекесіне тұспа-тұс келіп тұрғандықтан Абдолла хазірет атындағы мешітінің бас имамы Нұрмұхамбет Шахасанұлы құран оқыды.
Одан соң Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Мұқамбетқали Кипиев пен Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстанов рухани іс-шараға қатысты ізгі тілектерін арнады. Жалпы жыл басында халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылұлының туған жері Маңғыстау облысынан бастау алған мерейтой Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Алматы және Астана қалаларында өтіпті. Ал бүгінгі Сағыз ауылында тойлануының негізгі себебі Сәттіғұл ақынның ұстаздары Нұрым Шыршығұлұлы мен Ақтан Керейұлы, Жеті қайқының бірі - Әділ Өтеғұлұлы осы өңірден. Сондай-ақ Сәттіғұл ақын жырға қосқан Абдолла хазірет, Сарбас сақи, Тобанияз би, Аманқұл Айтуарұлы, Әлжан хазірет, Абзал Аманқұлқызы, Жұбан Еламанұлы, Шам, Талпақ Жұбанұлдары, Зәкария ақын сынды тұлғалармен қоса оның шәкірті, жыршы, әнші, күйші Қарағұл Қонаршиевтер өнер қонған ортақ есімдер. Осындай тарихи байланысты ескере отырып Маңғыстау мен Атыраудың арасын жалғап жатқан тұлғалар мен олардың елге еткен еңбектерін жырға қосқан Сәттіғұл ақынның 150 жылдығына орай аудандық «Қызылқоға» газетінің бас редакторы Бауыржан Сисеновтың Алматыдағы «Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосманбетовтың демеушілігімен шыққан "Сәттіғұл және тұлғалар" кітабының тұсауын Абдолла хазірет Жаналыұлының немересі Қалиболла Ахметниязұлы, жыршы, әнші, күйші Қарағұл Қонаршиевтің немелтайы Өнер Әміреұлы және ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржан кесті. Жыр кешінде Аманжол Дауылбаев, Милана Досалиева, Ғибадат Тұрғали, Сәрсенбай Рахманбердиев, Айдос Мырзағалиев, Бауыржан Сатыбалдин, Аружан Ерімова, Есенбай Құли сынды елімізге танымал өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

ТОРҚАЛЫ ТОПЫРАҚШАШТЫ
Өткен XIX ғасырдағы көрнекті ақын- жырауларының бірі – Нұрым Шыршығұлұлы. Жаңағы рухани кездесуден шыққан соң ақын зиратына келіп дұға оқып, тағзым еттік. Оның өмір жолы туралы әңгіме қозғалды. Ақындық қалай қонғандығы жөнінде мынадай аңыз әңгіме бар екен. Нұрым бала кезінде арып- ашып ел аралап жүріп, айдалада тынығып жатса, түсіне ақ киімді адам аян беріп: – Балам шөлдедің ғой, – деп сүттей ақ, балдай тәтті сусын береді. Ішсе сусын мұздай болады. Оянса іші кеуіп барады екен. Айқайлап өлең айта жөнеледі. Содан жаны жай тауып, серігіп қалады. Қайткенде де киелі өнер текке қона қонбайтынын, бір тылсымның барына сенесің. Одан әрі Былқылдақтыға қарай қозғала жүріп, Топырақшаштының көпірінен өттік. «Бұл неге Топырақшашты?» деймін Бауыржанға қарап:
– Бұл Ақтөбе облысына қарасты Марғау деген жер астынан бұрқылдап шыққан көзі әрі сай-саладан жиналатын судан бастау алады. Ұзына бойы ылди болған соң қар ерігенде сарқырап ағып, топырақ шашып Сағыз өзеніне құйылады. Содан осылай аталып кеткен болу керек, – дейді.
Біз осы пайдасы көл-көсір қылдай өзеннің бойымен жүріп отырып, сұлулығына тәнті болдық. Сөйлете білгенге сай-саласы, ой- шұқыры арғы заманнан сыр шертіп тұрғандай. Суреттеуге сөздік қорың жетсе шіркін.
Айтпақшы, осы Топырақшашты бұрын ферма орталығы ретінде қайнаған еңбектің ордасына айналып, күнқаққан шопандардың есімі Құрмет тақтасына ілініпті. Сол ауылдың ардақтыларына арналып арнайы саябақ ашылып, ондағы мрамор тасқа еңбекшілердің есімі қашалыпты.

КЕСТЕЛІ ЖУСАН
Қара жолда айқастап келе жатқан ақбоздың тізгіні әйгілі Ғарифолла Құрманғалиевтің батасын алған, Ғ.Құрманғалиев атындағы білім ордасының шәкірті, әнші Бауыржан Сатыбалдының қолында. Жетпіске таяса да желкесіне билік бермей, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Светқали Нұржан ағамызға серік болып, сонау маңғаз Маңғыстаудан бірге шығыпты. Өзі Ойылдың Жиенбет-Танасы. Сондықтан біздің күйме іші көңілді. Әсерлі әңгімеге толы. Бірер күныссылықтан кейін ауа райы қайта бұзылып, нөсерлетті. Ызғарлы. Қауіптісі де осы еді. Қайырымен жауғай деп келеміз. Кенет Сәкең:
– Мына жерде кестелі жусан бар екен. Маған біреу арнайы тапсырған. Шапшаңдатып теріп алайықшы,– деген соң сары гүл атқан өсімдікті жұлуға кірістік. Басында сирек көрінгенмен кейін жиіледі. «Мұның қандай ауруға емі бар?» дейміз білгіміз келіп. Сөйтсек кестелі жусанның сабағын гүлімен қоса қайнатып, жаман ауруға ішетін көрінеді. Барлық өсімдіктің әйтеуір бір емдік қасиеті болғанмен одан дәрі жасайтын дәрігер мамандығын игергендер жоқтың қасы. Жаны қиналған жандар желіде жылт еткенді сатып алып ішіп, жанға дауа іздейді. Ал оның қандай жолмен жасалғанынан бейхабар. Бардың қадірін білмеу деген осы.
БЫЛҚЫЛДАҚТЫ БҮККЕН СЫР
Осындай әсермен Былқылдақтыға таядық. Енді мұның тарихын білу үшін шежіре жазбасына үңілсек қалмақ пен ноғай қуылғаннан кейін осы жердің байырғы жұрты қайта қоныстанған. Бұл жердегі ферма орталығы болған шағын ауылда жер астынан шығып жатқан бұлақ бар. Тұщы су. Керемет. Бұл да Топырақшаштымен түйісіп, Сағыз өзеніне құйылады. Өзен айналасы былқылдаған көкорай болғасын Былқылдақты аталыпты деседі. Сондай-ақ Қалмаққырған, Құрман- Батық, Тоған, Иба, Сырымның жолы, ел ырысы атанған атақты Наршөккен, өзге де тарихи атаулар мен «мен мұндалаған» мазарлар білмек үшін мазаңды алмай қоймайды.
Міне, осы жерде ел мүддесін жырлаған адуынды ақын, Абыл, Махамбет, Ақтан, Нұрым, Қашағандардың өлеңдерін жатқа біліп, ұрпаққа қалдыруға үлес қосқан жыршы, кейін «Халық жауы» дегенмен желеумен қуғынға ұшыраған Зәкария Сағындықұлына арнап саябақ ашылып, белгі орнатылыпты. Ата шежіре бойынша: Адай-Құдайке-Қосай-Тіней-Арық- Құдайберген-Бекболат-Сары-Жанаман- Тұрнияз-Сағындық-Зәкария болып тарайды. Жалпы Адай руынан сөз бастаған шешендер мен билер, ақындар, қол бастаған батырлар, мешіт, медресе салып, имандылықты насихатаған молда, ишандар, дәулетін халық игілігіне арнаған байлар көп болған.
