ҚҰНДЫЛЫҚ – БІЛІМ НЕГІЗІ

 «Құндылыққа негізделген білім және жасанды интеллект дәуірі – адами капиталды дамытудың стратегиялық негізі» тақырыбында педагогтердің аудандық Тамыз пленарлық кеңесі өтті. Оған аудан әкімі, аудан прокуроры, ауылдық округ әкімдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер, БАҚ өкілдері қатысты.

 Кеңес қатысушылары алдымен робототехника, бағдарламалау, инженерлік-техникалық шығармашылық және цифрлық технологиялар бағытында жүзеге асырған жобалар бойынша жасақталған көрмемен танысты. Экспозицияның негізгі бөлігін Arduino, Python және LEGO EV3 платформалары негізінде жасалған жобалар құрайды.

 Ерекше назар аударатын жобалардың бірі – World Kids концепциясы. Жоба балаларға қолайлы, заманауи және қауіпсіз орта қалыптастыру идеясын технологиялық шешімдермен ұштастырады.

 «EcoStart Kids: болашақтың ақылды жылыжайы» жобасы ұсынылған. Жоба үйдегі немесе мектепке дейінгі ұйымдағы түрлі үдерістерді автоматтандыруға бағытталған. Датчиктер мен бағдарламалық басқару арқылы жарық, қауіпсіздік және басқа да жүйелерді бақылау мүмкіндіктері көрсетілді.

 Алдымен Мемлекеттік Әнұран орындалған соң Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Сүлейменова Жұлдыз Досбергенқызының жаңа оқу жылымен құттықтау бейнематериалы тыңдалды.

 Аудандық Тамыз кеңесінің модераторы аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева спикерлермен таныстырған соң, «Білім беру саласының жай-күйі: мәселелер мен шешімдер» тақырыбында баяндама жасап, саладағы жетістіктер мен мәселелерді айтып өтті.

 Бөлім басшысының айтуынша, ауданда 2216 бала контингенті бар 12 балабақша, 10 мектеп жанынан ашылған шағын топтар, 15 мектептегі МАД сыныптары жұмыс істейді. Өткен оқу жылы 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткіші – 75%, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту аудан бойынша 89,6% құраған. Десе де, аудан бойынша әлі де балабақша тапшылығы бар. Қазіргі таңда мектепке дейінгі ұйымдарға кезекте тұрған бала саны – 729. Күні бүгін мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында әлеуметтік осал топқа жататын отбасындағы 140 бүлдіршін тегін тамақпен қамтамасыз етілген.

 – Аталған мәселені кезең-кезеңімен шешу мақсатында аудан әкімінің 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспарына сәйкес Аққала ауылында 90 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, мектепке дейінгі ұйым өз жұмысын бастады.

 Әлі де мектепке дейінгі ұйымдар желісін кеңейту бағытында Көктоғай ауылында – 90, Ынтымақта – 50, Құрылыста 50 орындық және Индер ауданында 290 орындық мектепке дейінгі ұйым салу жоспарда бар.

 Ал балабақшамен қамтамасыз етілмеген бөбектер үшін мектепке дейінгі ұйымдар жанынан ата-аналарға арналған 11 консультациялық пункттің жұмысы ұйымдастырылып, 87 бала мен 84 ата-ана қамтылған, – деді ол.

 Ауданда 15 орта мектеп жалпы білім беру қызметін жүзеге асырады. Оның 4-еуі кентте, 11-і ауылдық жерлерде орналасқан. Мектептердің 12-сі қазақ тілінде, 3-еуі аралас тілдерде білім береді.

 – Ауданда маман жетіспеушілігі бар, қаңтар айында білім беру ұйымдарына қажет мамандардың тізбесі жасақталып, аудандық экономика және қаржы бөліміне жолданады. Тізбе аудан әкімдігінің интернет-ресурсына орналастырылады. Осы тізбеде көрсетілген мамандыққа орналасқан мамандар көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануда.

 2025-2026 оқу жылында 18 маман көтерме жәрдемақы алса, 2 маман тұрғын үймен қамтылды.

 2026-2027 оқу жылына ауданның білім беру ұйымдарына математика, орыс сыныбындағы физика, орыс тілі, физика пәні мұғалімі, музыка, дефектолог, логопед мамандарына қажеттілік туындап, күні бүгін аталған мамандықтарға мектептерде бос лауазымға конкурстар өткізілуде, – деді Орынша Матайқызы.

 Тамыз кеңесінде «Ботақан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Күлзира Құрбанбаева «Мектепке дейінгі және бастауыш білім арасындағы сабақтастық: тәрбие құндылықтарының негізінде тәрбиеленушілерді мектепке бейімдеу», Қ. Абаханов атындағы орта мектептің директоры Нұржамал Рахметуллина «Құндылыққа негізделген білім: құндылықтарды пән мазмұнымен сабақтастыра отырып, сапалы білім беру үрдісін жетілдіру», Оқушылар шығармашылық орталығы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Асылбек Қоңыров «Белсенді тұлға қалыптастыру: цифрлық технологияларды қосымша білім беру ұйымдарына енгізу» тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті.

 Конференцияның ІІ бөлімінде мерейі мен мәртебесі асқақ тұратын ұстаз деген ұлы мамандық иелерін аудан әкімі Серік Нысанбаев құттықтады.

 – Тамыз кеңесі – өткен оқу жылын қорытындылап, жаңа оқу жылындағы мақсатты анықтайтын маңызды алаң. Бүгінде әлемде үлкен өзгерістер жүріп жатыр. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктермен қатар жауапкершілік жүктеуде. Біздің басты мақсатымыз – білімді, озық ойлай алатын, жауапкершілігі жоғары, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, елдің болашағына бейжай қарамайтын азаматтарды қалыптастыру. Бұл міндет ең алдымен мектептен басталады.

 Ауданда білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, кадр мәселесін шешу және балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Білімге салынған инвестиция – адами капиталға салынған инвестиция деп білеміз.

 Жаңа оқу жылы баршаңызға шығармашылық табыс, кәсіби жетістік тілеймін және оқушыларымыз білім биігінен көрініп, ауданымыздың абыройын асқақтата берсін, – деді аудан басшысы.

 Өз кезегінде «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Ляззат Жакиеваға, Қалам Есқалиев атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Ақмарал Тәжібаеваға, «Балбөбек» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Гүлбаршын Абилхалықоваға және «Айналайын» бөбекжай-бақшасының әдіскері Қаламқас Таумановаға аудан әкімінің Алғыс хатын табыстады.

 Ұстаздарды аудандық мәслихат төрағасы Абзал Рамазанов та құттықтап, С. Сейфуллин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Байдулиеваны, «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі Гульфайруз Мулдагалиеваны, «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының психологі Гүлбаршын Имашеваны және Аққала орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жаңылсын Науанованы аудандық мәслихаттың Алғыс хатымен марапаттады.

 Құттықтаулар легін облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Тамара Қайырова жалғастырып, жетістікке жеткен бірқатар ұстаздарды марапаттады. Олар: облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Елена Амирова, Қалам Есқалиев атындағы орта мектептің директоры Руслан Қанатов, С. Сейфуллин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нурзила Дайынқызы, М. Әуезов атындағы орта мектептің математика пәні мұғалімі Майра Дәулетова, «Көктем» қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Назым Тәженова, Қ. Абаханов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ақмарал Қағазғалиева, Есбол орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Майра Төлепова, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Жанар Жұбанышқалиева мен Махамбет атындағы орта мектептің директоры Гүлфара Ноғайбаева марапатталды.

 Сонымен қатар Махамбет атындағы орта мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімі Бекболат Байтілеуов, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Айзада Жангельдина, С. Сейфуллин атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ұлжан Бисенғалиева, М. Мөңкеұлы атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Нұрланова, Бөдене орта мектебінің музыка пәні мұғалімі Айсана Ексебаева, Индер балалар өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі Нәсіп Төлегенова, М. Әуезов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Маржан Теміралиеваға облыстық білім беру басқармасының Алғыс хаты табыс етті.

 Ал аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева 2025-2026 оқу жылының қорытындысымен жыл үздіктерін және ұстаздарды арнайы марапаттады. Үздіктер қатарында Ш. Уәлиханов атындағы орта мектеп «Жыл мектебі», Қ. Абаханов атындағы орта мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі Жанар Мұханбетжанова «Жыл мұғалімі», «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы «Жыл балабақшасы», М. Сиранов атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Іңкәр Бақтыгерей «Жыл оқушысы» номинациясының иегері атанды.

 Сондай-ақ Қ. Абаханов атындағы орта мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі Қылышбай Өтегенов, Есбол орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Динара Избасарова, «Ботақан» бөбекжай-бақшасының әдіскері Сезім Альмуханова, М. Әуезов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Еркін Демеуов, «Балапан» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Амангүл Жұмағалиева, «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының әдіскері Райхан Аяпбергенова, Есбол орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Сағыныш Оразбай, М. Мөңкеұлы атындағы орта мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Райхан Анесова мен Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің логопед маманы Гүлжанат Әмірғалиева аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

 Бөлім басшысы жаңа оқу жылының қарсаңында Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Жайнагүл Қарашулаковаға, Қ. Абаханов атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі Сандуғаш Зинуллинаға, Жамбыл атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Арайлым Убишеваға, М. Мөңкеұлы атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гаухар Наурызғалиеваға, «Гүлдәурен» бөбекжай-бақшасының психологі Гүлназ Үсеноваға, Ә. Кекілбайұлы атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімі Мейрамгүл Рсмағанбетоваға аудандық білім бөлімінің Алғыс хатын табыстады.

 Цифрландыру және жасанды интеллект жылы білім беру саласына жаңа мүмкіндіктер мен жауапкершілік жүктейді. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, технологияны мақсат емес, білім сапасын арттырудың құралы ретінде қолдану маңызды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында өткен аудандық Тамыз кеңесінің негізгі мақсаты да осы. Білім саласындағы әр бастама нақты нәтижеге, білім алушының игілігіне бағытталсын демекпіз.

 Ж.Нариманова

Суреттер автордікі.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT