«ДЕНДЕР» ГАЗЕТІНДЕ ЖУРНАЛИСТІК САПАРЫН БАСТАП, КЕЙІН ИСАТАЙ АУДАНДЫҚ «НАРЫН ТАҢЫ», БАЛЫҚШЫ АУДАНДЫҚ «КАСПИЙ ТАҢЫ», ОБЛЫСТЫҚ «АР-ЧЕСТЬ» ГАЗЕТІНІҢ БАС РЕДАКТОРЫ БОЛҒАН, ҚАЗІРГІ ТАҢДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «САХАРА» ГАЗЕТІНІҢ БАС ДИРЕКТОР-РЕДАКТОРЫ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРАТЫН ЖЕРЛЕСІМІЗ ҚУАНДЫҚ БАТЫРОВ ТУҒАН ЖЕРІНЕ КЕЛДІ.
Топырағына тартып туған ұлды аудан әкімі Серік Нысанбаев 80 жасқа толуына орай арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.
– Атағы алысқа кеткен ауданға басшылық ету мен үшін үлкен бақыт деп санаймын. Осы жерде туып-өскен айтулы азаматтар туралы аудандық «Дендер» газеті мен түрлі кезеңдерде басылып шыққан энциклопедиялар арқылы танысып отырамын.
Облыс орталығында қызметте болғанда өзіңізбен бірқатар мәселелер бойынша аракідік кездесіп, пікір алмасып жүрдік. Өзіңіз жетекшілік ететін басылымда көтерілген мәселелерге назар аударып отыратын сәттер жиі орын алушы еді. Ағалық ақылыңызды айтып, өз іс-тәжірибеңізбен бөлісіп отырасыз. Сол үшін де сізге алғыс айтамын, - деген аудан басшысы мерейгерге құттықтау хат табыс етіп, иығына шапан жапты.
«Қазақ журналистикасының қайраткері» Кеңес Сахи, аудандық «Дендер» газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Сүйеу Халықов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бағытжан Құнас құттықтау сөз сөйлеп, өнегелі өмір жолында өзіндік өрнегін қалыптастыра білген қаламгерге ұзақ ғұмыр тіледі.
Мерейгер Қуандық Батыров жылы қабылдау үшін аудан басшысына алғыс айта отырып, журналист Сүйеу Халықовтың өзі туралы дайындаған «Журналистік жылдар жаңғырығы» атты кітабын тарту етті.



С.КӨШЕКОВ



