Ауру айтып келмейтін апат десек, адам өміріне араша болуда әр секунд маңызды. Бас ауырып, балтыр сыздап, қас қағым сәтте жан алқымға келгенде алдымен жедел жәрдем қызметін іздейтініміз белгілі. Өмірде орын алатын оқыс оқиғаларда уақытпен санаспай көмек беретін жедел жәрдем қызметкерлерінің әр күні арпалыс, күтпеген оқиғаларға толы. Олардың басты мақсаты – науқасқа жылдам әрі сапалы медициналық көмек көрсету. Осы орайда «Маманмен бір күн» айдары аясында аудандағы жедел жәрдем қызметкерлерімен арнайы сөйлесіп, жұмыс барысымен таныстық.
Мекеме тынысы
Бұрын аудандық аурухананың бөлмесін мекен еткен мекеме 2023 жылы күз айында кенттің «Барлаушы» мөлтек ауданындағы күрделі жөндеуден өткен ескі наркология ғимаратының бір бөлігіне көшті.
Ауданда облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының 2 бөлімшесі бар. Бірі Индербор кентінде болса, екіншісі – Өрлік ауылдық округінде. Индер бөлімшесінің ғимаратында диспетчер, аға фельдшер, дәріхана, асхана, механик кабинеті және А, В сынамасына арналған кабинеттер бар.
Индердегі бөлімшеде 9 фельдшер, 4 жүргізуші, 1 кіші буын қызметкері, Өрлік бөлімшесінде 3 фельдшер, 4 жүргізуші, 1 кіші буын қызметкері жұмыс жасайды. Сондай-ақ барлық құрал-жабдықтармен қамтылған кентте 3, Өрлікте 2 жедел жәрдем көлігі бар. Олар таңертеңгі 8.30-дан бастап кешкі 16.30-ға және 16.30-дан таңертеңгі 8.30-ға дейінгі аралықта аудан халқының денсаулығы үшін еңбек етуде.
Өткен жылдың соңында жедел медициналық көмек көрсету мақсатында Есбол ауылында орналасқан жедел жәрдем бөлімшесі Өрлік ауылында көшірілген еді. Енді аталған бөлімше Есбол, Өрлік, Көктоғай ауылдық округтерінің халқына алғашқы көмек көрсетеді.
Бөлімшеде аға фельдшер Сұңғат Бағытжановпен қоса, Лариса Айтжанова, Нұртас Сариев, Наурызғали Карпашев, Бекжан Досжанұлы, Жандос Ибрайым, Шыңғыс Айдаров, Қанат Елемесов, Венера Иманғазиева, Дана Жексенова, Тілекші Сабирова, Айгүл Салихова, Айнұр Құрақбаева уақытпен санаспай екі ауысыммен науқастар үшін алғашқы медициналық көмек көрсетіп келеді. Сонымен қатар бөлімшеде Аманкелді Ермағамбетов, Салауат Сапаров, Жұмакелды Есболғанов, Шалқар Махметов, Мейрамбек Гумаров, Сәттібек Издешев, Марат Зайрдуллин, Нұрсұлтан Ертүгелов көлік жүргізушісі, Райса Жұмағалиева мен Нұргүл Тагимова кіші қызметкер болып жұмыс жасайды.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 225 бұйрығына сәйкес 10 мың халыққа бір бригада қызмет көрсетуі қажет. Соған сәйкес қазіргі таңда екінші бөлімше Өрлік ауылына орналастырылды. Қазіргі таңда жедел жәрдем қызметі дабыл парағын және өмірден өткендігі жөнінде анықтама бермейді. Мысалы, шақырту түсіп, біз жеткенше немесе науқасты тексеру барысында өмірден өтсе, фельдшер сол сәтте жұмысын тоқтатып, 102-ге хабарласады. Шақыртулар саны, әсіресе, демалыс, мереке күндері, кешкі мезгілде, көктемгі, күзгі вирус ушыққан уақытта көбейеді. Күндізгі мезгілде жергілікті емханалар жұмыс жасағандықтан шақыртулар саны аз болады. Біздің басты мақсатымыз – науқасқа тез әрі сапалы қызмет көрсету. Жасыратыны жоқ, бір бригада болғандықтан кейде кешігіп жатамыз. Десе де барлық шақыртылған хабарламаларға барып, медициналық көмек көрсетеміз.
