Атырау мен Оралдың ортасында теміржолдың жоқтығы екі облыс тұрғындарының да көтеріп жүрген мәселесі еді. Енді міне, ұзындығы 330 шақырым болатын “Орал-Атырау” теміржолы салынатыны ту ралы хабар БҚО қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды.
Орал мен Атырау қалаларының арасын жалғайтын теміржол салу мәселесін жиында қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір ұсыныс ретінде көтерген. Стратегиялық бастама жол-көлік апаттарын азайтуға, ауыр жүк тасымалын теміржолға көшіруге, өлім-жітімді төмендетуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бермек. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің айтуынша, теміржол салу — ұзақ мерзімді жоба. Қазіргі таңда Орал-Индерге дейін техникалық экономикалық негіздеме дайын, жобаның ұзындығы шамамен 330 шақырымды құрайды. 12 разъезд болады деп күтілуде. Атырау облысында “Индер–Мақат” бағытында теміржол бар, ал Оралға дейінгі бөлікті салу жоспары «Қазақстан теміржолы» компаниясымен бірлесіп қарастырылуда. Осы туралы аудан әкімдігіне хабарласқанымызда бұл мәселеге енді назар аударып жатқанын білдік. Ең бастысы, сең қозғалатындай түрі бар. Ендігісін келер күннің еншісінен көреміз.
«Дендер»-Ақпарат»



