Қауіпсіз балалық шақтың кепілі

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі 2026 жылды «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» жылы деп жариялады. Осы бастама аясында балалардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған ұйымдастырушылық және алдын алу шараларының кешені іске асырылуда. Мемлекет басшысының Жолдауларында «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғам өмірінің барлық саласына енгізуге, сондай-ақ ана мен баланы қорғау шараларын күшейтуге ерекше назар аударылған.  


Осыған орай ауданда аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен «Заң  мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі» атты форум өтті. Мақсат – білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу. 
Алдымен аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Нариман Ешманов шараның маңыздылығына тоқтала келе, «Президентіміз айтқан «Заң мен тәртіп» идеологиясының басты мақсаты – тәртіппен жүру, қауіпсіз орта қалыптастыру.  Сондықтан жасөспірім шақтан құқық бұзушылыққа жол бермеу қажет» деді. 
Аудандық полиция бөлімінің бастығы,  полиция полковнигі Нұрлыбек Ахметов атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
–  Қауіпсіздік бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес,  қоғамның ортақ жауапкершілігі. Баланың өмірі мен денсаулығын қорғау, құқықтық қамтамасыз ету  – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда полиция бөлімінің тарапынан кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жұмыстар жиі  жүргізілуде. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстар, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Әсіресе түнгі уақытта балалардың заңды өкілінсіз жүріп-тұруының алдын алу – басты назарда. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бір күндік шара емес. Мектеп инспекторлары білім беру ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. 
Жасөспірімдерге алаяқтықтан сақ болып, оңай ақша табамын деп есірткі қылмысымен айналысудан сақ болу қажеттігін баса айтқым келеді, - деді.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева білім беру ұйымдарындағы атқарылған жұмыстарды айта келе, форум жұмысына сәттілік тіледі.
– Сіздерге қауіпсіз орта жасап, құқықтық сауаттылықтарыңызды арттыру мақсатында осы шара ұйымдастырылып отыр. Білім беру ұйымдарында 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы  қабылданды. 2023 жылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы, 2025 жылғы қыркүйек айынан бастап «Адал азамат» тәрбие бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оқушылар мен ата-аналардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық жұмыстар мектептерде үздіксіз жүргізілуде. Осының барлығы сіздер керекті мағлұматты алсын, қауіпсіз болсын, өз құқығын қорғауды білсін деген мақсатта айтылып отыр. Сіздер елдің болашағы ретінде құқықтық мәдениетті білуіңіз керек, - деді бөлім басшысы.
Аудандық аурухананың басшысы Анаргүл Доспаева жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік жағдайының үлкен мәселеге айналып отырғанын жеткізді. 
– Қазақстанда белең алған мәселе – ерте жүктілік. 2025 жылы Индер ауданы – облыс бойынша ерте жүктіліктен бірінші орында. 2025 жылы 9 жағдай, биылғы екі айда 1 ерте жүктілік жағдайы тіркелді. Жалпы жүктілік 15-17 жас аралығындағы қыз балалар болып отыр. 8 жағдайға тоқталар болсам, мектеп қабырғасын 9 сыныпты бітіріп кетіп, колледжге оқуға  түсіп, есепке тұрып отыр. Ал біреуі – аудан мектебінің оқушысы. 
Ерте жүктілік көп жағдайда үзіледі. Ерте жүктілікке тап болған қыз балалар бозбаламен тұрмыс құрып отырған жоқ. Барлығы 21-28  жас аралығындағы ер азаматтармен тұрмыс құрып отыр. Саналы,  еңбек ететін, ақшалы ер азаматтар қыз балаларды  неше түрлі сыйақымен, машинамен алып жүріп, алданып, қыз балалар өз қауіпсіздігін сақтамағандығынан осы жағдай орын алып отыр. Қазір скринингтік байқауда акушер-гинеколог маман жоқ. 18 жасқа дейін ата-анамен бірге келіп қараласыздар. Аудандық білім бөлімімен бірлесе, ата-аналарыңыздан қыз балаларды акушер-гинекологтың тексерісінен өту жөнінде келісім аламыз. 
Ер азаматтар жасөспірім қыз балаға мүлдем тиіспеушілік заңын сақтау керексіздер. Бұл – заңмен қатаң жазаланатын жайт. Әрі аудандағы күрделі мәселе. 
Сонымен қатар әр қыз бала өз қауіпсіздігін қорғау бағытында  адам папилломасына қарсы екпе алу қажет. Бүгінде 936 қыз бала жоспарланса, 41 пайызы ғана екпе алды, - деді.
Форум аясында спикерлер аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анаргүл Дюсубалиева, аудандық Отбасын қолдау орталығының психолог маманы Гүлжайна Жүсіпова, аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсел Қайыржанова тақырыптық баяндамаларын оқыды. 
Білім беру ұйымдарының мектеп оқушылары арасындағы «Бала қауіпсіздігі» тақырыбында түсірілген бейнероликтер көрсетіліп, арнайы қазылар алқасы үздіктерді анықтады. 
Нәтижесінде Қ.Абаханов атындағы орта мектеп І орынды жеңіп алса, М.Әуезов пен Махамбет атындағы орта мектеп жүлделі орындарға ие болды. 
Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарды аудандық полиция бөлімінің бастығы,  полиция полковнигі Нұрлыбек Ахметов арнайы құттықтап, диплом мен естелік сый табыс етті. 
Форум аясында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Жандос Байгуттиев, Ануар Маратов әсем әннен шашу шашты. 

Жадыра НАРИМАНОВА, 
суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

ЖАҚСЫ КІТАП - ЖАН АЗЫҒЫ

AQPARATPRINT