«ӨРТ – ТІЛСІЗ ЖАУ» ДЕСЕК, СОЛ «ЖАУМЕН» КҮРЕСТЕ ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР МЕЗГІЛМЕН САНАСПАЙ, ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ. ОСЫ РЕТТЕ БІЗ КЕНТТЕГІ №5 ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ ЕРҒАЛИЕВ АЙБЕК ЖҰМАСЕРІКҰЛЫМЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК.
– Әңгімемізді бөлімнің жұмыс барысымен бастасақ. Өрт сөндірушінің жұмыс күні қалай басталады?
– Өрт сөндірушілердің әр сағаты жоспарланған. Сағат таңертеңгі сағат 8.00-де ауысымдағы қызметкерлер бөлімге жиналады. Кезекшілікке түсетін қызметкерлердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында 8.30-9.00 аралығында барлығы тексеріліп, қарауыл ауысып, қабылдап алынады. Одан соң алдымен өрт сөндіру құралдары мен техниканың жағдайын тексеріп, теориялық сабақтар өткізіледі. Бұған қоса оқу-жаттығу, дене шынықтырумен айналысады.
Бөлімде штат бойынша 30 қызметкер (28 – ер, 2 әйел адам) жұмыс істейді. Атап айтсақ, бөлім бастығы, бөлім бастығының орынбасары, 4 қарауыл бастығы, 4 бөлімше командирі, 1 газ түтінінен қорғау аға шебері, 5 өрт сөндіруші, 10 жүргізуші, 4 радиотелефоншы бар. Қызметкерлер тәулік бойы кезекшілік атқарып, кез келген төтенше жағдайға сақадай сай тұрады.

Бөлімде сабақ оқу бөлмесі, арнайы асхана, демалыс орны, көлікжай бар. Мұнда барлығы темірдей тәртіпке бағынады.
Өрт сөндірушілер тәуліктің көп бөлігінде жаттығу жасап, жедел құтқару шараларына үздіксіз дайындықта болады. Бұған қоса, арнайы әзірліктен өткен жетекші мамандардың дәрістерін тыңдап, теорияны тәжірибемен ұштастырады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мен тәлімдерін қайта-қайта пысықтап, техникалық құрал-саймандарының толыққандығын тексеріп отырады. Яғни шұғыл шақыруға тап-тұйнақтай дайын жүреді.
Қызыл жалынды ауыздықтау – әр өрт сөндіруші-құтқарушылардың жұмысы. Сондықтан біздің күшіміз – бірлікте, бір-бірімізге деген нық сенімде. Ең басты қағидат – осы. Бұған қоса, өрт сөндірушілерге шапшаңдық, жүректілік, қырағылық, әп-сәтте шешім қабылдай алатын тәуекелшілдік тән. Жауынгерлер алғашқы медициналық көмектен де хабардар. Улы газға тұншыққан, күйік шалған адамдарға жәрдем бере алатындай «Парамедик» арнайы курстық оқудан, жылу түтін камерасы секілді курстардан өткізіліп тұрады.
Ауданымызда өрт сөндіру бөлімінен бөлек, ерікті өрт сөндіру жасақтары да құрылды. Олар төтенше жағдайда бірге ерікті түрде жұмыс істейді. Ал ерікті жасақ жұмысына әкімдіктері жауапты.

– Ал техникалық базаның жай-күйі қалай?
– Техникалардың барлығының жай- күйі жақсы. Қазіргі таңда бөлімде 3 негізгі өрт сөндіру автокөлігі, 1 арнайы автокөлік және 1 қызметтік автокөлік бар. Барлық техникалардың жағдайы тұрақты бақылауда. Өрт сөндіру автокөліктері, арнайы құралдар мен байланыс жүйелері толықтай жұмысқа жарамды. Тхникалар уақытылы тексеріліп, қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
3 өрт сөндіру автокөлігінің екеуі 2019 жылы қолданысқа берілген, ал біреуі 2024 жылғы. Апаттық құтқару жұмыстарына шығатын 3 «Тайота» автокөлігі және адамдар көлікте қалған жағдайда көмек беретін қосымша халматра құрылғысы, 1 автосаты, «КамАЗ» арнайы техникасы бар. Егер көлік бұзылған жағдайда қосымша жабдықтар қоймада сақталады және жүргізушілер өздері оңдайды.
– Жыл басталғалы бөлімге қанша шақырту түсті?
– Өрт сөндірушілер үшін әр секунд маңызды. Хабарлама ең алдымен өрт сөндіру бөлімінің 101 байланыс бекетіне келіп түседі. Қатты дабыл дауысы естілесалысымен өрт сөндірушілер бірден іске кірісіп, кезекші жауынгерлер 38 секундтың ішінде жауынгерлік киімдерін киіп, белдігін тағып, көліктеріне отырып, өрт болған жерге қарай шығып үлгеруі тиіс. Ал, тұрған жерінен «ұша жөнелетін» өрт сөндіру автокөлігі оқиға орнына жылдам келіп жетуі керек. Мысалы өрт сөндірушілердің киімдерінің өзі 17 кг болады. Оның үстіне 10 кг болатын газқағарды, яғни драгер аппаратын және арнайы құрал-жабдықтарын қосасыз, барлығы 40 кг қосымша салмақты көтеріп жүруі керек.
Бұл уақытта жауынгерлер ауысым жетекшісінің тактикасымен қимылдайды. Сондықтан басшы дер кезінде дұрыс шешім қабылдай алатын қырағы болуы қажет. Өртті тез ауыздықтау да ауысым жетекшісінің шеберлігіне байланысты.
Мәселен, аудан орталығында шыққан өртке 2-5 минут аралығында , а л ауданға жақын орналасқан Бөдене, Аққала ауылдық округтерінде орын алған өртке 8-10 минутта жетеді. Ал елді мекендерде болған өрт қашықтығына тікелей байланысты. Өйткені су тиелген үлкен көлік қанша жылдамдықпен жүрсе де 1 километріне ең кемі 1 минуттан есептегенде кейбір от тұтанған ошақ құтқарушы топ барамын дегенше көп жері жанып кетіп жататын жайттар кездеседі.
Жыл басынан бері аудан аумағында 11 өрт, 17 жану жағдайы, 3 авариялық құтқару жұмыстары, 7 іздестіру-құтқару жұмыстары тіркелді. Әрбір оқиға бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, себептері анықталды.
Қазіргі уақытта өрттің алдын алу, болдырмау мақсатында тұрғын үйлерді аралау, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, жадынамалар тарату және әлеуметтік желілер арқылы ақпарат беру жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ мектептер мен түрлі мекемелерде арнайы оқу- жаттығулар өткізіліп тұрады.
Өрт сөндірушілер өртті сөндірумен ғана айналыспайды. Олар адамдарды құтқарады, алғашқы медициналық көмек көрсетеді, жарылыс қаупінің алдын алады, қауіпті аумақтарды қоршауға алып, авариялық-құтқару жұмыстарын да жүргізетінін тағы да айта кеткім келеді.

– Аудандағы өрт сөндіру гидранттарының жағдайы қалай?
– Аудан бойынша 363 өрт сөндіру гидранты бар. Оның – 175-і жарамды, 188-і – жарамсыз күйдегі гидранттар. Индербор кентінде 81 өрт сөндіру гидранты болса, оның ішінде жарамдысы – 35, жарамсызы – 46. Дегенмен өрт гидранттарының жағдайы үнемі бақылауда ұсталады. Мамандар олардың техникалық жағдайын тексеріп, анықталған ақаулар туралы жауапты мекемелерге хабарлайды. Себебі бұл – төтенше жағдай кезінде үздіксіз су беруді қамтамасыз етудің маңызды бөлігі.
Жарамсыз өрт гидранттары төтенше жағдайлардың алдын алуға және өртті дер кезінде сөндіруге аса қиындықтар алып келетіні белгілі. Өйткені қандай да бір өрт оқиғасы орын алған жағдайда судың көп мөлшерде қажет екенін ескерсек, 1 өрт сөндіру көлігіне 6 тонна су сыйғандықтан, ол су 10 минутта жоқ болады. Сол себептен өрт сөндіру автокөлігі су біткеннен соң жақын маңдағы өрт гидранттарын пайдаланады.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, өртке қарсы сумен қамтамасыз ету жүйелерін жарамды жағдайға келтіруді жауапты мекемелер жүзеге асыру қажет. Осыған орай, анықталған жарамсыз өрт гидранттарын қалыпты жағдайға келтіруге ықпал ету бойынша аудан әкіміне, прокуратураға және су шаруашылығы мекемелерінің басшыларына хат жолданып, аудандық төтенше жағдайлар комиссиясының өткен отырыстарында кеңінен талқыланып келеді.
Алдағы уақытта жауапты мекемелер өртке қарсы сумен қамтамасыз ету жүйелерін жарамды жағдайға келтіріп, қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз етсе, онда мемлекеттік өрт сөндіру бөлімшелері орын алған қандай да бір өртті дер кезінде сөндіруге және өрт көлемінің ұлғаюына жол бермей, адам өмірін аман алып, материалдық құндылықтарды сақтап қалуға үлкен септігін тигізетіні анық.
– Қызметі ауыр сала мамандарының еңбегіне сай қандай мемлекеттік қолдау шаралары ұйымдастырылған?
– Елімізде соңғы төрт жыл ішінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушілерінің жалақысын жыл сайын арттырып келеді. Төтенше жағдайға жедел ден қоюға тұрақты дайындығы үшін лауазымдық жалақының 10% мөлшерінде үстемеақы енгізілген.
Ауданымызға келер болсақ, жыл сайын өсіп келе жатыр, былтырдан бастап пәтерақы береді.
– «Өрт сөндірушілер өрт болған жерге сусыз келеді» деген сөзді жиі естиміз. Осының ақ-қарасын өзіңіз айтып берсеңіз...
– Мұндай пікірлерді жиі естиміз. Көп жағдайда өрт сөндірушілердің уақытынан кешігетіні, машиналардың дайын болмай, қайта-қайта су толтыруға кететіні сынға ұшырап жатады. Әрине, барлық мәселе біздің қолымызда болса, көзді ашып-жұмғанша-ақ оқиға орнынан табылар едік. Су толтыру мәселесіне келсек, арнайы техникаларымыз кез келген төтенше жағдайларға әрқашан да сақадай сай тұрады. Алайда олардың суы өлшеулі. Мысалы, кәдімгі өрт сөндіру автокөліктеріне 6 тонна су сияды. Былайша мол көрінгенімен, бұл суыңыз 2 дана оқпанмен жұмыс жасағанда 10 минутта жоқ болады. Яғни өрт сөндіру кезінде секундына 40 литр су шашамыз.
Өрт сөндірушіге тән басты қасиет – біз түтіннің иісінен не жанғанын бірден айыра аламыз. Оқиға орнына шыққаннан бастап барлау жұмыстары жүргізу барысында анықталады. Мұны жай адам аңғара бермейді.
Қызыл жалынның ортасына кіргенде от ортасында қалған адамды құтқаруға, өртті сөндіруге басты назар ауады. Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын! Отпен арпалысқан оғландардың әр күніне тыныштық тілейміз. Сондықтан біздің басты міндетіміз – оқиға орнына қысқа уақыт ішінде жетіп, өрттің таралуына жол бермеу.
Өрт жайттары көбінесе адамдардың бейқамдығынан, ұқыпсыздығынан болады. Жүргізілген талдауға сәйкес өрт отты дұрыс қолданбағандықтан, электр жабыдықтарын жабдықтау және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан туындайды. Сондықтан өрт қауіпсіздігін сақтап, пешті, электрге қосылған барлық заттарды қадағалап, дер кезінде өшіріп отыруды және кішкентай балаларды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды ескертеміз.

– Өрт сөндірушілердің жұмысының қиындығы туралы айттыңыз. Ал жақсы тұстары қандай?
– Бұл мамандықтың ең басты артықшылығы – адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беруінде. Сонымен қатар бұл жұмыс жауапкершілікті, батылдықты және төзімділікті талап етеді. Ұжымдағы ауызбіршілік пен өзара қолдау да қызметтің маңызды ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Олардың қызметі әлемдегі ең ауыр, күрделі мамандықтардың бірінен саналады. Өрт сөндірушінің жұмысы ерлікпен пара-пар. Өз өмірін қауіп- қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі.
«Өрт сөндіруші – құтқарушы» деген нағыз ерлердің мамандығы болып саналады. Қызметкерлердің денсаулығы да ұдайы қадағалауда болады.
Өрт сөндіру, қайғылы жағдайларға куә болу адамның жүйке жүйесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан олардың жүйкесі темірдей мықты болуы керек.
Ең бастысы, аталған салаға жұмысқа орналасамын деген азаматтарға қандай мамандықта білім алғаны маңызды емес. Қызметке жасы 18-35 жас аралығындағы тепсе темір үзетін, денсаулығында ешқандай кінәраты жоқ жастар алынады.
Қызметінің қауіптілігі ескеріліп, өрт сөндірушілерге 16,5 жыл жұмыс жасап, зейнеткерлікке ерте шығу жеңілдігі берілген. Олардың мамандығы мемлекеттік қызметке теңестірілген. Бастысы, физикалық, психологиялық тұрғыдан дайын болып, іріктеу конкурсынан өтуі қажет. Конкурстан өткен соң әрі қарай Шымкент қаласына оқуға жіберіледі. Сонымен қатар өрт сөндіру мамандығы бойынша арнайы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мамандар дайындайды. Өрт сөндірушілер де зейнетке 45 жаста шығады. Сондай-ақ еңбек өтілі осы салада 25 жылға жетсе, онда зейнетке ерте шығуға мүмкіндік бар.
Жалпы қазір бөлімдегі барлық қызметкерлер – физикалық тұрғыда шыныққан азаматтар. Аудан, облыс көлемінде спорттың қай түрінен болсын өтетін жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Бұл – өрт сөндірушінің жан- жақтылығының бір дәлелі.
– Өзіңіз осы салада еңбек етіп жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Салада жүргенімізге 13 жылдан асты. 2013 жылдың наурыз айында өрт сөндіруші болып орналастым. Қазіргі уақытқа дейін бөлімде әртүрлі лауазымды қызмет атқарып, бүгінде бөлім басшысымын. Өзім бала кезден өрт сөндіруші болуды армандадым. Сол мамандық иелері секілді өзгеге көмектесіп, жақсылық жасауды мақсат тұттым.
Өрт сөндірушіге ең әуелі жауапкершілік қажет. Біз өлім мен өмірдің арасында тұрған адамдар үшін жауаптымыз. Бұл салаға адамдарға жақсылық жасаймын дегендер ғана келеді. Мектеп қабырғасында жүргеннен спортқа жақын әрі белсенді болғандығым бүгінгі қызметімде де жемісін беруде. Осы жылдар ішінде көптеген шақыртуға барып, адам өмірін арашалап қалдық. Сондықтан бұл – тек жұмысым ғана емес, менің өмір жолым. Сол жолда еңбек етіп жатқаныма мақтанамын.
Бастысы, халықтың алғысы мен батасы бізге үлкен күш беретінін айтқым келеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Жадыра НАРИМАНОВА


