ӨНЕР ДЕГЕНДЕ ІШКЕН АСЫН ЖЕРГЕ ҚОЯР ЖАНДАР БАР. СОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ӨЗІМІЗ КҮНДЕ КӨРІП, ӨНЕР ТУРАСЫНДА ПІКІР АЛМАСЫП ЖҮРГЕН НЫСАНОВ СЕРІК ҚАРТМАМБЕТҰЛЫ ДА БАР.
Кезекті бір әңгімелесу сәтінде өзінің өмір жолы туралы:
– Мен 1983 жылы 27 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданына қарасты талай дүлдүлдер түлеп ұшқан Қарауылтөбе ауылында дүниеге келдім. 2000-2004 жылдары аралығында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы колледжін домбыра мамандығы бойынша тәмамдадым. Кейін 2009-2011 жылдар аралығында баһадүр батыр, дауылпаз ақын Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Дәстүрлі музыкалық өнер» мамандығы бойынша бітіріп шықтым.
Ал Индер ауданына 2005 жылы келіп, 2018 жылға дейін аудандық өнер мектебінде домбыра класының мұғалімі қызметіне орналастым,-деді бізбен әңгімесінде.
Белгілі өнертанушы Қалдыбай Тілегеновтей дүлдүл негізін қалап кеткен мектеп ұжымы жаңадан оқу бітіріп келген жас маманды жатсынбай алғашқы еңбек жолы басталып кетті. Белгілі өнерпаз Ералы Сахиповтай ағасы қолдау көрсетіп, педагогикалық кеңестің шешімі негізінде директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып қызметке бекітілген.
Жауапкершілігі жоғары болып табылатын қызметтің өзіндік қиындығы бар. Оқу қабырғасында жұмыс істейтін мұғалімдер қауымының күнтізбелік жоспарының уақытында жасалуын қадағалаумен қатар олардың шығармашылық ізденістерін жетілдіріп отыру да өз алдына бір жұмыс. Сонымен қатар шәкірттердің сапалы білім алуына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өзі де осы жылдар арасында шәкірттер тәрбиелеп, облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып, жүлделі орындарға ие болған екен.
Айталық 2009 жылы ұйымдастырылған аудандық «Жас музыканттар» байқауына қатысқан оқушылары Б.Ишахат жүлделі ІІІ орынға ие болып, А.Жеңісов Алғыс хатпен марапатталды.
2011 жылы өткен аудандық «Жас музыканттар» байқауына қатысқан оқушылары Ә.Ералыұлы мен А.Жеңісов жүлделі тағы да ІІІ орынға ие болған. Аталған шәкірттері арнайы жолдамамен мәдениет пен өнер ордасы болып табылатын Алматы қаласында өткен республикалық «Жас дарын» байқауына қатысқан Б.Ишахат ІІІ орынға ие болып, А.Жеңісов лауреат атанған.
2011 жылы Түркістан қаласында өткен халықаралық «Тәуелсіздік тірегім- тәбәрігім» байқауына қатысқан Б.Ишахат дипломант атанды.
2012 жылы облыстық «Балдәурен-2012» балалар фестиваліне қатысқан өзі жетекшілік ететін домбырашылар дуэті (Б.Ишахат, А.Жеңісов) бас жүлдеге, Ә.Ералыұлы жүлделі ІІ орынға ие болды. Осы жылы өткен аудандық «Жас музыканттар» байқауына қатысқан оқушыларым Ә.Ералыұлы жүлделі ІІ орынға, А.Жеңісов ІІІ орынға ие болған.
Домбырашылар дуэті (Б.Ишахат, А.Жеңісов) 2012 жылы Алматы қаласында өткен Республикалық «Күн шуақ» байқауында І орынға ие болып арнайы дипломмен марапатталған. Бұл да болса ұстаз еңбегінің жемісі емес пе?
Ал 2016 жылы «Парасат» орденінің иегері, күйші Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 70 жыл толуына арналған «Қазақтың Қаршығасы» атты облыстық күйшілер байқауында Серік ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, мейманасы өскен.
– 2018 жылы күйші, композитор Шәміл Әбілтайдың 70 жылдығына арналған «Күй сардары» облыстық күйшілер байқауында бас жүлдемен марапатталдым. Келер жылы Қазақстан Республикасының Халық артисі, профессор Әзидолла Есқалиев атындағы Халықаралық «Алтын домбыра» күй байқауында I орынға ие болдым.
Осылайша 2020 жылы Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған жайым бар.
Кейде күйші менен орындаушыларды шатастырып алып жүргеніміз мені ойландырады. Күйші деп өзі күй шығарған адамдарды айтса, сол күйлерді орындаған адамдарды орындаушылар деп атайды. Бізге өз ұстаздарымыз осылай үйреткен болатын,-дейді ол өз сөзінде.
Облысқа белгілі домбырашы Есболай Нығыметовтың өзі де Серіктің орындау шеберлігіне дән риза болып, батасын бергеніне де куә болғанбыз. Әрі танымал кәсіпкер марқұм Мырзабек Тасыбаев талантты жігіттің өнерін жоғары бағалап, арнайы жасалған домбыраны сыйға тарту еткені де естен шығар ма? Бұл дегеніңіз дарынын бағалай білетін қазақтың қасиетті мінезінің бірі ғой.
Индербор кенті әкімінің арнайы өкіміне сай 2018 жылдың тамыз айынан бастап «Индер-Мәдениет» мемлекеттік қазыналық коммуналдық кәсіпорнының директоры қызметіне тағайындалуының өзі де тегіннен-тегін емес. Өйткені аталмыш өнер ұжымын басқару арқылы аудан мәдениетінің өсіп- өркендеуіне біркісідей атсалысып келеді.
«Талант дарын құдайдан, ердің бағы жұбайдан» демекші, азаматтың жары Айда Аманғалиқызы екеуі Шыңғыс, Еркежан, Райана, Хахназардай ұл қыз-тәрбиелеп өсірсе, Шыңғыс ұлы Анельдей келін әкеліп Аль-Сафи есімді немере сүйдіріп, шаңырақ шырайы арта түскен.
Өнер жолындағы өзіндік ізін қалыптастырып үлгерген Серік замандасқа алдағы уақытта да шығармашылық шалқар шабыт тілейміз!
С.КӨШЕКОВ



