КИІЗ ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

МАХАМБЕТ ӨТЕМІСҰЛЫНЫҢ МӘҢГІЛІК МЕКЕНІ – ҚАРАОЙДА ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА ЖАСАЛҒАН ЖАҢА ТЕМІР КИІЗ ҮЙДІ ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ.


Махамбет Өтемісұлының мазары басында бұған дейін де темірден жасалған киіз үй болған. Қырық жылдан астам уақыт бойы пайдаланылған бұл нысан ақын бабамызға арналған түрлі мәдени ша¬ралар кезінде шағын музей ретінде қызмет етіп, зиярат етушілер мен жолаушыларға қажетті орын ретінде пайдаланылып келді.
Алайда ұзақ жылдар бойы табиғаттың түрлі әсеріне ұшырап, әбден тозған нысанды жаңарту қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты ескі киіз үй алынып, оның орнына заман талабына сай жаңа нысан бой көтеруде.
Жаңа киіз үй де темірден жасалып, сыртқы келбеті ұлттық нақышта безендірілмек. Жобаға сәйкес, оның ішіне жолаушылар мен зиярат етушілердің тынығып отыруына арналған орындықтар қойылады. Со¬нымен қатар нысанның айналасы қоршалып, аумақтың көркейтілуіне де көңіл бөлінбек.
– Бұл игі істі атыраулық «NJ GROUP» мердігер компаниясы атқарып жатыр. Жұмысты бүгін бастадық. Бұйырса, құрылысын қараша айының ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи-мәдени қорықтың директоры Жамбыл Дауталиев.
Айта кетейік, Қараойдағы Махамбет мазары – ел тарихы мен ұлт руханияты үшін маңызы зор қасиетті орындардың бірі. Сондықтан мұндағы инфрақұрылымды жаңарту, келушілерге қолайлы жағдай жасаудың жөні бар.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT