КЕҢЕС ӨКІМЕТІ КЕЗІНДЕ МАЛШЫЛАРҒА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛІНІП, ҮГІТ БРИГАДАСЫ ЖОЛҒА ШЫҒЫП ТҰРАТЫН. ОНЫҢ ҚАТАРЫНДА КІТАПХАНАШЫ, ШАШТАРАЗ, ӘНШІГЕ ДЕЙІН БОЛАТЫН.
Әлі есімде, 1992-1997 жылдар аралығында сол кездегі Горы селолық (советіне) кеңесіне қарасты «Қостан» бөлімшесінде кітапханашы болып жұмыс атқардым. Амангелді совхозының малшыларын аралап, кітап, газет-журналдар таратамыз. Әсіресе жаңадан шыққан кітаптарды насихаттау жұмыстарын жүргіздім. Шыны керек, шопандардың оқуға деген ынтасы жоғары болды.
Кеңес өкіметі ыдырай бастаған 1996 жылы қыркүйек айында автоклуб меңгерушісі Е.Масатов, автоклуб жүргізушісі Ә.Сәулиев үшеуміз іссапарға малшыларды аралап қырға шыққанымызда Исламғали Амантурлин ағай мен Қапиза апайдың шаңырағында болдық. Өте қонақжай жандар еді. Қапиза апай:
– Мынау дайындаған құмаршығымыз, қызым, сен дәмін көр,-деп берді. Алғаш рет дәмін таттым. Оның үстіне қырдың қаймағына былғап жегенде секердей дәмді болады екен. Әлі күнге сол апайдың берген дәмі есімнен кетпейді. Соғыс кезінде ауыл халқын аштықтан құтқарған осы құмаршық екенін атам мен әжем Темірболат пен Батихадан талай естігенмін.
Жалпы Исламғали аға домбыра, баянда ойнап, қазақ әндерін орындаумен қатар көне жырларды айтатын шежіреші болса, Қапиза апа да кесте тігетін өнерлі жандар еді. Ұрпақ өсіріп, адал еңбек етіп өмірден өтті.
Бүгінде құмаршықты музейден ғана көретін болыппыз.
Жанаргүл ТЕМІРБОЛАТОВА,
Индербор кенті



