Марафоншы Мұхаметжан

 

ЕЛТАЙЛЫҚ ЖЕРЛЕСТЕРІМНІҢ ІС-ӘРЕКЕТТЕРІ ӨЗ АЛДЫНА БІР ҚЫЗЫҚ ДҮНИЕ. ӘРИНЕ МЕН ОНЫ ЖАҚСЫ ЖАҒЫНАН ЕСКЕ АЛЫП, РИЗАШЫЛЫҚТАН АЙТЫП ОТЫР­МЫН. БҰЛ ЖАҢАЛЫҚ СЫРТЫНДА ТҰРМЫС САПАСЫНЫҢ АРТА ТҮСУІНІҢ ДЕ ОҢ КӨРІНІСІ ТҰР. НАҚТЫРАҚ АЙТСАҚ, СОНАУ ЖЫЛДАРЫ БІЗДІҢ АУЫЛДА ҮЙДІ КЕҢЕЙТІП БӨЛМЕ ҚОСУ, САРАЙ САЛУ ЖАРЫСЫ БАСТА­ЛЫП КЕТТІ. СӨЙТІП, ҮЙЛЕР МАҢЫ КЕҢЕЙІП, ЖАРЫҚ ТА ТЕГІС, ЖАСЫЛ ЖЕЛЕКТІ СӘУЛЕТТІ КӨШЕЛЕР, ТІПТІ ЖАҢА ПӘТЕРЛЕР ДЕ, ТҮРЛІ ТҮСТІ ҚОРШАУЛАР ДА БІРТІНДЕП ПАЙДА БОЛЫП, ОЛ ҮРДІС МЫНА ЖАҢА ҒАСЫРҒА ҰЛАСТЫ. 

Өткен ғасырдың 80-жылдарының  басында-ақ көгілдір отын тұрмысқа ден­деп еніп, қазан-ошақ, үй жылыту ісін жеңілдетіп қала мәртебесін алмаса да ауылдың реңі өзгергені өз алдына. Есен­жол ағамыздың "Жаман Жәутігінің" ба­сталуында "біздің өңірде әуелі аспаннан галөш жауды" деуші еді ғой. Сол секілді жанға жайлы көгілдір отын келген соң-ақ көп шаңырақтың жалғыздары жұп болып, көрші ауылдар мен аудандардан ағылған аруларға толып, ой керемет, ұлан-асыр тойға ұласқан сәттер-ай, шіркін!

Содан жаңа көшелердің бірі таны­мал өлкетанушы ағамыз Мәжит Мұхтаров жазғандай, елтайлықтардың басым көпшілігіңін басталғанына биыл 190 жыл толған атақты Исатай-Махамбет көтерілісіне  қатысушылары мен батырларының ұрпақтары құрайтынының дәлеліндей, ба­тыр ата атымен аталып шыға келді.

Ал жаңа көше біздің жас кезімізде мал өрістен қайтқанда қарсы алатын, ай­дап салатын орталық бейіттің оңтүстік сыртын ала, бұрынғы кеңшардың ескі жанар-жағармай маңынан орын тепті. Бір қызығы, осы Махамбет батыр көшесі әуелі тіп-тік болып келе жатады да, құрмет иесінің жалт-жұлт еткен мінезі мен беліне байлаған қайқы қылышындай батысқа кілт бұрылады.

Міне, сол атақты жылқышы апамыз, Социалистік Еңбек Ері Маржан Енба­ева көшесімен нақ түйісетін жерінде біздің кейіпкеріміз , осы Елтайдың сыйлы қарттарының бірі Мұхаңның қарашаңырағын ұстаған ҚР Энергетика министрлігінің "Еңбек сіңірген энергетик" белгісінің иегері, ел намысын қорғаған желаяқ спортшы, шаруа қожалығы иесі Мұхаметжан Мұхиденұлы Дінжановтың отбасы тұрады.

Әлгінде айтқан әулеттің кішісі болса да жігіт ағасы жасына жетіп үлгерген Мұхаметжан дәстүр жолымен жасынан-ақ кейбіреулер сияқты анда-мұнда алаңдамай, ата-анасының қас-қабағын бағып, Майгүл келін екеуі бар мейірімдерін төгіп, бірнеше ұл-қыз өрген құтты шаңырақтың іргесін берік ұстап, жаңарған дәуірдің талабына сай ескісінің орнына заманауи бірнеше бөлмелі сәулетті баспана да тұрғызып үлгергендердің бірі.

