ҚҰЛПЫРҒАН КӨКТЕМНІҢ СОҢҒЫ ЛЕГІ БОЛЫП КЕЛЕТІН МАМЫР АЙЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ КҮНІНЕН БАСТАП МЕРЕКЕЛЕР ТОЛАСТАМАЙДЫ. ОНЫҢ ІШІНДЕ ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІНІҢ АЛАР ОРНЫ ЕРЕКШЕ. ӨЙТКЕНІ ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ БЕЛ ОРТАСЫНДА 1418 КҮНГЕ СОЗЫЛҒАН ҚАНДЫ ҚАСАПҚА ИНДЕР АУДАНЫНАН САН МЫҢДАҒАН АЗАМАТ ҚАТЫСЫП, ОЛАРДЫҢ БІРҚАТАРЫ МАЙДАН ДАЛАСЫНАН ОРАЛМАЙ ЕРЛІКПЕН ҚАЗА ТАПСА, ЕНДІ БІРІ ЕЛГЕ АМАН-ЕСЕН КЕЛІП, БЕЙБІТ ЕЛДІҢ ТҮТІНІН ТҮЗУ ҰШЫРУҒА ЕРЕН ЕҢБЕК ЕТТІ. СОЛ АТАЛАРЫМЫЗДЫҢ МАҢДАЙ ТЕРІ МЕН ІЗІ ҚАЛҒАН МЕДИЕН ДАЛАДА АЛАМАН БӘЙГЕ ҰЙЫМДАСТЫРУ ДӘСҮРГЕ ЕНГІЗІЛГЕЛІ ҚАШАН. БҰЛ ҮРДІС БИЫЛҒЫ ЖЫЛЫ ДА ӨЗ ЖАЛҒАСЫН ТАПТЫ. ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 81 ЖЫЛДЫҒЫНА БАҒЫШТАЛҒАН ЖАРЫС ӨТЕТІН БӘЙГЕТӨБЕГЕ АУДАН ХАЛҚЫ ЕРТЕМЕН ЖИНАЛДЫ.
Дәсүрлі ат шабысқа ауданның барлық ауылдық округтерінен бөлек, Батыс Қазақстан облысы, Атырау қаласы, сондай-ақ Исатай ауданы мен Құрманғазы ауданынан келген шабандоздар қатысты. Аламанның көркі тай бәйгесін тамашалаумен ашылды. Барлығы 3 шақырымды құраған додаға 75 тай қатысқан болатын. Нәтижесінде Атырау қаласынан келген Сағыдат Жалғасбаевтың тақымындағы «Бағымай» атты тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп, жүлдеге тігілген 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Батыс Қазақстан облысына қарасты Сарман ауылынан келген Алинұр Аманжолдың иелігіндегі «Назым» атты тайы екінші болып келсе, осы өңірге қарасты Жанама ауылынан келген Армат Ғаббасовтың бағымындағы «Желқасқасы» мәре сызығын үшінші болып кесті. Жүлдегерлерге 100 мың, 50 мың теңге байрақтары берілді.
Ал 6 шақырым, 2 айналымға құнандар бауыр жазды. Бұл додада Батыс Қазақстан облысына қарасты Казталовка ауылынан келген атбегі Бектас Азаматовтың жарауындағы «Қасқақұланы» мәре сызығын бірінші болып кессе, көршілес Тайпақ ауылынан келген Тұрар Өтешовтің иелігіндегі «Сүмбілесі» сүрінбей келіп жүлделі екінші орынға ие болды. Ал Исатай ауданынан келген Асыланбек Хайнешовтің «БТР» құнаны қола жүлдегер атанды. Жүлдегерлерге 250 мың, 150 мың, 100 мың теңге көлемінде ақшалай байрақтары табысталды.
Сонымен қатар 2 айналысты жүріп өту арқылы 3 шақырым қашықтықты бағындыру көзделген атан жарысқа небәрі 3 атан қатысты. Үшеуі де өзіміздің ауданға қарасты ауылдық округтерден келген болып шықты. Тарқатып айтар болсақ, өрліктік Абзал Қашкеновтің атаны бірінші болып келсе, Көктоғай ауылының намысын ту еткен Қанатжан Бисенғалиевтың атаны екінші орын, есболдық Манарбек Қажкеновтің атаны мәре сызығын үшінші болып кесті. Жүлделі орындарды тақымдаған атан иелері 250 мың, 150 мың, 100 мың теңге ақшалай сыйлықтармен ұлығыланды.
Атамыз қазақ тұлпарды кие тұтып ерекше қастерлеп өткен. Шабысы мен ерен жүйріктігіне тәнті болған талай ақындарымыз өз жырларына арқау еткен еді. Солардың ішінде қазақтың құлагер ақыны Ілияс Жансүгіров:
«Тасқында, тау суындай, көңіл жыры,
Қазақтың сусындасын ойы — қыры.
Бұрқырат бұлағыңды кең далаңа,
Бастырмай шөпке – шарға тоқтап құры.
Далаңның той болғанда бүгін күні,
Жүйріктей бабындағы жүгір, міні;
Орай шап алдын, артын жиын жұрттың,
Жыр қыла бүгінгіні, бұрынғыны.
Шарықта шартарапқа қиял құсы,
Көңілдің кеп тұрғанда күнді алғысы.
Халқыңның қуанышын қанат қып қақ,
Қашанда қала берер ұяң кісі»,-деп өзінің әйгілі «Құлагер» поэмасында ерекше екпін түсіріп жырлаған болатын. Құлагердің шабысы болмаса да көзіндей болар тұлпарлар әлі де бар екен.
Көпшілік асыға күткен аламан бәйгеге де кезек келіп жетті. Әрбір тұлпарға өзіндік бағасын беріп, қиқу салып делебесі қозбаса отыра алмайтын қазақтың бүгінгі ұрпағы өре түрегеліп, өздері көңілдері қалаған тұлпарларға қолдау білдіріп отырды. Барлығы 21 шақырым жеті айналысқа есептелген аламанға 41 тұлпар қатысты. Осы жерде айта кетейік, Батыс Қазақстан облысы Базаршолан ауылының намысын ту етіп келген Санат Дүйсешовтің баптауындағы 10 нөмірлі болып шапқан Орынбек есімді азамат тақымдаған «Самолет» атты тұлпары бірінші орынды иеленді. Аламан бәйгеде төрешілік қызмет атқарып жүрген белгілі жылқышының ұлы Қилымғали Зайдекенов ә дегеннен- ақ тұлпардың тұрқымен жарауына өз бағасын берген болатын.
– Байқауымша, бұл ат талай бәйгеге қатысып ысылған. Өйткені осы жерге келгеннен-ақ кісінеп бір орнында байыз тауып тұра алмады. Сондықтан осы жол да жүлдеден құр қайтпай шашасына шаң жұқтырмай шабандозының мерейін өсіргелі тұр-ау, – деп алдын ала өзіндік бағасын беріп еді. Айтқаны айдай келді. Әрине, құдай қолдап тұлпар мен тақымдаған шабандоздың мерейі асқақ болды. Көршілес Орал қаласынан келген Нұрлан Мұхтаровтың баптауындағы «Бөрте» тұлпары мәре сызығын екінші болып кесіп жерлестерінің қуанышын еселей түсті.
Ойпырм-ай, «Мінгені Исатайдың ақтабаны-ай, сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай. Зеңбірек үш атқанда дарымады, Құдайдың міне, қара, сақтағыны-ай » , – деп батыр ағасы Исатайдың тұлпары Ақтабанды жырлап өткен Махамбет баба байыз тапқан жерден бір тұлпардың шықпауы мүмкін емес қой деген көптің көкейіндегі үміт ақталды. Себебі орденді Өрлік ауылының тұрғыны Бақытбек Байзақовтың «Жұлдыз» тұлпары үшінші болып келіп, дендерліктерді бір қуантып тастады. Қу медиен даланы әп-сәтте ала шаңға көмген жүлдегер тұлпар иелеріне 1 миллион, 700 мың, 500 мың теңге ақшалай байрақтар тарту етілді.
Аламан көркін қызықтап болған ағайын спорттық сайыстар өтіп жатқан ортаға қарай ойысты. Бұл жерде де шара көркі қыза түскен. Себебі ат шауып, балуандар белдеспесе қазақтың көңілі қашан көншіп еді. Боз кілемнің шаңын қағып, қарсыластарының жауырынын бауырлатқан Әділ Омаров 1-орын, Қазбек Жолдасқалиев 2-орын, Шерхан Нұғмашев 3-орынды иеленді.
Осы жолғы спорттық жарыстың бір ерекшелігі, кір тасын көтеруде әйелдер арасында ұйымдастырылған спорт түрінің енгізілуі болды. «Күш атасын танымас» демекші, Бопай ханшаның көзіндей болар білекті де жүректі аруларымыз да аянып қалмады. Тарқатып айтар болсақ, 12 келілік кір тасын 40 рет көтерген Адина Нұрланова 1-орынға қол жеткізсе, Мейрамгүл Сәрсембаева кір тасын 32 рет көтеріп, жүлделі екінші орынға табан тіреді. Ал Ақмарал Елемесова кір тасын 27 рет көтеріп, қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар ерлер арасында ұйымдастырылған қол күресінде ағайынды Айбат және Айболат Бақтияровтар бірі алтын, екіншісі күміс жүлдені олжалады. Сондай-ақ Заманбек Орынғалиев жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлады. Өздерінің мықтылықтарын мойындатқан жерлестерімізге қомақты ақшалай жүлделер табысталды.
Салтанатты шара соңында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин жүлдегерлерді құттықтап, байрақтарын иелеріне табыс етті.
Сұңқар ЕРСАЙЫНҰЛЫ,

