АУДАН ӘКІМІ СЕРІК НЫСАНБАЕВТЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН АУДАННЫҢ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТУРАЛЫ АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТКІЗІЛІП, ОҒАН КЕНТ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ, БАРЛЫҚ МЕКЕМЕ, БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ МЕН БАҚ ӨКІЛІ ҚАТЫСТЫ.
18 ІС-ШАРА ЖОСПАРЛАНҒАН
2026-2027 жылғы күзгі-қысқы дайындық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобильдер жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы Шапағат Ғаббасов хабарлама жасады.
– 2026-2027 жылғы жылу беру маусымына облыстық бюджеттен 190 млн. теңге қаржы бөлінген. Аудан бойынша жылу беру маусымындағы 18 іс-шараның 8-і толықтай аяқталды. Қаржысы – 56 млн 441 мың теңге. 6 іс-шара бойынша келісім шарт жасақталған. Қаржысы – 49 млн 435 мың теңге. 4 іс-шараны орындау үшін құрал-жабдықтар сатып алуға мемлекеттік сатып алу порталына жарияланды. Қаржысы – 43 млн 781 мың теңге. Оның ішінде біреуі – Индербор кентіне алынатын 4 дана генератор. Үнемделген қаржы көлемі 40 млн 342 мың теңге, - деді бөлім басшысы.
Аудан басшысы жылу беру маусымына арналған жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіліп жатқан барлық жобалар бойынша мердігерлермен байланыса отырып, уақытында құрал- жабдықтардың жеткізілуін ұйымдастыруды тапсырды.
«…111 823.0 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАЖЕТ»
Күн тәртібіндегі екінші мәселе білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы туралы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шәрбану Сабирова баяндама жасап, бөлімге қарасты білім беру ұйымдарына қажеттілік жөнінде айтты.
Баяндамашының айтуынша, М.Әуезов, Ш.Уалиханов, «Көктем», Махамбет, Қ.Есқалиев, Б.Нысанбаев, М.Сиранов Ә.Кекілбайұлы, Жамбыл, Аққала атындағы барлығы 10 орта мектеп пен Индер балалар өнер мектебінен, «Балапан», «Айналайын», «Балдәурен», «Жауқазын» балабақшасының күзгі-қысқы дайындығын қамтамасыз ету мақсатында бөлімге бюджеттік өтінімдер келіп түсіпті.
– Махамбет атындағы орта мектептің жылу қазандығының тозығы жетуіне байланысты 1 жылыту қазандығын, 1 су сорғысын, газ клапанын алуға сұраныс берді. Қазіргі таңда аталған мектепте 2 жылыту қазандығы және 2 су айналдыратын сорғы жұмыс жасап тұр. Алайда қатты аязда істен шығу қаупі бар.
Б.Нысанбаев атындағы орта мектебіне ток көзі кернеуінің тұрақсыздығынан дизельді генератордың істен шығуына байланысты генераторды жай жөндеуден өткізу үшін, М.Сиранов атындағы орта мектеп жарық өшкен уақытта автоматты түрде қосылатын 1 жаңа заманауи дизельді генератор алу үшін, Жамбыл атындағы орта мектеп жанындағы интернатқа су сорғысының жарамсыз болуына байланысты 1 циркуляциялық су сорғысына ауыстыру үшін, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке 1 жылу қазандығын ауыстыру үшін, Аққала орта мектебіне жарық өшкен уақытта автоматты түрде қосылатын 1 жаңа заманауи дизельді генератор алу үшін, М.Әуезов атындағы орта мектептің газ есептегіш құралының істен шығуына байланысты 1 газ есептегіш құрылғысын ауыстыру үшін қаржыға сұраныс беріп отыр.
Айта кетер жайт, М.Әуезов атындағы орта мектепте өткен жылдың 22 мамырында «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ Атырау өндірістік-техникалық эксплуатациялық филиалының тарапынан тексеріс жүргізіліп, газ жабдықтарының техникалық жай- күйін тексеру барысында G-65 газ есептегіш құрылғысы 2 жылыту қазандықтарының диапазонына сәйкес келмейді деп танып, G-100 газ есептегіш құрылғысына ауыстыруға акт жасақтап, айыппұл салған болатын.
Бұдан бөлек, «Көктем» қазақ орта мектебінің газ есептегіш құралының істен шығуына 1 газ есептегіш құралын , орнатуға, Қ.Есқалиев атындағы орта мектептің кабинеттердің істен шығып тұрған радиаторларын, тұрба, маевский кранын ауыстыру үшін, Индер балалар өнер мектебі 1 дизель генераторын сатып алып орнату үшін, «Балапан» бөбекжай- бақшасы жылыту қазандығының тозығы жетуіне байланысты 2 жылыту қазандығын, 1 газ оттық сатып алып орнату үшін, «Балдәурен» бөбекжай бақшасы электрмен жабдықтау жүйесін қалыпты және қауіпсіз жағдайды қамтамасыз ету мақсатында 1 электротрансформатор алып орнату үшін, «Жауқазын» бөбекжай- бақшасы шкафтық типтегі газ реттеу станциясы (ГРПШ) және 1 дизель генераторын сатып алып, орнату және жылыту радиаторын ауыстырып, қоршау үшін, «Айналайын» бөбекжай-бақшасы контейнерлік типтегі модульдік жылу қазандығына диагностика жасату, контролерді ауыстыру, желілік электр жетегін ауыстыру және орнату, балабақша ауласында орналасқан дизельдік генераторды қоршау және шатыр орнату, 3 метрге жылжыту үшін қаржыға сұраныс берді.
Жалпы білім беру мекемелерінің күзгі-қысқы дайындығына қажетті 111 823.0 мың теңге қажет, – деді Шәрбану Сабирова.
Осы орайда аудан әкімі «Райхан» бөбекжай бақшасының аумағында орналасқан шкафтық типтегі газ реттеу станциясының (ГРПШ) істен шығуына байланысты мәселені де мезгілінде шешуді баса айтты.
СУЫҚ ҒИМАРАТ, ЖАРЫЛҒАН ҚАБЫРҒА
Аудандық аурухана директоры Анаргүл Доспаева «Денсаулық сақтау ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы» туралы хабарлама жасап, қажеттіліктер туралы баяндады.
Бүгінде аудандық ауруханаға бекітілген тұрғындарға шұғыл және жоспарлы, медициналық көмек көрсететін 12 мемлекеттік емдеу-сауықтыру мекемесі бар. Олар: 2 медициналық пункт, 2 фельдшерлік амбулаториялық пункт, 6 дәрігерлік амбулатория, 1 кезекте 100 келушіге арналған аудандық емхана, 65 тәуліктік кереуеттік аурухана.
Ауданның бас дәрігерінің айтуынша, ғимараттардың және жылу жағу қазандығының қысқы дайындық мәселесінде Ынтымақ, Құрылыс, аудандық аурухана мәйітханасы, көлік гараждары мен асхана күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етсе, Аққала, Жарсуат, Бөдене, Көктоғай дәрігерлік амбулаторияларына жай жөндеу жұмыстарына қажеттілік бар.
– 2026-2027 жылдардағы қысқы дайындық жұмыстарының ішіндегі аса көңіл бөлінетін мәселе туындап отыр. Олар Ынтымақ медициналық пункт төбесінен су кетуіне байланысты шатырын ауыстыру, қыс мезгілінде салқын болуына орай ғимараттың ішкі жылу жүйесін жөндеу, насос күшейту мәселесі бар.
Елтай дәрігерлік амбулаториясында жылу жағу қазандығы ғимаратының қабырғалары жарылған, сылақтары түсіп, жай жөндеу жұмыстарын талап етіп тұр. Жылу қазандығы ғимаратынан негізгі ғимарат пен қосалқы ғимаратқа баратын сыртқы жылу жүйесінен су кету себепті жөндеу қажеттілігі, екі жылу қазандықтары мен насостардың 2011 жылы сатып алынуына байланысты тозығы жеткен, ауыстыруды қажет етеді.
Қызылжар медициналық пунктте сыртқы және ішкі жылу жүйесін ауыстыру, төбе жабындысынан су кету себептерін жою жұмыстарын жасау қажет.
Аудан орталығындағы аудандық емханада соңғы жылдары салқын, кейбір кабинеттердің жылынбайтынын ескеріп , жылыту жүйесіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге, темір тұрбаларынан су кету себептерін жоюға , ауыстыруға, желдету жүйесінің жылу жүйесін жөндеуге, жылу айдау сорғыларын, кеңейту бочоктарын сатып алуға және емхананың ток көзі жоқ болып қалған жағдайда вакцина сақтауға арналған, қосалқы генератор сатып алуға қаражат облыстық Денсаулық сақтау басқармасымен бөлініп, аудандағы денсаулық объектілерін қысқа дайын қылу міндеттері атқарылады, - деді ол.
Жиын барысында аудан басшысы аталған мәселелер төңірегінде кент және ауылдық округ әкімдерінен қысқы дайындық жұмыстары жөнінде сұрап, тиісті тапсырмаларды берді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Серік Нысанбаев жауапты мекемелерге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды, әлеуметтік нысандардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуді және дайындық барысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
суреттер автордікі


