ҚАРАДАН ТУҒАН ХАНДАЙ ЕДІ...

«Ер үстiнде ұйықтамасаң,

Атқа мiнiп нең бар?!

Халық қамын ойламасаң,

Датқа болып нең бар?!» дейді халық даналығы. Қай кезеңде де ел ішінен суырылып шығып, халық қамы үшін қарекет қылған азаматтар болған. Солардың бірі ретінде әйгілі Шойтас бидің ұрпағы Досанов Қайыржан Досанұлы туралы ел жадында тұжырымды әңгімелер сақталған. Солардың бір парағын қаз қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.

«Қарадан туған хан еді» деген әдемі сөз бар. Ол әсте қара халықтың қалың орта­сынан шығып, біліктілігі мен білімділігі, зерделілігі мен тапқырлығы арқасында атқа мініп, абыройлы басшы болған, соңына жұртты ерте білген қадірменді кісілерге арналып айтылса керек.

1965 жылы наурыз айының ортасы бо­латын. Мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен Индер аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас аграном болып келді. А у ы л шаруашылығы басқармасының бастығы Оқас Нығметдинов, орынбасары Қайыржан Досанов екен. Ал мамандар өндірдей жа­стар, 26-30 жастың арасындағы жігіттер болдық. Әлі есімде, 1965 жылы 1 қаңтарға аудан бойынша бес және бір көкөніс сүт өндірістік кеңшары, мемлекеттік секторда 129 мың бас қой, 12300 бас сиыр, 11 мың бас жылқы, 1200 бас түйе, 1429 га суар­малы жер болды.

Біз, институттан кейін өндірісте істеп келген мамандар, кеңсе қағаздарын жа­зумен хабарымыз жоқтың қасы бола­тын. Ол кезде әр маманға өз саласы бой­ынша, әсіресе маусымдық жұмыстарға байланысты аудандық партия комитетінің бюросына, халық депутаттары атқару комитетінің мәжілісіне анықтамалар, қаулы, шешімдердің жобасын дайындау жүктелетін. Міне, осындай сан-салалы жұмыстарды атқару кезінде тәжірибе жеткілікті болмағандықтан дайындаған қаулы-қарарды бастықтарымызға көрсетіп, олардың сүзгісінен өткізіп, олар мақұлдағаннан кейін тиісті орындарға ұсынатынбыз. Бұл жағынан келгенде екі бастық та да өте сауатты, әрі сол кеңсе жұмысының қазанынан қайнап шыққан жан­дар болатын. Оқаң бұрын аудандық партия комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, хатшы болып жұмыс атқарған. Ал Қайрекең облыстық мал дайындау трестінде он екі жыл кадр жөніндегі орынбасары, бес жыл бастығы болып істеген. «Трестзаготскот» ол кезде мемлекеттік сектор, ұжымшарлардан, жеке сектордан етке мал қабылдап, мемле­кетке өткізетін болған.

Әдетте басқарманың ішкі жұмысымен Қайрекең айналысатын. Оқаң ылғи жи­налыстарда, облыс, шаруашылықтарда іссапарда болатын. Қайрекеңнің ой-жүйесі тез қабылдайтын, жазуға келгенде ба­сына келіп жатқан түйдек-түйдек ойын қолмен жазып үлгере алмайтын, жазуы ірі, анық болатын. Екі тілде де бірдей жа­затын, әсіресе орыс тілін жеріне жеткізе білетін, грамматикалық, емлелік қателерді жібермейтін. Біз, қазақ класын бітіргендер орысша дайындаған қаулының жобаларын міндетті түрде Қайрекеңе көрсететінбіз. Ол жобаны оқып отырып, келіспейтін жерінің астын сызып («әй, бала, мынау «Киргизом пахнет» деп) қайта жазатын, кейбір басшылардай бәлсініп, адамсып кейін қайтармайтын. Сенің жасың кіші, қарауымдағы адам деп менсінбейтін қылықтан аулақ, сені өзімен тең ұстайтын.

Мен бұл естелікте он жыл бірге істеп, бірге жүргенде, дастархандас, мәжілісте болғанда байқаған, көрген, ойға түйген оның жеке қадір-қасиетіне тоқталсам ба деп едім. Ол кісінің өмірінде тірі жанға иіліп-еңкеймеген мінезінің өзі неге тұрады. Қай жағынан алсаң да «қарадан шыққан хан» деуге әбден лайық арыстың бірі еді ғой. Нені айтса да, кімге айтса да, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарып, әділін айтып қарап тұратын турашылдығы қай ханыңның төрелігінен кем еді. Оның сөзі мәймөңкелеуден ада, кесекті сөз болатын.

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген ұлағатты сөзді ата-баба­ларымыз осы Қайрекең сияқты халықтың ішінен шыққан жаңсақ баспайтын, жаңылыс сөйлемейтін, сөзі уәлі, аузы дуалы, дініне берік адамдарға айтқан болуы керек. Оның үлкен демей, кіші демей, жұрттың бәріне көлеңкесін түсіріп, қолтығынан де­меп, арқасынан қағып, маңдайынан сипай­тын қамқорлығы, жан баласын жақын, жат деп алаламайтын мейірбандығы көңілден кетпейді. Алдында жүрсе – айқайшы, қасыңда жүрсе – қамқоршы, артыңда жүрсе – қорғаушы бола білген, жаны жайсаң, жүрегі дархан жан еді ғой. Кейбіреулер сияқты майда-шүйде күйкі пендешілікке бойын алдырып, аяғын шалдыра бермейтін мәрттігімен еріксіз тәнті ететін. Иіні кел­генде айту керек, біреудің артық сөзін ба­сынан асырмайтын адами тәкаппарлығы мен паңдығыы өзіне қандай жарасып тұрар еді. Ал басының азаматтық сағын сынды­рып, бағын байлайтын қылдай қиянатқа бармағанына ешкімде де ешқандай күмән жоқ деп ойлаймын.

Тектіден текті туады. Қайрекең қара суды қатықтай ұйытқан бекзат та, дег­дар, текті де киелі тұқымынан шыққан кісі. Қарт атасы Шойтас өз заманында ел тізгінін ұстап, ағайын мен ауыл-аймақты, бүкіл Қазақстанның Батыс өңірін аузына қаратқан айтулы би болған. Шойтас би екі жағы сал болып, өздігінен жүре алмаған, бірақ халқы оны аса ардақтап, келелі жиындарға, даулы мәселелердің әділдігін айтуға төрт жігіт кілемге салып көтеріп жүреді екен. Соның айғағы, ба­тыс өлкеден Ресейдің Думасына депу­тат ретінде қазақтардан кімдерді жіберу жөнінде мәселе қаралғанда көпшілік Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітірген айтулы заңгер Бағытжан Қаратаевты ұсынғанда Шойтас қарсы болып, жібертпей тастаған, оның айтқан уәжі:

— Б . Қаратаев білімді бола тұрсада, Думаға барғанда біздің, яғни қарахалықтың мүддесін қорғамайды, ол төре тұқымынан, иттің құйрығын қанша тартсаң да, қалыбына келеді, сондықтан ол өз табының сойылын соғады, — деген екен.

Бірақ Б.Қаратаев оған ренжімей, Шойтастың уәжіне өзінің ризашылығын білдірген. Артынан Бағытжан Қаратаевтың демократиялық бағыттағы игі істерін ескеріп, халық оны мемлекеттік Думаға депутат етіп сайлаған екен.

Ендеше, табиғат-ана сыйлаған атаның таза қаны, ананың ақ сүті Қайрекеңнің бойына неге дарымасын! Қазекең «қасиет жұғыс, ақыл ауыс» деген сөзді тегіннен- тегін айтпаған ғой . Қайрекең ескі әңгімелерді де айтып отыратын. Соның бірін келтіре кетейін. Осы өңірдің бірінде, оқыған зерделі Алпан Кенжалиев деген азаматы болған. Орынбордың генерал- губернаторы «Жайық өзенінің Азия бетіне (Индер, Махамбет ауданының жерлері округіне) правитель сайлауға кім бар, ол жөнінде мінездеме түсір» деп өзінің ба­тыс өлкесі жөніндегі кеңесшісіне айтқан екен. Сонда әлгі кеңесші Алпан Кенжалиевжөнінде мынадай мінездеме беріпті: «...На вид сердит, мало говорит, но очень дело­вит, это есть Алпан Кенжеалиев». Қалай айтқан балалар, осы күнгілер болса бір-екі бет жазар еді»,-деп отыратын.

Өзі де материалдар дайындағанда қысқа да нұсқа болуын қалайтын. Гурьевке ба­рып қайтып келе жатқанымызда кейде өз өмірінен хабардар етіп, жетім қалғанын, терең оқи алмағанын әңгімелейтін.

Сонда да елден кем қалған жоқсыз, қатарыңыздың алдысыз, түптеп келгенде ана сүті дарыған ғой, ол кімнен екенін білесіз ғой, – деп нағашы екенімізді білдіріп қалжыңдайтынмын. Иә, қу бала түсінемін, одан қашып қайда барамын деп күлетін. Мінезсіз еркек тісі жоқ арыстан сияқты. «Менмін» деген атан жілік атпан азаматқа мінезсіздіктің өзі оның үлкен міні деп есеп­тер едік. Қайрекең мінезді кісі еді. Алдына барған адамды «ә» дегенде бидайша қуырып алатындай көрінгенмен, алды ақ кешпе сияқты кең еді. Бір ықтырып-бұқтырып алуын алғанмен, артынша бұлттан шыққан күндей жарқырап, жадырап шыға келетін. «Жақсының ашуы шай орамал кепкенше» де­ген мақал бар емес пе? Бұл кісі бәзбіреулер сияқты артына зіл, кек сақтап жатпайтын, қайта «ондай-ондай ханның қызында да бо­лады» деп күліп отыратын.

Қайрекең о дүниелік болғанша жанұяда жеті бала бола тұрса да, Жұлдыз жеңгеміз жұмыс жасаған жоқ. Үйінен қонағы арыл­май, жетті-жетпеді дегенді білген жоқ, іссапарда болғанда ас-суға біз төлейік, Қайреке, бала-шағалысыз ғой десек, әуелі ағаларыңдікін ішіп алыңдар, арты­нан көрерсіңдер деп, үнемі өзі бастайтын. Қайрекең дүние-мүлікке, қомағайлыққа, дүниеқоңыздыққа бармаған, ары таза адам болды. Қайрекең кімге, қашан сәлем айтса, сол сәлемі артығымен орындала­тын, ондай бедел, ондай сенімділік кез кел­ген адамның пешенесіне жазылмаған. Ер азаматынан ерте айырылса да (48 жаста дүние салды) Жұлдыз жеңгеміз 6 ұлын, бір қызын өзі жұмыс жасай, қиыншылықты көре жүріп ел қатарына қосты. Үлкен ұлы Бағдаттан айрылғанымен калған бес ұлы – бес отау. Балаларының бірі де оңай- оспақ күш бұйрығын алды. «Орнында бар оңалар» деген осы. Балаларының барлығы да елге сыйлы, ел қатарлы азамат болып, Қайрекеңнің ізін жалғастыруда. Жеңгеміздің Қайрекең бардағыдай дастарханы жаюлы, ошағының түтінін түзу ұшырып, кеше ғана ортамызда алшаңдап жүрген аруақты ағаның шырақшысы болып отыр.

Халқымызда «Жақсы қартайса қарт, жаман қартайса қазымыр болады» деген тамаша мақал бар. Көңіл таразысы елең-алаңға ауытқымай, дүниеден қазы болып өткен сол Қайрекеңнің орны қазір үңірейіп тұр. Жауын жаумай, ай-күннің амалында үсті- басы малмандай су болып құты қашатын боркеміктердей дірілдеп емес, дүниеден дүрілдеп өткен сол Қайрекеңді сағынасың. Шіркін-ай, тірі болса, шыңға біткен шы­нардай, төрде төбедей болып отырар еді-ау, ақсақалдық дәмді әңгімелерімен айызыңды қандырып, іштегі шеріңді ашар еді-ау деп ойлаймын.

Қайрекем! Дүниеге бос келіп, бос кеткен жоқсың, ұрпағың ізіңді жалғастыра береді!

 

 

(Рухолла ӘБІЛҰЛЫ,

2004 жыл)

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT