Өлең-өмір

Оңғар Еділ Қамбарұлы 2009 жылғы 24 қыркүйекте Ин­дербор кентінде дүниеге келген.

Қазіргі таңда Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте білім алып, 10- сыныпты аяқтады. Еділ оқуымен қатар қоғамдық және шығармашылық жұмыстарға белсенді қатысады. Облыстық және аудандық деңгейдегі түрлі білім, өнер және шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.  Еділ – жас ақын. Өлең жазуға қызығып, өз шығармашылығын дамытып келеді. Болашақта білімін жетілдіріп, елге қызмет ететін, шығармашылығын шыңдайтын азамат болуды мақсат етеді.

ҰРПАҒЫМЫН ӨЗІҢДЕЙ ДАРАЛАРДЫҢ

Хәкім боп әлемді түгел кешті,

Жүрегінен жыр болған нұры күшті.

“Адам бол!” деп ұрандап өткен ақын

Надандықтың тамырын жырмен кесті.

Жалын жыры – өмірдің қайрағындай,

Қара сөзі – бұзылмас қаймағындай.

Ұйықтап жатқан сананы кеп оятқан

Даламыздың айбынды байрағындай!

Домбыраның үнімен мұңын шаққан,

Жалғандықтың бетіне шындық жапқан.

Сізден қалған өсиет – мәңгілік нұр

Болашаққа алау боп лаулап жаққан.

“Бөтен сөзбен сөз былғанбақ” түгілі,

Бөтен сөздің биік боп тұр тұғыры.

Абай тілі күйін кешті жетімнің

Жалғандықтан қайнаған ел зығыры.

“Сөз түзелді, сен де түзел” деп едің,

Ұқпайтын көп түзу сөздің керегін.

Ақын сөзі улы жебе секілді

Нысанаға дәл тигендей жебенің.

Ағымына ілестім замананың,

Бес нәрседен қашық боп, қаламадым.

Бес нәрсеге асықтым өзің айтқан

Сенің ұлы мұраңды жағаладым.

Өлең сөздің өлкесін араладым,

Ұрпағымын өзіңдей даралардың.

Мен де бір кірпіш болып дүниеге

Кетігін тауып тұрып қаланамын!

ӘКЕГЕ САҒЫНЫШ

Әке деп сағынады жүрек жылай,

Еске алам, елестетем өзі бардай.

Жанымда жоқ болсаң да, рухың бар,

Ақылың жол көрсетіп тұрғанындай.

Қарасам асқар тауға сені көрем,

Кең аспан, ашық дала сендей өрен.

Жарық күн, тыныш түнде ойым кетіп,

Әке деп ішімнен үнсіз сөйлеп өтем.

Өсиет сөзің жадымда сақталады,

Әр қадам басқан сайын ойға алады.

Әке деп сағынғанда үнсіз ғана,

Жүрегім сізді іздеп, толғанады.

Индербор кенті

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT