Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойып, елдің интеллектуалдық болашағына бағытталған маңызды қадам жасады. Бұл – халқымыздың тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, кітапты білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды зияткерлік-ағартушылық бастама.
Осы бастаманы Өрлік ауылының 1989 жылғы мектеп бітіруші түлектері де қолдап, ауылдағы орталық алаңға кітап мүсінінің ескерткішін орнатты.
Ескерткіштің ашылу салтанатында ауыл әкімі Мұратбек Қаженов түлектерге ризашылығын білдіріп, аудандық мәслихат депутаты Мұрат Ильясовпен бірге лентасын қиды.
– Бүгінгі таңда ақпаратты әлеуметтік желіден көріп отырғанымызбен, кітап оқу арқылы терең ойланып, шешендік дағдымыз қалыптасатыны белгілі. Осыған орай биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай ауыл түлектері атынан кітаптың мүсінін орнату туралы бастама көтеріп, сол игі ісіміз орындалды. Сол арқылы жастарымыздың кітап оқу мәдениетіне үлес қоса аламыз деп ойлаймыз.
Ауыл тұрғындары да батасын беріп жатыр, - дейді Қ.Абаханов атындағы орта мектептің 1989 жылғы түлектері.
Шара түлектердің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, ауыл тұрғындары түлектерге халықтың рухани дамуына қосқан үлестері үшін алғыстарын білдірді.
Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ,
Өрлік ауылы



