ҚОЛДАУ БАР, ҚАРЕКЕТ ШЕ?

Бейсенбіде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының қолдауымен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында көшпелі кездесу өтті.

 Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Перизат Таңатова,  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Қадыров, филиалдың бағдарламаларды насихаттау бөлімінің бас маманы Арайлым Байрова,  «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік координатор Нұрлан Сүйінбаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас маманы Айнұр Удербаева, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Дулат Аралбай, «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мемлекеттік бағдарламаларды іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі бас маман Мейрамбек Ибрашев, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айгүл Үмітқалиева, аудандық «Мансап» орталығының бас маманы Қайрат Иманғалиев,  мен аудандағы кәсіпкерлер мен шаруашылық иелері, БАҚ өкілі  қатысты.

Мақсат – кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын кеңінен түсіндіру, қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпарат беру, кәсіпкерлік саласында туындаған сұрақтарға жауап беріп, нақты кеңес ұсыну.

 

Кәсіпкерлікті қолдау жалғасады

Жиынды аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Айгүл Үмітқалиева жүргізіп отырды. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин қонақтарға қош келдіңіздер айтып, кездесу өз нәтижесін береді деп сенім білдірді. Одан соң облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің басшысы Перизат Таңатова кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылған шараларға тоқталып өтті.

– «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №754 қаулысына сәйкес бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Тоқталар болсам, несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау 12,6 пайызын кәсіпкер, қалған банк айырмасын мемлекет төлейді. Несиені ішінара кепілдендіру қаржыландыру сомасынан 85 пайызға дейін, қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды. Ал әлеуметтік кәсіпкерлерге және «Бір ауыл, бір өнім» жобасының финалистеріне 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант алуға мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті дамытуға арналған «Бизнес-аймақ», «Іскер аймақ», «Атырау өнімі» секілді жеңілдетілген несие берілетін бағдарламалар бар.

Әлеуметтік кәсіпкерлікке  әлеуметтік осал топтағы азамат пен азаматшаларды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындар, халықтың әлеуметтік осал топ шығаратын тауарлар мен қызметтерді сатуға жәрдемдесетін кәсіпкерлер, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тауарларды өндіретін кәсіпкерлер, қоғамға пайдалы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған қызметкермен айналысатын кәсіпкерлер өтініш бере алады. Өтінімдер облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына тапсырылып, өңірлік комиссиямен қаралады.

Қазіргі таңда облыста 98 әлеуметтік кәсіпкер бар, - дей келе, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік грант беру жұмысына тоқталды.

Сала өкілінің сөзінен ұққанымыздай, бір кәсіпкер үшін мемлекеттік грант сомасы мемлекеттік грант алуға ұсынылған өтінімге байланысты 5 млн теңгеге дейінгі соманы құрайды. Кәсіпкердің бизнес-жобасы тізімде тіркелген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің қызмет саласына сәйкес келуі тиіс.

                        

40-тан аса жоба қайтарымсыз грант иегері

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Атырау облысы бойынша аймақтық филиалының директоры Берік Қадыров «Мобильді фронт-офистің» мақсатын түсіндірді.

– Индер ауданы бойынша облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан 40-тан аса жоба қайтарымсыз грантқа ие болды, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 80-нен аса жоба мақұлданды. Жалпы сала өкілдері  мемлекеттік қолдау бағдарламалары, жеңілдетілген қаржыландыру, субсидиялау, кепілдік беру, микронесиелеу,  лизинг және кәсіпкерлікті дамытуға арналған өзге де қолдау тетіктерімен таныстырады,- деді ол.

Филиалдың бағдарламаларды насихаттау бөлімінің бас маманы Арайлым Байрова шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін айтты.

– Қазіргі  таңда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының 3 бағдарламасы бар. Біріншісі – «Іскер аймақ» бағдарламасы. Бағдарлама шағын бизнесті, әсіресе ауылдарда және шағын қалаларда ауқымды дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, былғары, сүт, ет, қолөнер және басқа да ауылдық жерлердегі бағыттарды қоса алғанда, шикізатты жергілікті жерде өндіру мен қайта өңдеуді жандандыруға, шикізатқа тәуелді емес жұмыс орындарын ашуға, өңірлер мен бизнесті ортақ жауапкершілікке тартуға, «Бір ауыл – бір өнім» моделіне ұқсас өңірлік жобаларды енгізуге арналған. Кодекске сәйкес және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектісі статусына ие шағын және шағын кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде «ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» ҚР Заңына сәйкес ауыл шаруашылығы кооперативтері болып тіркелген заңды тұлғалар қатыса алады. Несие сомасы – 200 млн теңгеге дейін беріледі.

