Индер ауданында «Назар аударыңыздар, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Индер ауданында «Назар аударыңыздар, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Іс-шара ағымдағы жылдың 15-20 тамыз күндері аралығында ұйымдастырылып, аудан көлемінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылуда.
Профилактикалық шара барысында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, балалардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында тиісті жұмыстар жүргізуде. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен көшелерде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылыққа бейім балаларды анықтау және олармен профилактикалық жұмыстар жүргізу басты назарда.
Балаларға қатысты қылмыстық қол сұғушылықтардың алдын алу, жасөспірімдердің қараусыз және бақылаусыз жүруіне жол бермеу, сондай-ақ олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда.
Полиция қызметкерлері ата-аналарға да балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертеді. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, олардың қайда және кіммен жүргенін бақылауда ұстау маңызды.
Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Құқық бұзушылықтың алдын алу тек полицияның ғана емес, ата-ана, білім беру ұйымдары және жалпы қоғамның бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асады.
Индер ауданы Полиция бөлімі