Біздің фельдшерлер науқасты бақылай отырып, диагноз қояды, экг оқиды, көк тамырға түсе алады. Көп жағдайда дәрігердің қойған диагнозымен бірдей болады. Бұның барлығы фельдшердің біліктілігінің көрінісі. Алғашқы медициналық көмек көрсету барысында парацетамол, ибуфен дәрілерін беріп, инъекция саламыз. Пациентпен, отбасымен сөйлесеміз. Үлкендер «жедел жәрдемді неге шақырдыңдар, менен де қатты ауырып жатқандарға барсын» деп айтып жатады. Тұрақты жедел жәрдем қызметіне жүгінетін науқастарымыз танып, «Менің қара балам, сары қызым қайда?» деп сұрап жатады. Батасын береді. Ал халықтың алғысы, олардың саулығы бізге күш береді. Алға ұмтылуға жетелейді, - дейді аға фельдшер Сұңғат Ғибатоллаұлы.
4 санатқа жіктелген
Таңмен бірге біз де кенттегі жедел жәрдем бөлімшесіне барып, аға фельдшер Сұңғат Ғибатоллаұлымен әңгімелестік. Алдымен жүйелілік пен шапшаңдықты талап ететін жедел жәрдем қызметінің жұмысының біз біле бермейтін тұстарын аңғардық.
– Біздің жұмысымыз әркез қарбаласта өтеді. Кей кездері кезекшіліктегі әріптестеріміз тұрақты тамақтанып та үлгермей жатады. Әр шақыруға жауапкершілікпен, түсіністікпен қараймыз.
Халықпен жұмыс жасағандықтан қызықты сәттер де, кейде шағым түсетін кездер де болады. Индербор кентіндегі жедел жәрдем бөлімшесі кент ішімен қатар, Индер-Атырау тас жолында орын алатын жол апаттарына, көрші Батыс Қазақстан облысының Шабдаржап ауылына дейінгі тұста жедел қызмет көрсетеміз. Бастысы – адам өмірін аман сақтап қалу.
Сондай жағдайда кенттегі қоңырауларға кешігіп келетініміз жасырын емес. Бұдан бөлек, реттік нөмірі дұрыс емес үйлерді іздеумен, нақты мекенжайға барғанда қақпаның немесе үйдің есігін ашпай отыруы да уақыт алып жатады. Тағы бір айта кетерлік жайт, кейде 103 диспетчеріне қатты қызуы көтеріліп жатқандығы туралы хабарлама түседі. Бұл шақыру төртінші санатқа жатқызылғандықтан, 1 сағат ішінде барамыз. Осындай хабарламалар кезінде кейде мекенжайға барғаннан кейін ғана жедел жәрдем қызметіне жүгінбейтінін немесе учаскелік дәрігерге қаралуға кеткенін айтып жатады. Тұрғындар мұндай сәтте міндетті түрде 103 диспетчеріне хабарласып, шақырудан бас тартқаны жөнінде айтса жақсы болар еді. Себебі біз үшін әр минут маңызды.
Қазір жедел жәрдем көлігінің барлығы автоматтандырылған, толықтай жабдықталған және «КӨМЕК» жүйесі қондырылған. Бұл жүйенің тиімділігі көлік бекетке қайта келіп әуре болмайды. Бағыттаушы диспетчер көліктің қай жерде жүргенін компьютер арқылы анықтап, сол бойынша келесі шақыртуға жібереді. Фельдшердің қолындағы планшетте де «Көмек» жүйесі орнатылған. Осылайша уақыт та үнемдейді әрі артық шығын болмайды, – дейді ол.
Әр шақырту – жауапкершілік
Әдеттегідей жұма күні таңертеңгі ауысымның фельдшерлері Венера Иманғазиева мен Наурызғали Карпашев жұмысқа кірісті. Олар алдымен қызметтік киімін киіп, кейіннен арнайы медициналық сөмкесіндегі құралдары мен науқастарға арналған дәрі-дәрмектерді тексеріп шықты. Әрине, біз көрген көрініс қызметкерлердің күнделікті ауысымға дайындығының бейнесі.
Шұғыл көмекке аттанатын жедел жәрдем көлігі де кезекшілікке сақадай сай дайын тұр. Бүгінгі кезекшілікте көлік тізгінінде көп жылдан бері салада еңбек етіп келе жатқан Аманкелді Ермағамбетов болды.
Жедел жәрдем көлігі кислород, ИВЛ, ЭКГ, дефибриллятор, небулайзер сынды қажетті аппараттармен жабдықталған. Фельдшерлердің қораптарында керекті дәрі-дәрмектер бар.
Сағат 09.07-де күндізгі кезекшілікке кіріскен қос фельдшердің «Көмек» атты планшетіне облыстық диспетчерден алғашқы қоңырау түсті. Шақыруда екінші санат бойынша онкологиялық диспансерлік есепте тұратын ересек адамға көмек қажет екендігі жазылған.
Жедел жәрдем көлігімен көрсетілген мекенжайға 09.16-да жеделдете жетті. Науқастың қан қысымын, пульсін, сатурациясын, тыныс алу жиілігін толық тексерген соң, оның созылмалы жүрек ауруымен ауыратынын ескере отырып, жүрек-қан тамыры жүйесінің ауруларын емдеуге арналған нитроминт препаратын салды. Науқасқа жергілікті учаскелік дәрігерге қаралу қажеттігін ескерте отырып, оның қалауымен үй жағдайында ем алуға қалдырды. Егер жағдай кері қайталанса жедел жәрдем қызметін кері шақырту қажеттігін түсіндірді.
Одан әрі бөлімшеге қайтар жолда cағат: 09.48-де екінші хабарлама да келіп жетті. Бұл жолы діттеген жерге 09.59-да фельдшерлер мінген жедел-жәрдем көлігі желдей ұйытқып жетті. Қан қысымы бойынша есепте тұрған елу жастағы ер адам шарбағындағы мұзға құлап, жарақат алған екен. Науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жағдайын бақылаған соң, туыстарына арнайы маманнан ем алу қажеттігі түсіндіріліп, жедел жәрдем көлігімен аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне әкеліп тапсырды.
Аталған науқасты тексеріп жатқанда сағат: 09.57-де планшетке 3 санат бойынша қабылдау келіп түсті. Бұл жолғы шақырту да жеңіл жарақат алған кент тұрғыны еді. сағат: 10.15-те мекенжайға жетіп, науқасты аудандық аурухананың қабылдау бөлмесіне әкеліп, жағдайын баяндап, тапсырды.
Осы тұста менде таңертеңнен бері дамыл көрмей көрмей жүрген қос фельдшерге шақыртулардың санаты бойынша сұрағымды қойдым.
– Өзіңіз көргендей, бізге жолданған қоңырауларды біз планшет арқылы қабылдаймыз. Шақыртулар 4 санат бойынша қабылданады. Алғашқы шұғыл санаттағыларға 10 минутта тез жетуіміз керек. Бірінші санатқа науқастың өміріне тікелей қауіп төнетін жағдайлар жатады. Мәселен, жол-көлік оқиғасы, төтенше оқиға болғанда, адам ес-түссіз қалған жағдайлар. Толығырақ айтар болсам, естен тану, тыныс алысы тоқтау, жүрек тоқтауы, жарақаттану салдарынан қан кету, күйік, үсік, жануарлар мен жәндіктердің тістеп алуы, талма ауруы, электр жарақатын алу, орталық нерв жүйесінің бұзылуы, сал ауруы, қан құсу, бала туу, оқыс жағдайлардан жарақаттанулар кіреді. Ал екінші санат бойынша науқастың өміріне қатер төнуі ықтимал, яғни жүкті келіншектер,жүрек қысылғанда, қан қысымы көтерілсе, 3 жасқа дейінгі балалардың дене қызуы 38°С жоғары болып, қызуы жоғарылағанда денені бөртпе басса жедел жәрдем қызметі шақырылған орынға 15 минуттан аспайтын уақытта жетуі тиіс. 3 жеделділік санатындағы шақырту – денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін, яғни өміріне қауіпті емес жағдайларға 30 минутта жету қажет. Бұл санатқа жеңіл жарақат алу, іш ауруы, 5 жасқа дейінгі балалардың қызуының көтерілуі кіреді. Ал 4 жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған, яғни Д есепте тұратын азаматтардың шақыруына 1 сағат ішінде жету міндеттелген.
Осы тұста мәселен планшетке 4 санаттағы шақыру келіп, барар жолда 1 санаттағы шақыруға хабарлама түсетін болса, жедел жәрдем көлігі алдымен шұғыл санаттағы шақыртуды қабылдап, жылдам әрекет етеді. Бұның барлығы автоматтандырылған тәртіппен диспетчердің нұсқамасы бойынша жасалады, – дейді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Наурызғали Карпашев.

Бөлімшеге келіп, келесі шақыртуды күтіп отырған қос фельдшер және аға фельдшермен жақынырақ танысудың сәті түсті. Аға фельдшер Сұңғат Ғибатоллаұлы еңбек жолын 2014 жылы Атырау облыстық жедел жәрдем станциясында, 2017 жылдан бастап Елтай ауылдық дәрігерлік амбулаториясында фельдшер, 2018 жылдан бастап облыстық медициналық жедел жәрдем қызметі аудандық ауруханадан бөлініп, жеке бөлімше болып ашылғаннан бастап ауданда аға фельдшер болып жұмыс жасап келеді. Сонымен қатар біліктілікті арттыру мақсатында өткен жылы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дан «мейіргер ісі» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алған. Ал Венера Иманғазиева 2012 жылы 18 шілдеден бері, Наурызғали Карпашев 2014 жылдан бастап жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүр.
– Оқу орнын бітіре салысымен жедел жәрдем қызметіне жұмысқа орналастым. Жас маман болып келген бойда қайнаған қазанға түскендей болдым. Неге десеңіз, біздің жұмыс шапшаңдық пен тәртіпті, мықтылықты талап етеді. Әріптестеріммен бірге көп нәрсені үйрендім, шыңдалдым. Әр жыл сайын арнайы тәжірибелік семинарларға қатысып, мамандардан жаңа нәрсені үйренеміз. Медицина саласы жылма-жыл дамып келеді. қазір барлығы цифрландырылған жүйеде.
Әр қызметтің қызығы мен шыжығы қатар жүреді. Әлі есімде, кезекшілік кезінде 2 санатта жасөспірімнің жарақаты бойынша шақырту түсті. Мен жүктіліктің алтыншы айындамын. Әріптесім Сұңғатпен бірге шақырту бойынша барсақ, сыртқы қақпа кілттеулі екен. Содан қақпадан екеуміз де секіріп, үйге кіргенбіз. Бұл жерде айтқым келгені, біз үшін ең маңыздысы халықтың саулығы, амандығы. Бұндай жайттар жалпы орын алып тұрады. Мен кезекшілік ететін күндері көбінесе жол-көлік оқиғасы, инфаркт алу, жарақаттану секілді шақыртуларға барамын.
Жалпы пациент қуанса, алғысын айтып жатса, біз де қуанамыз. Жол-көлік оқиғасы кезінде кішкентай сәби жан тапсырғанда, жаның ауырады. Ойлайсың. Ең қиыны – баланың өлімі. Кейде кезекшілік уақытыңа туған-туысқандарыңнан шақырту түседі. Тәжірибемде сол жағдай орын алып, туғанымнан айырылып қалған сәттер болды. Бұның барлығы, әрине, ауыр тиеді, – деді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Венера Иманғазиева.
Осылайша түске дейінгі уақыт та лезде өте шықты. Осы аралықта олардың әр күні – сынақ, әр шақырту жауапты екенін түсіндік. Қазақтың «Бірінші байлық – денсаулық» деген тәмсілі де салауатты өмірді дәрігердің көмегінсіз елестету мүмкін емесін меңзесе керек-ті.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
суреттер автордікі

