Жасаған жақсылығын жария қылмай, игі істер атқаратын азаматтар қаншама?! Олардың қайырымды істері көпке үлгі. «Маған әркез халықтың алғысы күш береді» деп айтатын есболдық Гүлшара Мәнжанқызы жетекшілік ететін «Мейірім» еріктілер тобы сол жақсылықтың әркез жанында жүреді. Олар шағын ғана ауылда қайырымдылық шараларды ұйымдастырып, егде жастағы адамдарға қолғабыс етіп жүр.
Алғашында ауылдағы жағдайы жоқ жалғызбасты келіншекке үйі болмағасын ауыл белсенділері болып бастама көтеріп, халықтың жинаған ақшасына үй алып береді. Сол кезден бастап «Мейірім» еріктілер тобы құрылған екен. Топтың құрамында Альфия Берікова, Гүлпара Нұрмұханова, Назгүл Мұқанова, Айгүл Серікова, Салтанат Калидуллина, Лаура Әлішерқызы, Әсел Қазғалиева, Жайдарман Газезова, Илмира Бірлікова, Жадыра Нығметова, Мадина Тұрсынбаева, Зарина Сагындықова бар. Бірі ауыл жастарын қайырымдылыққа шақырса, бірі демеушілерді табады, енді бірі өз көліктерімен көмектеседі.
Жақсылыққа жаны құмар жандардың бастамасымен кішкентай ауыл тұрғынына Ташкентке емделуіне қаражат жиналып, көмек берілген. Алғыс айту, 8 наурыз, Рамазан айы, Құрбан айт, Ораза айт, қарттар күніне орай әркез қайырымдылық шараларын жүзеге асырып келеді және жариясыз қайырымдылық істері де баршылық.
– Тек отбасының ғана емес, өзгенің қуанышын көру, алғысын алу біз үшін үлкен бақыт. Жыл өткен сайын еріктілікке деген көзқарас өзгеріп, жалғызға демеу болатын азаматтар қатары артып келеді. еріктілердің қызметі ақысыз, көмегі риясыз. Топтағы жастар тек көмектесіп қана қоймай, уақытын еріктілікке арнау арқылы тұлғалық дамып келеді. Бұның барлығы да «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» қазағымыздың бойында бар қасиет деп білемін. Елдің алғысына жетері жоқ. лайым сол қуаныштаған айырмағай, - дейді топ жетекшісі Гүлшара Мәнжанқызы.
Иә, ежелден ағайын-туыс, көрші-қолаңның шаруасына көмек қолын созып, жетімге пана, әлсізге қамқор болуды парызым деп санайтын халқымыз «Жақсылық еккен алғыс орады» дейді.
Жадыра НАРИМАНОВА



