МАХАМБЕТ МАЗАРЫНА КЕЛУШІЛЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ БАҒЫТЫНДА ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ НАВИГАЦИЯЛЫҚ БЕЛГІЛЕР ДЕ ЖАҢАРТЫЛУДА.
Бұрын Махамбет мазарына тау ішінен тікелей шығатын жолмен баруға тура келетін. Жол бойына бағыт-бағдар беруге таудың тастары тасталған болатын. Ал Индер -Қарабау автокөлік жолы пайдалануға берілгеннен кейін Қарабау бағытынан мазарға тікелей шығуға мүмкіндік жасалған.
Махамбет Өтемісұлы атындағы тарихи-мәдени қорықтың директоры Жамбыл Дауталиевтың айтуынша, аталмыш трассадан түскен тұста Махамбет мазарына апаратын жолдың картасы жаңадан орналастырылған. Сонымен қатар Кетебай ауылының кіреберісі мен шығаберісіне және жолдағы бұрылыстарға мазарды көрсететін бағыттаушы белгілер қойылған.

Сондай-ақ әр екі шақырым сайын орналасқан Махамбет жырлары жазылған сегіз билборд жаңартылып, бұрынғыдан 40 сантиметрге биіктетіліп орнатылған.
– Махамбет басына жолға шыққан жолаушылардың адаспай жетуі үшін бар жағдай жасалуда. Жарсуаттан Кетебайға тартылған электр желісінің бойымен жүретіндіктен, жолды бағдарлау да қиын емес, – дейді қорық директоры Жамбыл Меңдіғалиұлы.
Қаройдағы тарихи орынға келушілер санының артуы үшін мұндай инфрақұрылымдық жұмыстардың маңызы зор. Ендігі кезекте мазарға дейінгі жолдың асфальтталып, келушілерге бұдан да қолайлы жағдай жасалатын күн де алыс емес деген үміт бар.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ,
суреттер автордікі