Сонымен Зәкария Ойыл түрмесіне қамалып, одан қашып шығып, екінші рет ұсталғанда Ойыл түрмесі арқылы Әулие Атаға жіберіліп, одан әрі Түркменстан мемлекетінің Чарджоу облысына жер аударылған. Қазақстандағы Голошекиннің «Кіші октябрінен» жазықсыз жапа шеккен аяулы азамат 1933 жылы 40 жасында ауырып қайтыс болып, Фараб тауындағы Фазл ишан қауымына жерленіпті. Ал, мұрасы оның есімін мәңгілікке қалдырды. Бүгінгі ұрпақ соған зер салуы қажет.
Ерекше айтатын нәрсе Адай көтерілісінің жай-жапсары дәл осы жерде талқыланып, көтерілістің көсемдері кеңес құрыпты. Енді осы жерге орнатылған ескерткіш жөнінде бізбен сапарлас жүрген Зәкария ақынның ағайыны Баянқұлдың ұлы Мұраттың әңгімесін тыңдайық.
– Әкем Баянқұл Зәкарияны көрген, Адай көтерілісінің басында жүрген. Сырқаттанған соң қаладағы Мұқан ағам үйіне барған. Бір күні әкеміздің көңілді отырғанын көріп ағам: «Әке, сауығып келесіз. Бұйырса жаз шыға 70 жасыңызды тойлаймыз» десе: Мені не қыласың. Одан да сол тойыңды моласы жоқ Зәкарияға, баласы жоқ Бейнеуге жаса» депті. Өкінішке орай мақсатына жете алмай Мұқан ағам да өмірден өтіп кетіп, аманатты өз қолыма алдым. Осы жерге ескерткіш орнатып, оны 2017 жылы Зәкария ақын атындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған саябаққа айналдырдық, – дейді. Айта берсе рухты әңгімесі көп. Сол бақта жеміс ағаштары жайқалып тұр. «Міне, Азамат!» дедік іштей сүйсініп.
Бұл ауыл да кеңес өкіметі кезінде шопандардың ордасы болыпты. Санаулы үй әлі күнге түтін түтетіп отыр. Анадай жердегі қабақ басы жыбырлаған зират. Сөйтсе ол Қалмаққырылған аталады екен. Былқылдақты бүккен сыр осындай.
ЕСІЛ ЕРЛЕР ӨТКЕН ЖЕР
Қойнауына сыр құндақталған сайын дала бізді бауырына баса беріп, Мұрат бауырымыздың жөн сілтеуімен Қияқтыға қарай ызғып келеміз. Жасыл кілемге кесте төккендей бүкіл өсімдік біткен гүл атып, дала әсемдік бесігін тербетіп тұрғандай. Қосағымен қоса қалықтаған торғай екеш торғай да әр түп астынан ұшып шығып еркін самғайды. Жауын аракідік нөсерлеткен сайын жусанның иісі аңқиды. Жұмақ деген, еркіндіктің қадірі осы емес пе дейсің жасыл алқапқа сүйсіне қарап.
– Бұл жазыққа кеңес өкіметі кезінде бидай екті. Қарбыз, қауынына дейін төңкеріліп, ойбой ырысы төгіліп жататын. Әне анау Орынбордың қызыл кірпішінен салынған мыңғырған бай Сисенбайұлы Тағанның күмбезі, – деді өңірдің төл перзенті Мұрат ағамыз біраз әңгіменің басын қайтарып келе жатып.
– Осыдан он үш жыл бұрын келгенімде төрт қабырғасы бүтін еді, енді күмбезі, үшқабырғасы күйреп, қалған қабырғасы да соңғы күндерін санап тұрғандай. Осынау ерекше құрылысты сақтап қалуға бас ауыртпай отырған арнаулы мекемелер мен ел басшыларының неге бас ауыртатынын түсіну қиын..., – дейді Светқали ағамыз.
Оның айтуынша бұл күмбездің қасында Тағанның немере туысы, Селбай қажы баласы Емберді мырзаның кесенесі, 30-жылдардағы «адай көтерілісінің» қолбасшысы Боқмаш Шоланұлының да тірісінде өзіне салдырған күмбезі болыпты. Бірақ советтік жыртқыш өкімет оларды бұзып, өз «қызыл отау», кеңселерінің құрылысына пайдаланған.
1920 жылдың қаңтарында қызылдардан шегінген жандарал В.С.Толстовтың (1884- 1956) әскері (15 000 адамдық армия) ырықтарына көнбеген 42 жастағы Емберді мырзаны осы қоныста атып кетеді. Қанға боялып жатып малшысы Мекебай аттыжеменейді «атадан жалғызсың» деп құтқарып жіберулі.
Бұл жерге біраз аялдаған соң сапарымызды күншығыс беттегі Иба әженің күмбезіне қарай жалғадық. Бұл мезгілде жауын сейіліп, қабат-қабат көкала қалың бұлт көкжиекке түсіп ыдырай бастады. Сол-ақ екен зауал шақта шығысына қарайлап батып бара жатқан күн сәулесі күмбезге түсіп, одан сайын жарқырады. Қабырғасы метр жарым, қыштан құйған күмбездің әлі сыны кете қоймапты. Бұл Иба жамандайдың (сүйіндік) қызы, 22 000 жылқы, 12 000 түйе біткен мыңғырған бай тіней Жұбан Еламанұлының Өжек атты сақи ұлының зайыбы. Өжектің өзіне тіл-көз тиіп өлген. Иба ағайындар беріп жатқан үлкен асқа ыдыс жинап келгендерге бір асадалдан 96 алтын кесе шығарып беріпті. Құдай дәулетті де жүрегінде иманы барға берген екен. Шіркін, қайда сол дәурен? Кім жетті дүниенің түбіне? Бір кем дүние.
СӘУЛЕЛІ АЯПБЕРГЕН, СҰЛТАНУӘЙІС
Бауыржан әріптесімнің үйіне кешкісін келіп, Аман қарттың әңгімесін тыңдап, күндізгі сапарымыздың да баянын біраз толықтырып алдық. Бұл басқосуда осы өңірдің иықты азаматы Қайырбек Баймұратов, Светқали ағамыздың курстасы Гүлшара Сары мен жұбайы Қанат қатарымызды толықтырып, Есенбай мен Ғибадаттың әндерін тыңдап, біраз көңілді отырыстың көрігін қыздырдық. Ертесіне жанымызға қоғам белсендісі Есенбай Нұр қосылып, талайды тамсандырған Тайсойғанға қарай сапарымызды жалғастырдық.
Жолшыбай бізді Тайсойған ауылының көзі қарақты тұрғыны Орынғали ағамыз бен ауылдың бұрынғы әкімі Төреш деген жас жігіт қарсы алып, аман-саулықтан соң Ойыл өзенінің сағасы Жарыпшыққанды кешіп өтіп, Үлкенаша, Кішіаша сағаларын бойлай жүріп отырып, «Тайсойғанның Алтынсарины» атанған Аяпберген Науанұлының (1884-1937) мектебінің орнына келдік. Сонау 20-ғасырдың бас жағында салынған мектеп жай ғана төмпешікке айналыпты. Өз заманының озығы Науан бидің баласы Аяпберген Орынбордағы ілім ордасы «Хусайнияны» тәмамдаған. Ол қилы кезеңге қарамастан өз қаражатына үш мектеп салдырған. Солардың бірі осы Тайсойған мен Қамыстыкөлдегі мектеп. Тіпті Тайсойған шағылдарына кіре берісте салынған мектептің моншасы, әсіресе 1933 жылы үнемі жағылып тұратын көрінеді. Өкінішке орай совет өкіметі 37-нің қанды қырғынында өзіне тартқан талантты ұлы Ғаділше екеуін атып тастаған. Міне, мектеп орнындағы сәл аялдауда асылдарымызды осылай еске алдық.
Келген ізімізбен кері жүріп, жайық-беріштің құлмәлі табынан тарайтын, «Өтемістен туған онның» бірі Ыбырайдың баласы Сұлтануәйісатамыздың мазарына тоқтадық. Ол 1838 жылы туып, 1887 жылы дүниеден көшкен. Есекмерген Абдолла қазіреттен оқыған ғұлама. Артында аңызға бергісіз әңгімелер қалғанын Сәкең біраз әңгімелеп берді. Ашқан мектеп- медіресесі әлі күнге сол күйінде тұр. Ішіне кіріп, біраз ойға шомылдық. Жол бастаушы Орынғали ағамыз біраз тарихтан сыр шертіп:
–Алдыңғы жылы топансу келгенде, барлығы су астында қалып, Атаға ғана су бармады. Аруағы суды да тоқтатқан болу керек, – дейді. Құран-дұғамызды бағыштап жолға түстік...
Қара жолмен ырғала отырып, Светқали ағамыз «Қарақожа» қорымындағы көне құлпытастарды оқып, би, болыс болған, қашқыншы шеркеш Қарақожаның және әкесі Құлбастың, бәйбішесі қойыс-шеркештің қызы Аймекеннің бейіттерін анықтады.
«ЕКІ АРЫСТАН ТЕҢ ӨЛДІ!»
Тайсойғанның тайыншасы сазандай жылтырап, жылқы біткеннің жалы айналып кеткен көкорай шалғынды, Асанқайғыша айтсақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын жайлы қоныс. Шырайын келтіріп тұрған бұталы дүзгін екен деп те ойладық. Әйтпесе алапат құмға айналып кететін түрі бар. Қаптаған дүзгінді айнала еркекшөп, шағыр, жусан, ақ селеу сынды өсімдіктер жайқалып тұр.
Бұл өңірде киелі жерлер көп-ақ. Үнемі қара қазан сары бала қамы үшін ерлер ат үсті жүрген соң олардың денесі қайда жай таппаған дейсің. Солардың бірі «Тайсойған» қорымы атанған, ысықтың ораз-пұсырманынан шыққан Қабыланбай батырдың қабірстанына келдік. Махамбеттің «Тастөбе шайқасы» жөніндегі:
Жөнелді батыр, жөнелді, Жөнелмей батыр неғылсын, Ерсары мен Қалдыбай –
Екі арыстан тең өлді! – деп келетін азалы жыры бар. Сол арыстан Қалдыбай Қосаяқұлының баласы Қабыланбай да атына заты сай батыр болған.
– Ол 1937 жылы 28 қарашада қаруы басым орыс әскерінің қолына түсіпті. Оны Текеге айдарда білегіне қолатқы сыймады. Арқанмен байласа, шірік жіпше бытырлап үзіле берген соң амал таппаған орыс әскерлері 38 солдатқа айдатыпты. Кезекпе- кезек қас қақпай мылтық төсеп күзетіп межелі жерге жеткізді. Бұл сөзімізге подполковник Карл Гекенің Қабыланбай туралы: «Ол – нағыз батыр. Көтерілістің басынан бастап Исатайдың жанында болды. Бұл жерде темір жоқ, ал арқан оған бұйым еместігін ескеріп, қатынас қағаз әкелген он адамға хорунжий Еремеевтің жиырма сегіз адамын қоса беріп, оны Орал қаласына жөнелтеміз» деп генерал В.А.Перовскийге жазған хаты дәлел, – дейді Сәкең тарихи жадымызды жаңартып.
Теке қаласында бес жүз әскердің арасынан үш реттен өткізіп дүре соқтырыпты. Тірі пенде шыдай алмай өліп кететін ауыр жазаны шыбын шаққан ғұрлы көрмеген алыпқа хас дұшпандардың өзі таң қалған деседі! Одан соң батырды жиырма бес жыл мерзімге итжеккенге айдатқан. Қайыспас қара нар одан да қашып шығып, елге жетеді. Елде жүріп «ел болмас ежелгі дұшпандардан» кек алады. Елеусіз қалған ердің бірі осы Қабыланбай. Өкінішке қарай пұсырмандардың самсаған құлпытастарын уақыттың тісі мүжіп тастапты. Содан да көп жазуларды оқу мүмкін болмады.