– Қартым барда сонау 1980 жылы кірген кеңшардың үйін бұзып, қайта жаңартуға келісімін бермегенімен, кейін қарақтарым, ол 90 жасап, өмірден өткен соң балам осы жайлы баспананы тұрғызды. Бүгінде оның рахатын 90 жасқа келген мен де ұрпақтарым, немерелеріммен бірге, шүкір, көріп отырмын.

Ертеректе көшеде Бұқар Дүзбаев, Жексен Дүйшімов, Ұзақбай Меңдігереев, Кино Мүкіұлы , Мәдім Наурыщқызы , Рахымғали Жұмақұлов, Іслам Габдул­лин, тағы да басқа ардагерлер тұрсақ, бүгінде олардың қарашаңырақтарын ұрпақтары ұстап отыр. Шүкір, іргеміз құтты көршілерміз.

Өткенде 90 жасыммен ардагерлер кеңесінен төрағасы Ораз бен Нұрлыбай келіп құттықтап кетті, оларға да рах­мет ұмытпағандарына. Қартымды жақсы білесің, әуелі мұғалімдік курсты бітіріп, осы өңірде ұстаздық етті, одан соң Қараойдың орталығы Басшыққанда біраз жыл сатушы болды. Аманкелді атындағы кеңшардың кадр бөлімін басқарды.

1964 жылы Елтайға кеңшар үй са­лып берген соң көшіп келдік қой. Ол кезде қазіргідей үйді сырттан келіп құрылысшылар салмайды. Марқұм сенің анаң да бар қатарында ауылдағы егіншілер мен құрылысшылар біркісідей болып са­лып берген еді.

Сол үй құтты болғандай, бүгінде Алматы, Астанада тұрып жатқан ұл-қыздарымыз өсіп-өнді, білім алды. Тек аман бол­сын, жандарым,-деп, "Сырлы кесенің сыры кетсе де сыны кетпейді" дегендей, ұрпақтарының ақылшысы болып төрде отырған Бәтіш әже көзін бір сулап алып, өмірден ертерек өткен Меңдіжанын да қимастықпен еске ала үнсіз отырып қалды.

– Қалайсың, қарағым,-деп маңдайынан иіскесем,-түк етпейді, тәуірмін, сенің жалғыз қайныңмын ғой, ешқайда кетпеймін деп мені жұбатушы еді. Тек соңында қалған көздері Батырханым мен Әлиханым, олардың анасы Сәулетайым  аман болсын. Жиі хабарласып тұрады, қарақтарым.

Ана жүрегін жұбату қашанда қиын ғой. Бәтіш апайдың өзі бүгінше атасақ, дезин­фекция саласында ұзақ жылдар еңбек етті. Бірі малшы, егінші, жүргізуші ретінде үй- күйден алыстағы науқандардың ортасында жүретін.

Ал үлкен ұлы Меңдіжанды қарт әжесі ба­уырына басып, оны жалғыз ұлының соңына ерген інісіндей көруші еді, жарықтық. Со­дан да ол Бәтіш анасын жеңгедей сыйлап, әкесімен де кейде әзілдесіп отырушы еді. Аппақ көңіл, аузын ашса, жүрегі көрініп тұратын інімдей сыйласқанбыз. Иманды болсын!

Сөзді кейіпкеріміз  Мұхиденұлына бұрсақ, ол үлкендердің өзі артқан үміттерінің үдесінен көрініп, мектепті жақсы бітірсе де аттандап оқу не жұмыс іздеп, алысқа кетпей әр уақыт үлкендердің жанынан табылды. Айтып қоялық, бұл үйден өрген ұл-қыздардың бәрі де мектепті жақсы бітіріп, белсенді оқушы танылған, қалаған жоғары оқу орында­рына түсіп оқыды.

Меңдіжан Алматы мал дәрігерлік ин­ститутын бітіріп, ауылда бас маман, одан аудандық бөлімнің басшысы болып, жа­уапты қызметтер атқарды. Алматыда жүргенде астаналық тігінші қыз Сәулетаймен танысып, шаңырақ көтеріп, ұл-қыз сүйді. Бүгінде ұрпақтары Астанада тұрады.

Мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы ретінде жастардың жалындаған жетекшісі Гүлжан Қауашева апайының оң қолы болған Гүлнәрі – дәрігер, Толғанайы – мұғалім, Алмагүлі – заңгер, Алматыда, Тәслимасы Құрманғазыда тұрады.

Міне, осылардай жоғары білім алуға ұмтылса, кім қой депті, бірақ Мұхаметжан өз қалауымен әскерге аттанып, ГДР-дің Бернау қаласында азаматтық борышын өтеп келісімен кеңшарға қабылданып, шопанның көмекшісі сынды басқа да қарапайым жұмыстарды жылға жуық атқарды.

Кейін ата-анасымен ақылдасып, бір мамандық тізгінін ұстайын дегендей, қазіргі Атыраудағы мұнайшы мен элек­триктер, темір пісірушілер дайындайтын №1 қалалық училищеге түсіп, мәртебелі жұмысшы мамандығын меңгеруді қалады.

Бұл қалауы да жігітті адастырмапты. Оқу орнын үздік оқыды. Сол кезеңде де, қазір де мұнда өңірімізге өте керек жұмысшы мамандықтарды сапалы дайындап қоймай, спортпен айналысуға да өте қолайлы орта қалыптастырған екен. Жастайынан үй мен түздің шаруасын тең меңгерген еңбекқор жігітке бұл іздегенге сұрағандай көрінді. Оның үстіне курстастарынан да кейіндеп қалмау керек.

 

Ал оның "Атырауға келіп күйшімін деме" деген сықылды, Елтайда тұрған соң спортшы болмауы тіпті мүмкін емес-тін. Білекті де жүректі, жігерлі жастың бол­мысын сырттай бақылап, тез таныған ұстазы Жеңіс Айтбаев оны әуелі боксшы­лар үйірмесіне шақырады.

Жасырып не қылайық, Мұхаметжанның ағасы Меңдіжан да кезінде тым-тәуір спортшы, тіпті институтта да күреспен айналысқанын жақсы білеміз. Сондықтан да бұл ұсынысқа көп қиналмай-ақ келісімін беріп, оқуға барған жылы-ақ ол қаладағы түрлі жарыстарға қатынасып, тым-тәуір көрсеткіштерге қол жеткізе бастайды. Оның біраз жайын, үйде сақталған түрлі ку­бок, мақтау қағаздары арқылы да таныстық.

Құжаттарда Мұхаметжан Дінжановтың қалалық училеще арасындағы біріншілікте 54 кг салмақта бірінші орынды, одан соң "Еңбек резервтері" еріктілер қоғамының біріншілігінде де ал­тын жүлдеге ие болғаны жазылып, оған ересектер арасында "спорт шеберлігіне үміткер" белгісі берілгені сақтаулы тұр.

Әрине бір жылдың ішінде энергетик дай­ындап шығаратын оқу орны қабырғасында жүргенде жерлесіміздің мұндай биіктерді бағындыруына бірден-бір себепкер болған адам, оның жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші Жеңіс Оразұлы Айтбаев екенін ерекше үлкен ризашылық сезіммен мақтан білдіре айтуға болады. "Қалауын тапса, қар жа­нады" деген де нағыз осы емес пе?!

Себебі ол жанындағыға шуағын шашып жүретін ғазиз азамат екен. Ол тек учили­щеде ғана емес, жалпы облыста, Атырауда, энергиямен қамту саласында жастарды спортқа, салауаттылыққа, жүгіруге баулуда ерекше еңбек сіңіріп жүрген мазасыз жан болып шықты. Әлі де спорттан қол үзбепті.

Оның біразын біз ойда жоқта "Жүргенге жергөм ілігеді" демекші, жолаушысының тілін тауып, әңгімеге тартқан жүргізушіден біліп, ерекше қызығушылық танытуымыздың арқасында қол жеткіздік. Тіпті аталған азамат Жеңіс Оразұлы мен әріптес ағамыз Мақсот Елеусінов екеуі бірігіп жазған "Атыраудың желаяқ жүгіргіштері" атты 1997 жылы шыққан кітапта, құдай-ау, кім жоқ дейсіз.

Алғыс сөзін Қазақстан Жазушылар  одағының мүшесі Берік Қорқытов жазған бұл кітаптың кейіпкерлері Равиль Шырдабаевтан бастап , А .И . Ротенберг , Н.Б .Текеғалиев , С.А.Тиесов, А.А.Горюханов, Х.Табылдиев, Х.Х.Құспанғали, Б.Рахбиев, Н.К.Даумов, Ю.И.Шлыков, тағы да басқа көптеген спорт сүйер жандарды олардың жетістіктерін көруге болады.

Бәрінен бұрын Қазақстан, оның облыста­рын айтпағанда Мәскеу, Санкт-Петербург, Қырым, Минск, Италияда өткен бірнеше марафондарға қатысқан жерлес спорт­шылар тізімі, олардың жетістіктері жа­зылып қойылғанымен құнды еңбек деуге болады. Оның сыртында жүгірумен қалай айналысуға болады, қандай киім, тамақ, дағды, тағы басқалары да керек адамға артық етпейтіні анық жай.

Ал осы елді шулатып жүрген жүгіргіштер арасында біздің елтайлық энергетик, қарапайым азамат Мұхаметжан Дінжановтың есімі мен суретін көріп таң-тамаша қалдық. Ол бәрінен бұрын сонау 1988 жылы Беларусь елі аста­насы Минскіде өткен 58 км қашықтыққа жүгірген марафонға қатысыпты.

Шынын айту керек, әдетте марафон­шылар классикалық 42 км 195 метрге жүгіретіні мәлім. Бірақ "Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" емес пе, осы жолы ұйымдастырушылар қиындатып, әрі қақаған қыста 58 км-ге созып жіберіпті.

«Минск сақинасы» аталатын бұл марафонның бір ерекшелігі қыста өткені емес, қаланың айналмалы жолы қанша қашықтыққа жетеді, соншама жүгіріп өту керектігімен дараланады екен. Оның жайын аталған кітапта атыраулықтар осы­мен екінші рет осы марафонға қатысып отырғаны, оның дәстүрлі қашықтықтан 15 км 805 метр ұзақтығын және 38 қаладан 138 спортшы қатысқанын айта келе:

"Шынын айтсақ, біздің жігіттер не болғанын көрерміз деп емес, жүгіруге қатысып, жеңіске жету үшін ынта - ықыластарымызды саламыз",- деп келістік дейді автор. Сөйтіп, бұл жүгірісте минскілік жұмысшы Сергей Коваль 3 сағат 49 ми­нутта келсе, қалғандары 5-7 минуттан кешігіңкіреп (олардың ішінде Ж. Айтбаев бар) жүлдеге ие болады.

Жалпы жеңімпаздарға арнайы жүлделер берілсе, қатынасушыларға грамота мен ескерткіш сыйлықтар табысталды . Міне, осындай белгінің бірі алыстағы Минскіден Атырау облысының Индер ау­даны, Елтай ауылындағы қарапайым энер­гетик қазақтың үйінде тұрғанын көріп, мерейіміз тасыды.

– Аталған училищеде мен бокс үйірмесіне қатынасып жүргенде ағамыз рингте тыныс алу, шеберлік шыңдауда, ауырлыққа төзімділікті қалыптастыруда жүгірудің пайдасы зор екенін айтып, бізді өзі ұйымдастырған "Жас өркен" жүгірушілер клубына жазды.

Сөйтіп, мен рингте бокстасумен қатар бос уақыттарда жүгірумен де айналыстым. Әскерден келген кез, жаспыз, жүгіру маған онша ауырлық туындата да қойған жоқ. Сол оқуға барған жылы қыста Атыра­уда "Шалқыма" дүкені маңындағы алаңнан орталық көпірден өтіп, аэропортқа дейінгі аралықта студенттер арасындағы мара­фонда бірінші орынды жеңіп алдым. Со­нан соң-ақ жаттықтырушым Жеңіс ағай менімен шындап айналысты.

Алдағы «Минск сақинасы» атты марафонға Қазақстан атынан бара­тынымды айтып, соған дайындалдық. Минскіге Москва арқылы барып, бір-екі күн жаттығып, жүгірдік. Бізге барынша қиындыққа шыдап, жинақы жүгіруге тап­сырмалар берілді. Өзгелермен шама­лас 5 сағаттай уақытта жүгіріп өттік,- дейді Атыраудан барған төрттіктің бірі болған Мұхаметжан. Жарыстан алған ескерткіштер де сақтаулы.

Ұстазы болса, шәкіртін өзі шығарған кітабына енгізіп:

– Мұхаметжан Дінжанов және Бо­лат Дүсіпов. Осы екі жас бір жылы туған, түйдей құрдас. Тіпті бойларыда , дене бітімдері де теңге жақын . Айырмашылықтары ажарларында. 1995 жылы екеуі де 25-ке толды. Бұл жа­сты қазақстар кесіп түсер қылышқа , алып жығар алыптыққа тән кезең деп бағалаған. Ендеше екеуі де қазір дер шағында. Олай болса Мұхаметжан мен Болаттан күтер үміт көп.

1988 жылы Минскі қаласында өткен қысқы "Минск сақинасы" атты марафонда жоғары 58 км қатысып, бұл қашықтықты бес сағаттан астам уақытта жүгіріп өтті. Содан бері де жүгіруден қол үзбей келеді. Жастарға сәт сапар тілеймін", – деген 67 беттегі суреттерімен берілген тілек те сол ұстаздың ризашылығынан туған пікірлер.

Бүгінде сол училищені үздік бітірген маман өзі кәсібіне сай әуелі қаладағы электр желісінде, одан соң туған жеріне оралып, үзбестен "КЕГОК"-қа қарасты тәжірибелі басшы Қайрат Мақажанұлы басқаратын Елтайдағы 220 в электр желісі стансасында табысты еңбек етіп келеді. Оған дәлел осыншама жылдар бойы алып келе жатқан марапаттары мен министрліктің "Еңбек сіңірген энергетигі" деген атағымен бірге "КЕГОК"-тің 25 жылдығы ескерткіш медалі, басқа да сыйлықтары.

Әрине, ұзын-сонар әңгіме желісін осы арадан үзіп, 1991 жылы отау құрған жары, ауылдағы М.Сиранов атындағы орта мектептегі медицина қызметкері Майгүл Шайдоллақызы екеуінен өрген ұрпақтардың қуаныштары Дархан мен Нұрханның жетістіктеріне тоқтап өтсек те болар еді.

Айтпақшы энергетик қос ұлдан басқа Әсемгүл, Әселхан, Нұрайхандар да жоғары білім алуда. Үлкені Дархан мен Гүлдана келіні ата-анасы, әжесіне Кәусар, Хақназар, Айша атты немерелер сүйгізіп те үлгерген. Яғни ауылдың сыйлысы Мұхаң мен Бәтіш апаның байсалды тәрбиесі жалғасу үстінде.

"Сүт сұрай отырып, ыдысыңды жасырма" демекші, еңбекқор жігіт ағасы Мұхаметжан Мұқиденұлының кәсіпкерлікпен де ай­налысып, жиек бойындағы "Жанаман" қыстағын иеленіп, "Еділ" шаруа қожалығын ашып, ірі қара малын көбейтіп, өнім дай­ындап, тұтынушыларына ұсынатын ша­руагер екенін айтпасақ әділдік болмас еді. Еңбек адамының өткенді құрметтеп қоймай, келешекке ұмтылған бұл баста­масы да осы ауылда ілгері басып келе жатқан игі дәстүр деуге болады.

Өйткені, бүгінгілердің екі сиыр, он тауықпен ауылда күн көруіне болады де­ген есебіне сенбесе де, жұмыстан қолы босағанда қисынын тауып шаруашылықты да оңтайлы жүргізіп, өз күніңді өзің көр дегенді іс жүзінде дәлелдеуден қашқан емес. Осындайда көзін көріп, сөзін тыңдаған ая­улы ақын Есенқұл Жақыпбектің:

Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі,

Біздің елдің жігіттері – ұлы мұхит кемесі.

Осы елден бақ пен қызыр қашпаса екен деп,

Осал жерін түзеп жүрген біздің елдің шегесі,-деп келетін өлеңі жолдарын да еске оралтып, "Олар жайлы ағайын, жұрт не білесің сен осы?" деп осы бір эссемізді тұйықтасақ дейміз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жігіттеріміз бірлігін сақтап, еңбекқорлықпен елге таныла берсін ләзім.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ,

Қазақстан

Журналистер одағының мүшесі,

Елтай ауылы

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT