Индерде құрылыс жұмыстары қарқынды

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ МЕН ЗАМАНАУИ БЕЙНЕСІН АЙШЫҚТАП ТҰРҒАН ЕҢБЕКТІҢ БІРІ – ҚҰРЫЛЫС. АЛ БҰЛ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ҮШІН ӘР КІРПІШ ПЕН ӘРБІР ҚҰЙЫЛҒАН БЕТОН – ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫНА ҚАЛДЫРҒАН ІЗ, АЛ АЯҚТАЛҒАН ЖОБА – ХАЛЫҚҚА БЕРІЛГЕН СЕНІМДІ ҚЫЗМЕТ.

ИӘ, ЕЛІМІЗДЕ ТАМЫЗ АЙЫНЫҢ ЕКІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ АТАП ӨТІЛЕДІ. ОСЫ РЕТТЕ БІЗ ҚҰРЫШ ҚОЛДЫ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА АУДАНДАҒЫ ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ ІЛКІМДІ ІСТЕР МЕН КЕЗЕГІН КҮТКЕН ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАЙЫНДА АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ІЛИЯСОВ ДАРЫН ІЛИЯСҰЛЫМЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСҚАН ЕДІК. 

 

– Дарын Ілиясұлы, алдымен келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Жалпы жыл өткен сайын ауданда тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Осы орайда аудан көлемінде қандай құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтсеңіз...

– Аудан бойынша бүгінде құрылыс бөлімінің тапсырысымен барлығы 5 жобаның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2026 жылдан бастап жаңадан 1 жобаның құрылысы басталды. Сонымен қатар Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы  басқармасының тапсырысымен 3 нысанның құрылысы  жүргізілуде. Бүгінгі күнде құрылыс жұмыстары барысында проблемалық – яғни мерзімінде аяқталмай қалған жобаларда бар. Олар: Индербор кентінен 5 қабатты 80 пәтерлік №8.1 поз. тұрғын үй, Индербор кенті Көктем шағын ауданы 4 қабатты 48 пәтерлік тұрғын үйлердің алдын абаттандыру, М.Әуезов, «Көктем» қазақ орта мектептерінің ауласынан спорт алаңы. Бұл жобалар бойынша құрылыс жұмыстарының мерзімі аяқталғаннан кейін сот процестері жүргізіліп, қажетті шаралары алынды. Оның ішінде жосықсыз қатысушы деп танылған және келісімшарт бұзылған мердігер мекемелер бар.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған тапсырмаларын орындау бағытында Елтай, Бөдене ауылдарынан және Индербор кентінен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ал Көктоғай ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгінге Жарсуат ауылы, Махамбет орта мектебінің ауласынан спорт алаңының құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердігер мекеме анықталып, келісімшарт жасақталып, құрылыс жұмыстары басталды.

 

– Ауданымызда көптің  талқысына түсіп жүрген сақалды құрылыстардың бары жасырын емес. Олар пайдалануға қашан беріледі?

– Иә, құрылыс нысандарының кейбірі белгіленген уақытта пайдалануға берілсе, енді кейбірі мерзімінен кешігуде. Олар  – кенттегі оңалту орталығы, 8.1 позициялы 80 пәтерлік тұрғын үй, Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп, Болашақ мөлтек ауданындағы 300 орындық мектеп пен 200 орындық жатақхана және  Елтай ауылындағы демалыс саябағы. Индербор кентіндегі Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан ескі емхана ғимаратына 2021 жылы оңалту орталығына айналдыру үшін күрделі жөндеу жұмыстары басталған еді. «SCS инжиниринг» ЖШС мердігерлігімен басталған ғимаратты 7 ай мерзім ішінде күрделі жөндеу жұмысын толығымен аяқтап, тиісті құжаттарды тапсыру міндеттелген болатын. Алайда, жұмыс барысы мардымсыз болуына орай, олқылықтарды толықтыру мақсатында іс сотқа жіберілді. Ал,  мердігер мекеме «Оңдасын Строй» ЖШС салып жатқан 8.1 позициялы үйдің тиісті жұмыстары уақытылы жасалмағандықтан іс сотқа берілді. Сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мердігермен келісімшарт бұзылды. Қазіргі таңда тұрғын үйге техникалық зерделеу жүргізуге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс жариялауға құжаттары жинақталуда. Техникалық зерделеудің қорытындысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар округтерге келер болсақ, Есбол ауылындағы 320 орындық мектеп құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталып, жауапты мекеме «Оңдасын Строй» ЖШС еді. Мердігер келісім-шарт міндеттемелерін мерзімінде орындамауына байланысты жосықсыз деп  танылып, келісімшарт бұзылды. Нысанға техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құрылыс жұмыстарына қайта конкурс жарияланды. Конкурс қорытындысымен «САЛА» ЖШС ретінде жеңімпаз анықталып, жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізілді. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толық аяқталды.

Ал, Елтай ауылындағы демалыс саябағын күрделі жөндеуден өткізу бойынша      2022  жылдың  17 тамызында мердігер мекеме «ГрадСтройСервис» ЖШС-мен келісім-шарт жасақталған болатын. Алайда, жұмыстар уақытылы аяқталмауына байланысты іс сотқа жолданды. Сот шешімімен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылып, мердігермен келісімшарт бұзылды.

Индербор кенті, Болашақ мөлтек ауданындағы 300 орындық мектеп 200 орындық интернат құрылысын жүргізуге мердігер мекеме «Нуркапстройгаз» ЖШС-мен келісімшарт жасақталып, құрылыс жұмыстары  2022 жылы басталды. Алайда мердігер мекеме күні бүгінге дейін құрылыс жұмыстарын мардымсыз, баяу жүргізуде. Бекітілген өндірістік кестесінен неғұрлым қалыс қалуда. Осыған орай, Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына тұрақсыздық айыбын өндіруді және мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап-арыз жолданып, сот процестері жалғасуда. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасын табуда.

– Құрылысы басталған нысандардың жұмысына қаншалықты талапқа сай бақылау жүруде?

– Құрылысы жүріп жатқан барлық нысанның сапасы жан-жақты бақылауда. Жалпы жобалық-сметалық құжаттама жасау барысында сараптама жасалады. Сол бойынша арнайы құрылыс жұмысы басталғаннан кейін әр нысанға техникалық қызмет көрсету бойынша тапсырыс беруші мекеме мен келісімшарт жасақтау арқылы жүргізіледі. Сондықтан техникалық  және авторлық қадағалаушы құрылыстың егжей-тегжейлі жұмыстарын  бақылауда ұстайды.  Бұдан өзге, жергілікті деңгейдегі басшылар мен депутаттар да әркез тексеріп отырады.

– Елімізде құрылыс нысандарын салу барысында отандық өнімдерді қолдану міндеті енгізілді. Соған сәйкес ауданда жүргізіліп жатқан түрлі маңызды құрылыстарға отандық өнімдер қаншалықты қолданылып жүр?

– Әрине, әр жобаны іске асыру барысында, міндетті түрде, өзіміздің қазақстандық құрылыс материалдарын қолдануға басымдық береміз. Құрылыс жұмыстарына қажетті өнімдердің 80-90 пайызы  өзімізден шығады. Атап айтар болсам, кірпіш тасты Алматы, Өскемен қалаларынан, іш сылақ жұмыстарына қажетті тауарлар Ақтау қаласынан  алынады. Сонымен қатар, соңғы кездері шебін, тас карьерлері, темір бетон бұйымдары, қиыршық тас, пластик терезелер, цемент секілді басқа да өнімдер елімізден өндіріліп, құрылыста жиі қолданылады.

Оның ішінде өзімізден, яғни кентте орналасқан кәсіпорындардан өндірілетін өнімдер де бар.

– Қазіргі уақытта қанша жобаның құжаты жасақталып, қаржыландыруды қажет етуде?

– Қазіргі таңда 5 жобаның, атап айтқанда Атырау облысы, Индер ауданы, Индербор кенті Көктем шағын ауданы 11 учаскеден 3 қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы, Атырау облысы, Индер ауданы, Есбол ауылындағы Жамбыл орта мектебінің ауласынан спорт алаңының құрылысы, Атырау облысы, Индер ауданы, Құрылыс ауылындағы М.Мөңкеұлы орта мектебінің ауласынан спорт алаңының құрылысы, Индербор кентіндегі          2 автокөлікке арналған гараж құрылысы, Атырау облысы, Индер ауданы Индербор кентінен сот ғимаратының құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс жұмыстарына қаржы сұрату мақсатында Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы  басқармасына бюджеттік өтінім дайындалуда.

