«АНА МЕН БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ – ҰЛТ САУЛЫҒЫ» ДЕЙТІН БОЛСАҚ, ДҮНИЕГЕ ШЫР ЕТІП КЕЛГЕН НӘРЕСТЕГЕ АЛҒАШҚЫ КҮННЕН БАСТАП ҮНЕМІ БАҚЫЛАП, КҮТІМ ЖАСАЙ БІЛУ ҚАЖЕТ. БҰЛ ҮШІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДА ПАТРОНАЖДЫҚ ҚЫЗМЕТ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ, НӘРЕСТЕНІ ҮЙГЕ ШЫҒАРҒАННАН КЕЙІН ОНЫ БІРДЕН ЕМХАНАНЫҢ УЧАСКЕЛІК МЕДБИКЕСІ ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛАДЫ. ОСЫЛАЙША ЕЛІМІЗДЕ БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ НЕГІЗГІ ӨЗЕГІНЕ АЙНАЛДЫ.
Осыған орай аудандағы медицина қызметкерлері республикалық маманнан білімін жетілдіруде. Индер аудандық ауруханасында жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаж қызметін көрсету сапасын арттыру мақсатында медицина қызметкерлеріне арналған оқу семинарлары ұйымдастырылып, мамандар республикалық деңгейдегі білікті маманның оқытуынан өтті. Оқытуды Астана қаласындағы «Ұлттық медициналық білім беру орталығының» оқытушысы, балалар инфекционисті, ИВБДВ және УПМП тренері, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Оспанова Зәуре Мұратқызы жүргізді.
«Жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаж қызметінің әмбебап және прогрессивті моделі. Базалық тренинг» тақырыбында 60 сағаттық оқу курсына 40 медицина қызметкері қатысты.
Сонымен қатар « Патронаждық мейіргердің жаңа рөлі» тақырыбында 60 сағаттық семинар ұйымдастырылып, мамандар әрбір үйге, әрбір сәбиге заманауи әрі сапалы медициналық көмек көрсетудің жаңа әдістерін игерді. Семинар барысында мамандардың жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаж қызметін ұйымдастыру, қауіп факторларын ерте анықтау және отбасыларға көрсетілетін профилактикалық көмектің сапасын арттыру бағытындағы білімдері мен практикалық дағдылары жетілдірілуде.
Жаңа туған нәрестелердің патронажы – аурудың алдын алу, ата-аналарды баланың үйлесімді дамуы үшін оған дұрыс күтім жасауға үйрету мақсатында перзентханадан шыққаннан кейін үйдегі кішкентай пациентті белсенді бақылау жүйесі. Айта кету қажет, анасы мен баласы ауруханадан тәулік бойы медициналық бақылау үшін медициналық көрсеткіштер болмаған кезде және қанағаттанарлық жағдайда ғана шығарылады. Бала үйге шығарылғаннан кейін перзентхана ол туралы ақпаратты одан әрі бақылау үшін нақты тұратын жері бойынша емханаға береді.
– Бала денсаулығын қорғаудағы басты қағида қандай болуы керек деген сауалға тоқталсақ. Мейіргер жүкті келіншек 12 және 32 аптаға дейін 2 рет, жаңа туған балаға 8 рет баруы қажет. Сәби 3 жасқа толғанша қалай дамып жатқанын бақылау қажет. Дамудың 5 түрі болады. Олар физикалық (салмағы, бойы), психоэмоционалдық (позитивті эмоция, сезімдер), ұсақ-ірі моторика (қимылы), сөйлеуі, қарым-қатынасы қалай екенін анықтауды. Біздің міндетіміз – баланың дамуында қандай қауіп барын анықтау. Көбіне нашар есту, қаназдық секілді жайттар кездеседі. Әке мен ана бірлесе отырып баланың саулығына бейжай қарамағаны жөн. Баланың миы дүниеге келген сәттен қуанышты, көңіл бөлуді сезінуі қажет. Патронаждық мейіргер мен учаскелік дәрігер бірлесе жұмыс жасау арқылы осы міндеттерді атқарады.
Біз күн сайын ұжыммен жүйелі жұмыстар жасап, семинарды жоғары деңгейде өткізудеміз. Енді алған білімімізді тәжірибе жүзінде іске асыратын боламыз. Осы ретте аталған біліктілікті арттыру семинарын өткізуге қолдау білдірген ауданның бас дәрігері, аурухана басшысына ризашылығымды білдіремін, - дейді Зәуре Мұратқызы бізбен әңгімесінде.
Семинарға қатысушы медицина мамандары да саладағы жаңашылдықтарды үйреніп жатқанын айтты.
– Зәуре Мұратқызының семинар жұмысы қызықты әрі жоғары деңгейде өтуде. Сабақ барысында теориялық деңгеймен қатар практикалық тапсырмаларға ерекше көңіл бөлуде. Бұл бізге алған білімімізді бірден тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Ең ұнағаны – сабақтың интерактивті әрі түсінікті ұйымдастырылуында. Біз тек тыңдап қана қоймай, белсенді түрде қатысып, өз ойымызды айтып, тапсырмаларды бірге орындап жатырмыз. Әсіресе топтық жұмыс пен тәжірибелік жағдайларды талдау бізге өте пайдалы, кәсіби мүмкіндігімізді жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр. Әрбір тақырып нақты мысалдармен түсіндіріліп, сұрақтарымызға толық жауап алудамыз. Сондықтан сабақ мазмұнды әрі нәтижелі өтіп жатыр деп айта аламын, - дейді бала дәрігері Ұлдана Аманғалиева.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
суреттер автор