Бұл жолы күн кешкіріп қалғандықтан бегіс- беріш Піштанай батыр Ерқосайұлының басына баруға, Сорқуыс пен Бүйрек құмын аралауға үлгермедік. Сорқуыста Халел Досмұхамедовтің аталары, ағасы Дәулетүмбет Машақұлы, мәшһүр ақын Ығылман Шөрекұлдары жатыр еді. Ғұмыр жетсе оған да жолымыз түсер деген үміттеміз.
ЖЕНЕВАДА БАЯНДАМА ЖАСАҒАН ХАЗІРЕТ
Бұл жолы Қарабауда неше атасынан мешіт-медіресе ұстаған, Әзірет Сұлтаннан жалғасқан рухани шынжыр-силсилласы үзілмей өткен қылыш-кестен шеркеш Хасан қазірет Нұрманұлы (Нұрмұқамед) туралы тарихшы Дәметкен Сүлейменова жазған «Оралда атылған Алаштың ардақты ұлы Хасан Нұрмұхамедов» атты монография кітабының тұсаукесеріне жиылдық. Алдымен ауыл әкімі 7-8 шақырым жердегі Шектібай-Нұрман-Рахметолла, Хасандардың ілім ордасы болған қаражұртқа бастады. Сол адыраспан қаптап, шағыл жасырған шағын төбе. Алайда мәні алатаудан асқақ болса да қоршаусыз адыра қалыпты. Есесіне ауылдағы өзіміздің зиратымызды бетонмен қоршап алыппыз. Қасық қаны қалғанша күресіп, басын берген ата-баба зираты бізге керек емес екен. Әншейінде кеудесін қаққан сол рудың байсымақтары да алдымен соны ойлаған жөн. Көз салсақ оншақты шақырым күншығыс бетте осындай ілім таратқан әйгілі «Кермеқас» ауылы бар. Ол да осының күйін кешіп жатқанына күмән жоқ.
Сонымен Нұрманұлы Рахметолла Бұқарадағы «Көкілташ» медресесінен «Бала ишан» атанып қайтқан тәрізді. Кейін ол Алладан пәрмен келіп біржола Меккеге қоныс аударып кетеді. Ал әкесі Нұрман қажылықтан қайтып келе жатып кеме үстінде қаза болады. Кеменің заңы бойынша мәйіт суға тасталуы керек. Солай болады да. Бірақ Нұрман кеменің соңынан қалмай қояды. Кәдімгідей су бетімен жүріп келе жатады дейді, жарықтық. Содан, адай Шайқы ахун есімді ғұлама кісі құран-хатым шығарады. Нұрманның елесі бірте-бірте суға бата бастайды... Аңызға бергісіз адам сенбейтін әңгіме тәрізді болғанмен бұрынғылар нанатын. Қазіргілер ше?..
Жиынға кітап авторы мен қазіреттің немелтайы Нығметоллаұлы Абылай бастаған бірталай адам қатысты. Бас баяндамашы Дәметкен Досмұханқызы Батыс Алашорда өкіметінің Қуанай қазірет Қосдәулетұлынан кейінгі муқтасибі болған Хасан қазіреттің қоғамдық-саяси өмірі жөнінде, ғұмырының қандай азаппен тұйықталғаны жайлы архивтік деректерге сүйенген тиянақты баяндама жасады. Абылай ағамыз бабасы жөнінде білетіндерін ортаға салды. Осы жерде 1901 жылы Женевада өткен ұлы жиында Хасан қазіреттің ағылшын тілінде баяндама жасағаны жайлы дерек жарқа етті. Ал ақын Светқали Нұржан Николай II патша қазақтарды ислам дінінен айырып, шоқындырмақ болып зымиян саясат жүргізгенде оған қарсы Хасан қазіреттің сол кездегі қазақ арыстарымен бірге қалай күрескенін әңгімеледі.
Міне, біз сапарымызды осы тұстан тәмамдап, сапарластарымызбен қош айтысып, Дендерімізге қарай жүре бердік.
Жанай АМАНТУРЛИН,
Дендер-Тайсойған-Миялы-Сағыз-Дендер



