“Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары»- деп дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Туған өлкеміздің жасыл мекенге айналуы үшін барлығымыздың да үлес қосқанымыз перзенттік парыз емес пе?! Осы ретте «Жасыл ел» бағдарламасы осындай мақсатта құрылып, жыл сайын жастарды маусымдық жұмыспен қамтып, жастар арасында экологиялық тәрбиені насихаттап келеді. Жұма күні ауданда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ашылу салтанаты өтті.
«Жасыл ел» бағдарламасы – жаз уақытында жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, қоғамның жасыл желекке айналуына өз үлестерін қосып, мерзімдік жұмысқа орналасуына таптырмас мүмкіндік.
Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Артур Мурзин сарбаздардың жұмысына сәттілік тілеп, мемлекет басшысы жариялаған «Таза Қазақстан» бастамасының мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға және жастар туған өлкеміздің гүлденуіне өзіндік үлес қосып, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу арқылы ауданымыздың көркеюіне белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.
Одан соң аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Анаргүл Бақтығалиқызы екеуі сарбаздар Әбілмансұр Салаватұлы мен Бейбарыс Сайынға «Жасыл ел» туын табыстады. Сарбаздар ант беріп, “Жасыл ел” еңбек жасағының әнұранын орындады.
Жиын барысында аудандық “Мансап орталығының” маманы Зере Губайдуллина еңбек етіп жүрген жастарға сәттілік тілесе, учаскелік полиция инспекторы Серік Құлшарипов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Асылбек Ертүгелов қоғамдық тәртіп, су, өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді.
Шара соңында сарбаз Еділ Оңғар өз шығармашылығынан өлең оқыса, “Индер-Мәдениет” үйінің әншілері Жандос Байгуттиев пен Ануар Маратов әсем әннен шашу шашты.
Ендеше, «Жас келсе, іске» демекші, еңбек етіп, ата-анасына қолғабыс болып, қаражат табуды үйреніп жүрген жастарға сәттілік тілейміз.





Жадыра НАРИМАНОВА,
суреттер автордікі