Екінші – «Өрлеу» жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасы. Бағдарлама аясында өңдеу өнеркәсібі, туризм, ІТ және креативті индустрия саласына басымдық беріледі және микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.

Үшіншісі – ішкі сауда субъектілерін қолдау бағдарламасы.

Кепілдік беру механизмінің шарттарына келер болсам, 7 млрд теңгеден аспайтын және 7 млрд теңгеден астам ірі жобаларға арналған,- деді Арайлым Байрова.

 

Индерден 7 жоба қолдау тапты

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша өңірлік координатор Нұрлан Сүйінбаев бағдарламаның мүмкіндіктерін атап өтті.  

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге және кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық бағдарлама. Биылғы жылы Индер ауданынан 7 жоба мемлекеттік қолдау алды, қазіргі таңда үшеуіне қаржы түсті, қалған төртеуі құжаттарды жинақтауда.  Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауыл шаруашылығын дамыту. Бұл бағдарлама арқылы ауылдық аймақтарда жұмыс орындары жасалады және шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетіледі, - деді.

Мемлекеттік қолдау «Атырау әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ  мемлекеттік бағдарламаларды іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі бас маман Мейрамбек Ибрашев «Ауыл аманаты» бағдарламасының бас бағыттарын атап өтті.

– Жоба бойынша қаржыландырудың басым бағыттарына бизнес жобаларды іске асыру – өз бизнесін өндіруге, қайта өңдеуге, дамытуға, сондай-ақ қызмет көрсету саласында бағдарланған ауылдық жерлерде кәсіпкерлік қызметті ашу және дамыту, ауыл шаруашылығына арнайы бұрын қолданыста болмаған жаңа техникаларды, станоктар мен жабдықтарды сатып алу, құс шаруашылығы, балық аулау және аквамәдениет, мал және өсімдік шаруашылығы жатады.

Несиелеу сомасы: жеке және қосалқы шаруашылықтарға – 2500 АЕК, ауыл шаруашылық кооперативтеріне – 8000 АЕК. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз. Микрокредит мерзімі – 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін микрокредит мерзімі – 7 жылға дейін. Несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі және басқа несиелері бойынша берешегінің болмауы міндетті.

Жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер, жеке қосалқы шаруашылық иелері, ауыл шаруашылық кооперативтері, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады.

 

Субсидия қалай беріледі?

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің бас маманы Дулат Аралбай асыл тұқымды төрт түлік мал және құс сатып алуға берілетін субсидия бойынша ақпарат берді.

– Етті және етті-сүтті ірі қара мал шаруашылығы бойынша асыл тұқымды бұқа сатып алу – 260 000 теңге, ірі қара малдың асыл тұқымды аналық басын сатып алуға отандық – 260 000  теңге, ТМД елдерінен, Украинадан әкелінген болса – 390 000 теңге, Автралиядан, Солтүстік және Оңтүстік Америка, еуропа елдерінен әкелінген болса – 525 000 теңге субсидия беріледі.

Қой шаруашылығы бойынша отандық асыл тұқымды қой басын сатып алу – 26 000 теңге, импортталған асыл тұқымды аналық қой басын сатып алу – 52 000 теңге, импортталған асыл тұқымды тұқымдық қошқарлар сатып алуға – 260 000 теңге, ешкілердің асыл тұқымды аналық басын сатып алуға – 70 000 теңге, жылқы шаруашылығы бойынша өнімді бағыттағы асыл тұқымды тұқымдық айғырларды сатып алуға – 175 000 теңге, түйе шаруашылығы бойынша асыл тұқымды тұқымдық түйелер сатып алуға – 175 000 теңге субсидия беріледі.

Сонымен қатар жұмыртқалы және етті құс шаруашылығына келер болсам, асыл тұқымды құстардан алынған жұмыртқа бағытындағы финалдық нысандағы тәуліктік балапан сатып алуға – 60 теңге, ата-енелік/ата-тектік нысандағы етті бағыттағы асыл тұқымды тәуліктік балапан сатып алуға – 600 теңге субсидия қарастырылған.

Қажетті құжаттар туралы айтсам,  шаруашылықтың есепке алу нөмірінің болуы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің болуы, өтінім беру сәтінде асыл тұқымды малдың АЖБ ИСЖ)-да және САТЖАҚ (ИАС plem.kz)-да тіркелген болуы, сатушыда (импорт кезінде)  карантиндеу актісінің электрондық көшірмесі, сатып алу-сату шартының электрондық көшірмесі, электрондық шот фактура, құны толық төленгенін растайтын құжаттың электрондық көшірмесі болуы қажет.

Жалпы субсидия алуға өтінім қабылдау subsidy.plem.lz ақпараттық жүйесі арқылы ағымдағы жылдың 20 қаңтарынан 20 желтоқсанына дейін сатып алынған сәттен бастап 12 ай ішінде беріледі, - деді Дулат Аралбай.

Сонымен қатар сиыр, бие, түйе сүтін өндіру және қайта өңдеуге өткізілген қойдың жүнін арзандатуға, ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара/ұсақ малдың төлін өсіру шығындарын арзандатуға берілетін субсидия, шаруашылықтардың бордақылау алаңдарына бордақылауға немесе ет өңдеу кәсіпорындарына союға өткізілген ірі қара/ұсақ малдың еркек дарағының құнын арзандатуға берілетін субсидиялар бойынша түсіндірді.

«7-70-7»

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас маманы Айнұр  Удербаева ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік бағытында берілетін несиелер жөнінде айтты.

– Негізгі бағытымыз – ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бағытында қайтарымды несие белгіленген. Ауыл шаруашылығына қатысты несие егін, мал басын өсіруге, бордақыға беріледі. Мал басын өсіруге арналған «АгроБизнес» бағдарламасы 10 жылға 6 пайызбен 2 жыл демалысымен берілсе, егін шаруашылығына 18 айға дейін 5 пайызбен беріледі.  Бордақы бағыты 5 пайызбен 500 бастан жоғары басталады.

Кәсіпкерлік бағыты бойынша «Іскер» бағдарламасы бар. 7 пайызбен 70 млн 7 жылға дейін беріледі. Бұл қаражатқа кез келген кәсіпкерлік нысанды сатып ала аласыз немесе өзіңізде кәсіпкерлік болса айналым қорын толықтыруға арналған, - деді.

 

15 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді

Аудандық «Мансап» орталығының бас маманы Қайрат Иманғалиев мемлекеттік қайтарымсыз грант беру  жұмысының шарттарына тоқталды.

 – «Мансап» орталығы арқылы мемлекеттік қайтарымсыз грант беру  жұмысы жүруде. Бұған жұмыссыздар, кәсіпкерлігін ашқанына 1 жыл болмаған жеке кәсіпкерлер, соның ішінде 7 санаттың біреуіне жататын кәсіпкерлер қатысады. 7 санатқа қандастар, басқа өңірден көшіп келгендер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп баласы бар 18-ге толмаған көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала бағып отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылу бойынша үкіметтен мемлекеттік жәрдемақы алып отырған адам жатады.  

Биыл ауданда 31 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланды. Бүгінде 15 адам 1 млн 730 мың теңге грантқа ие болды. Алдағы уақытта өтетін екінші кезеңге өтінім беруге болады, - деді.

«Bereke bank» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының шағын және орта бизнес маманы Бибінұр Жаңқабылқызы мен «Alatau City bank» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының шағын және орта бизнес маманы Темірхан Болатұлы банк тарапынан көрсетілетін несие мөлшермелесі мен шарттары жөнінде ақпарат берді.

Жиын соңында  кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері аталған бағдарламалар аясында сұрақтарын сала өкілдеріне қойды. Мәселен, елтайлық Нұртас Сариев кепілдік бойынша сұралатын құжаттардың шектен тыс көп екендігін және ауылдағы халыққа бағдарламаның тиімділігі мен негізгі шарттары дұрыс жеткізілмейтіндігін алға тартты.

Сонымен қатар Анар Илиясова егін шаруашылығы үшін 85 пайызды мемлекет субсидиясы, қалған 15 пайызды егіншілер төлеуі қажет болғанымен, соңғы уақытта қосымша құн салығын қоса отырып 27 пайызды егіншілер төлеп отырғанын жеткізді. Осы ретте бұл жайттың қаншалықты заңды екенін сұрады. Бұған қоса аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Абдиров та шаруа қожалық иелерінен осы бағытта сұрақтардың болатынын айтты.

Ал жарсуаттық тұрғын бөдене құсын бағып отырғандығын айта келе, мемлекеттен берілетін қолдауға өтінім беруге ниет білдіргенімен, құжатта шаруашылыққа арналған орынды көрсету қажеттігін, алайда енді кәсіп ашқысы келген адамда мұндай мүмкіндіктің бола бермейтіндігін жеткізді.

Осы ретте облыстан келген сала өкілдері барлық қойылған сұрақтар мен ұсыныстар негізінде заң талаптарын сәйкес шешімін қарастыра отырып, алдағы күндері нақты жауаптарын беретіндіктерін айтып, тұрғындарды мәселелері бойынша жеке қабылдады.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,

суреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT