ПӘНДІК БІЛІМІН БАҒАЛАУ ТЕСТІ – МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ӨЗ ПӘНІ БОЙЫНША БІЛІМ ДЕҢГЕЙІН ТЕКСЕРУГЕ АРНАЛҒАН ЕМТИХАН ТҮРІ. ТЕСТ НЕГІЗІНЕН АТТЕСТАЦИЯ КЕЗІНДЕ ҚОЛДАНЫЛЫП, ПЕДАГОГТЕРДІҢ БІЛІКТІЛІК САНАТЫН АНЫҚТАУҒА ӘСЕР ЕТЕТІН. СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ БҰЛ ТЕСТ МҰҒАЛІМДЕРГЕ ҚОСЫМША ЖҮКТЕМЕ РЕТІНДЕ СЫНҒА АЛЫНҒАН ЕДІ.
Осыған орай Оқу - ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова енді мұғалімде рдің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылғанын хабарлады . Енді педагогикалық қоғамдастықтағы тәжірибелі ұстаздар бұл тестті тапсыруға міндетті емес. Тиісті шешім бойынша ресми хат өңірлік білім басқармаларына жолданған.
Пәндік біліктілік тесті енді тек педагог мамандығына алғаш қадам басып отырған университет түлектері үшін өткізіледі. Бұл – жаңа ұстаздардың білім деңгейін бағалау мақсатында енгізілген , - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Жаңа педагогтер екі жылдан кейін педагог-модератор біліктілік деңгейіне аттестациядан өткен кезде де педагог біліктілік тестін тапсырады. Ал қалған ұстаздар үшін бұл тест қарастырылмайды. Министрдің мәлімдеуінше, пәндік біліктілік тесті аттестация нәтижесіне ешқандай әсер етпейді.
Осыған орай аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Гүлайым Жаңбырбаева пікірін білдірді.
– «Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мн шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы №83 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты биыл аттестаттаудан өтетін педагогтер үшін аттестаттау рәсімі, 7-15 сәуір, 16-27 сәуір және 13-17 шілде аралығында өтетін тестілеу уақытша тоқтатылады.
Ал тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар, педагогикалық қайта даярлау туралы құжаты бар, өтілі жоқ тұлғалар, педагогикалық қызметті қайта бастауға тілек білдірген тұлғалар үшін тестілеу жоспарланған мерзімге сәйкес ай сайын өткізіледі, – дейді ол.
Сондай-ақ министр педагогтердің портфолиосы енді электрондық форматта жүргізілетінін мәлімдеді . Енді ұстаздар қағаз түріндегі құжаттарды жинап, түрлі қол жинауға міндетті болмайды.
Министрлік ұсынған мәліметке сүйенсек, барлық құжаттар мен мартериалдар арнайы электрондық құжатта сақталып , сол жүйе арқылы қаралады. Бұдан бөлек, бұған дейін талқыланған авторлық бағдарламаларды жазу және ұсыну талабы да алынып тасталады. Министрдің сөзінше , бұл бағыттағы жұмыстар тоқтатылады.
Ж.Нариманқызы