Индербор кенті Көктем шағын ауданынан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама жасақтау үшін «МастИнжПроект» ЖСШ жеңімпаз атанып, келісімшарт жасақталып, жоба дайындалуда.

Сонымен қатар Индербор кентіндегі колледждің ауласына спорт және автодром алаңының жобалау-сметалық құжаттамасын, Индербор кентіне бассейн құрылысының және Индербор кентіндегі бөгетті жағалау аймағына айналдыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамасын демеушілік арқылы жүргізу үшін  меморандум жасақталуда. 

– Сапаға қазір сын жиі айтылады. Осы орайда құрылыс алаңына жауапсыз мердігерлерді жібермеу үшін құзырлы орган ретінде бөлім тарапынан қандай қадамдар жасалды?

Құрылыс саласындағы басты талап – сапа мен жауапкершілік. Сондықтан бөлім тарапынан мердігерлердің жұмысына қойылатын бақылау күшейтілді. Құрылыс барысында техникалық қадағалау тұрақты жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша мердігерлерге оларды қысқа мерзімде жою міндеттеледі. Шарт талаптарын бұзған немесе жұмысты сапасыз орындаған мердігерлерге заңнама аясында тиісті шаралар қабылданып, қажет болған жағдайда олармен жасалған келісімшарттар бұзылып, жауапкершілікке тартылады. Біздің мақсат – құрылыс нысандарының сапасын қамтамасыз етіп, тұрғындарға қауіпсіз әрі сапалы инфрақұрылым ұсыну.

 

– Әлеуметтік нысандардан бөлек, тұрғын үй құрылысы сұраныс жоғары болар?

            Жалпы алғанда, кент орталығы мен ауылдық елді мекендерде тұрғын үй құрылысына сұраныс халық санының өсуіне байланысты тұрақты деңгейде сақталады. Қажеттілікке қарай тұрғын үйлер, көппәтерлі тұрғын үйлер және инженерлік инфрақұрылым нысандары салынып жатыр.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – ауданның өзекті әлеуметтік мәселелерінің бірі. Аталған бағытта халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары 2026 жылы да жалғасын табады. Үстіміздегі жылы Көктоғай ауылынан – 4, Бөдене ауылынан – 12 және Аққала ауылынан – 4, барлығы 20 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Индербор кентіндегі 5 қабатты 80 пәтерлік тұрғын үйдің жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізілгеннен кейін құрылыс жұмыстарын аяқтап, халық игілігіне беру жоспарлануда.

– Әңгімеміздің түйінін көптің көкейінде жүрген «ауданымыздан құрылыс компаниясын ашуға болмай ма?» деген сауалымен түйіндесек.

– Негізінде құрылыс болсын, қайта жаңғырту, күрделі немесе жай жөндеу, олардың жобалау сметалық құжаттарын жасау, сараптамадан өткізу үшін мердігер мекемені анықтауға заң бойынша мемлекеттік конкурс өтеді. Ол конкурсқа еліміз бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсаты бар кез келген мекеме қатыса алады. Қай мекеменің құжаты дұрыс, төменгі баға береді, тәжірибесі көп болады соның барлығына балл беріледі. Осыған байланысты мердігер мекеме анықталады. Әрине, егер ауданның мердігер компаниясы болса 1 балл беріледі. Алайда, көбінесе олардың тәжірибесі жетпей жатады. Сол үшін біз мына жобаны немесе құрылысты осы мекеме жасайды деп айта алмаймыз.

Құрылыс компаниясын ашу мәселесіне келер болсақ, білікті әрі белсенді кәсіпкерлер өз ойын ұсынса, біз қолдаймыз.

Сөз соңында барша құрылысшыны, сала ардагерлерін кәсіби мерекемізбен құттықтаймын! Құрылыс саласы – өміріміздің күрделі  жүйесінің бірі. Сондықтан  құрылысшы мәртебелі мамандық. Даланы қалаға айналдыруда еңбек етіп жүрген  құрыш білекті құрылысшыларымыз аман болсын!

 

– Сұхбатыңызға рахмет!

Барша құрылысшыны кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз!

Сұхбаттасқан

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ

 

Соңғы жаңалықтар

Таза Қазақстан

AQPARATPRINT