Индер ауданында Қазақстан Республикасының Жаңа Конституциясы аясындағы конституциялық шешімдер мен құқықтық реформаларды түсіндіру және талқылау мақсатында маңызды жиын өтті. Кездесуге Қазақстан Республикасы аясындағы жаңашыл бастамаларды қолдау бағытында Ақсақалдар,Аналар кеңесі төрағалары мен кеңес мүшелері қатысты.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Атырау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы К. Қосыбаев, Адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің Атырау облысы бойынша өкілі А. Абдолов және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б. Құнас өз ой-пікірлерін білдірді. Олар Конституция аясындағы құқықтық реформалардың маңызына тоқталып, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық келісімді сақтау бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.
Шараның негізгі мақсаты – тұрғындарға жаңа конституциялық шешімдердің мән-маңызын түсіндіру, құқықтық сауаттылықты арттыру және халықпен ашық диалог орнату болды. Жиынға аудан тұрғындары, аналар кеңесінің мүшелері, ақсақалдар, бөлім және мекеме басшылары қатысты. Кездесу барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мамандар тарапынан нақты жауаптар берілді. Ашық форматта өткен басқосу өзара пікір алмасуға және қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Дендер Ақпарат



