Халық денсаулығын сақтау ісінде еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлері, олардың ішінде санитарлық дәрігерлер де әрқашан ерекше құрметке ие.
Мемлекет басшысының санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту, жаңа комитет құру, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің мәртебесі мен беделін арттыру туралы шешімі – дер кезінде қабылданған шешім. Қоғамда болып жатқан мемлекеттік шекаралар, оның ішінде әуе, автомобиль және теміржол көліктерін өткізу пункттерінде тәулік бойы санитарлық-эпидемиологиялық іс- шараларды, азаматтарға медициналық бақылауды жүргізуде аталмыш сала мамандарының еңбегі орасан зор.
Ауданымызда аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасын 2020 жылдан бастап Қосымбаева Ақмарал Досымбетқызы басқарып келеді.
Оның маман ретіндегі санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты сақтауға қосқан үлесі ретінде аудан аумағындағы халықты екпемен қамту мәселелерін жолға қою, екпеден бас тартқандармен жүйелі жұмыс нәтижесінде екпемен қамту, білім беру ұйымдарының санитарлық-техникалық жағдайын жақсарту мен ауруханаішілік жұқпалы ауруларды болдырмау шараларын ұйымдастырып-жүргізгендігін атап өтуге болады. Осы жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда аудан аумағында халықты екпемен қамту нормативтік деңгейде орындалып, екпемен басқарылатын жұқпалы аурулар тіркелмеуде. Елімізде орын алған коронавирусты инфекцияның эпидемиологиялық ахуалына байланысты жұқпалы аурудың алдын алу бағытында аудан көлемінде жүргізілген барлық шараларға белсене атсалысып келеді.
Қазіргі таңда басқармада 5 мемлекеттік қызметші және 7 техникалық қызметкер еңбек етеді. Олар басқарманың санитариялық- эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Шолпан Досанова, бас маман Гүлжан Уразалиева, жетекші мамандар Ләззат Канапина мен Айгүл Шахаева. Ал Гүлжан Уразалиева мен Айгүл Шахаева аудандық сэб қызметі құрылғаннан бастап 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ұзақ жылғы еңбек барысында олар ауданның санитариялық- эпидемиологиялық саламаттылығын қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқаны өткен жылдар беттерінде хатталған. Басқарма мамандары 2020 жылы коронавирус пандемиясы кезінде алдыңғы шепте індетпен күресу шараларына белсене қатысты.
Басқарма биылғы 8 айда халықтың екпемен қамтылуын қадағалау және санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізу бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді. Атап айтсақ, 27 медициналық ұйымда туберкулездің алдын алу және халықты екпемен қамту мәселелері бойынша мониторингтік тексерулер жүргізіліп, 11 ұсыным берілген. 15 жалпы білім беретін мектептің жаңа оқу жылына дайындығы тексеріліп, 11 балабақша және 1 демалыс лагеріне профилактикалық бақылау мақсатында тексерулер жүргізіліп, тексеру нәтижесімен Облыстық Білім басқармасына 2 балабақша және 2 орта мектепке бұзылымдарды қалпына келтіру туралы жеке ұсыным жіберіліпті.
Бұдан бөлек, тауарлар мен өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 8 бақылау объектісінен 60 сынама сатып алынды, олардан 16 сәйкессіздік анықталып, аталған өнімдерді саттықтан алу және құжаттарын қалпына келтіру бойынша ұсынымдар берілген.
– Жыл ішінде 2574 жедел вирусты инфекция, 8 туберкулез, 18 микроспория, 1 энтеребиоз, 77 желшешек, 3 скарлатина, 6 жіті ішек инфекциясы, 1 педикулез, 1 бруцеллез, 16 қызылша, 2 қотыр, 4 тұмау, 2 вирусты гепатит, антирабиялық көмек алғандар тіркеліп, жұқпалы ауру ошақтарында індетке қарсы шаралар уақытылы жүргізілді.
Сонымен қатар 10 су тазарту қондырғысы мен Жайық ашық су көзінен ай сайын сынамалар алынып, бактериологиялық, химиялық, вирусологиялық тексерілді. Химиялық сәйкессіздіктер бойынша, су құбырларын дезинфекциялау және жуып-шаю жұмыстары жүргізілді.
Тексерулер қорытындысымен 8 ай ішінде 3 заңды және 2 жеке тұлғаға 2 162 500 теңге айыппұл салынып, өндірілді, - дейді басқарма басшысы Ақмарал Қосымбаева.
Иә, бүгінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы аудан аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, жұқпалы және аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, халыққа сапалы әрі қауіпсіз ауыз су мен тағам өнімдерінің ұсынылуы, өндірістік объектілердегі еңбек жағдайының сақталуы, балалар мен жасөспірімдер объектілерінің санитариялық қағидаларға сәйкес келуі мен халықты екпе арқылы жұқпалы аурулардан қорғау бағытында еңбек етіп келеді. Жекелеген дәрігер жеке адамның денсаулығын бақылап, нақты ауруды емдесе, санитариялық сала мамандары тұтастай қоғамның саулығын сақтау мен қалыптастыру мақсатында қызмет ететін бейбіт күннің сақшылары. Міне, медицина қызметкерлері өздерінің азаматтық және кәсіби парыздарын абыроймен атқарып, 15 қыркүйек – санитариялық-эпидемиологиялық қызметкерлері күнін осындай жетістіктермен қарсы алуда.
Жадыра НАРИМАНОВА,
сурет автордікі



