Қайсағалиға ауыз су жетпек

Есбол ауылдық округіне қарасты Қайсағали учаскесінде ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Шағын ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған бұл жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылуда.

Есбол ауылдық округінің әкімі Асхат Тілекқабылдың айтуынша, Қайсағалиға ауыз су желісін тарту жұмыстарына аудандық мәслихат депутаты, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау өндірістік филиалы Индер газ шаруашылығының директоры Елдос Құлғалиев демеушілік жасап отыр.

- Бұл небәрі жеті тұрғын үй орналасқан шағын ауыл болғандықтан, инфрақұрылым игіліктерінен біраз уақыт қалыс қалып келді. Сондықтан бірқатар мәселені демеушілік қолдау арқылы шешуге тура келіп отыр.

Осы орайда ауыл тұрғындарының өтінішін ескеріп, ауыз су желісін тартуды қолға алған болатынмын.  Бұл істі өткен аптаның дүйсенбісінен бастадық. Сәтін салса, жұмысты 1 қарашаға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, - дейді Елдос Сағидоллаұлы сөзге тартқанымызда.

Қайсағали тұрғындары үшін бұл  соңғы жылдары қолға алынған алғашқы игілік іс емес. Бұған дейін тұрғындар аудандық және округтік жиындарда елді мекенге табиғи газ жеткізу мәселесін бірнеше рет көтеріп жүрген  болатын. Тұрғындардың өтініші назардан тыс қалмай, осыдан үш жыл бұрын демеушілік қаражат есебінен Қайсағали учаскесіне жалпы ұзындығы 3,6 шақырым болатын газ желісі тартылды. Нәтижесінде шағын ауыл тұрғындары көгілдір отын игілігіне қол жеткізді.

Округ әкімі Асхат Тілекқабылдың айтуынша, газ желісін тартуға қажетті материалдарды алуға аудандық мәслихат хатшысы Абзал Рамазанов пен бірқатар кәсіпкер қолдау көрсеткен. Ал газ құбырын тарту жұмысына аудандық мәслихат депутаты Елдос Құлғалиев демеушілік жасаған.

Енді міне, Қайсағали учаскесіне жалпы ұзындығы 3 шақырым болатын су құбыры желісі тартылып, ауыз су жеткізу жұмысы қолға алынды. Қуантарлығы, шағын ауылдың сұранысын ескеріп, демеушілік арқылы нақты мәселелердің шешімін табуы - елді мекен тұрғындары үшін үлкен қолдау. Ең бастысы, қолға алынған жұмыс сапалы аяқталып, Қайсағали тұрғындары ауыз судың игілігін көрсе деген тілек бар.

С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT